Фармацевтикадағы өзекті мәселелер талқыланды

Ақмола медиа орталығында «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселелеріне қатысты брифинг өткізді.

«СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма директоры Ботагөз Жақселекованың айтуынша, елімізде дәрі-дәрмек жайлы толыққанды ақпарат беретін жаңа веб-сайт жұмыс істеуде. «KNF.KZ» сайты ақ халаттылардың жұмысын жеңілдетуге және науқастарға тез сауығып, аз шығындалуға мүмкіндік береді, яғни, дәрілердің тиімділігі туралы пікірлер мен әртүрлі ауруларды емдеу бойынша ұсыныстар жинақталған. Сондай-ақ, қымбат дәрі-дәрмекке балама боларлық арзан препараттың да бағасы көрсетілген. Халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін мекемелерге арналған сатып алу қорытындысы бойынша, вирус гепатиті, онкология, диабет, туберкулез, қан аурулары секілді әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрі-дәрмектер сатып алынады. Тендерлік комиссияның жұмысын Бірыңғай дистрибьютордың сайтынан бақылауға болады. Денсаулық сақтау саласындағы сатып алу рәсімі процесі барынша ашық болып өткізілуде. Алғаш рет тендерлік рәсімдерді өткізу «СК-Фармация» сайтында 2015 жылғы қазанда онлайн режимінде көрсетілді. Бұл тендер өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсаттары үшін жасалды. Барлық ниет білдіретін және мүдделі тұлғалар өз жұмыс орындарына отырып, конкурстың барысын бақылай алады. Барлық елдер жалған дәрі-дәрмектерді және оларды өндіруде кім тұрғанын және таратуды анықтау үшін олармен күрес бойынша көп күш-жігерін жұмсайды. Осындай жолдардың бірі барлық тауар өткізу тізбегінде қаптаманың қозғалысын бақылау арқылы дәрілік препараттың айқын тарихын: зауыттан пациентке препарат берілетін аурухана немесе дәріхана көрсетілмек. Осыған орай, «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дәрілік затты өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін қаптамаларды таңбалау мен сәйкестендіруді пайдалана отырып, қозғалыс мониторингінің автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу жөнінде жобаға бастамашылық етті. Сатып алушы «Халықтық бақылау» мобильді қосымшасының көмегімен препараттардың қозғалу барысы, жарамдылық мерзімі, өндіруші туралы ақпараты, айналымнан нақты сериясы қайтарылмаған ба және ең бастысы, препарат түпнұсқалы болып табылатыны, жанама әсері туралы біле алады. Қазақстанда жүйені бірнеше кезеңдермен енгізу жоспарлануда. «Біздің мақсат – Қазақстан азаматтарын дәрілік заттармен халықаралық стандартқа сай қамтамасыз ету, отандық тауар өндірушілерді қолдау. Сондай-ақ, инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Елімізде баламасы жоқ құралдарды өндіруші шетелдік компаниялармен тікелей қарым-қатынас орнатып, Бірыңғай дистрибьютор мен өндіруші арасында делдалдық қызметтерге жол бермеу үшін олармен тікелей келісімшарт жасаймыз. Бірыңғай дистрибуция жүйесін кешенді талдау бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Бірыңғай дистрибьютордың 2016-2019 жылдарға арналған даму стратегиясының жобасы әзірленді», – дейді «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырыс берушілермен жұмыс бойынша бас менеджері Қайрат Кемелов. Қазақстандағы өзекті мәселенің бірі – фармацевтика өндірісі. Елімізде тұтынылатын дәрі-дәрмектің 77 пайызы әлі сырттан әкелінуде. Осыдан 10 жыл бұрын ішкі нарықтағы отандық компаниялар шығаратын фармацевтикалық өнімдердің үлесі небәрі 5 пайыз еді. Бүгінде ол 23 пайызға жеткен. Осы мақсатқа жету үшін қазақстандық Бірыңғай дистрибьютор бірқатар трансұлттық фармацевтикалық компаниялармен меморандумды бекітті. Меморандум делдалдардың санын азайтып, мемлекеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазір елімізде дәрі-дәрмек және медициналық жабдықтар шығаратын 24 зауыт жұмыс істейді. Отандық дәрі-дәрмек нарығының көлемі 366 миллиард теңгеге жуық. «СК-Фармация» Бірыңғай дистрибьюторы 2015 жылы 18 миллиард теңгеге отандық препараттарды сатып алған.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс