Халықтық қолөнердің сиқыры

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы Елбасының мақаласын басшылыққа алып, жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесін өткізді. Ашық аспан астында ұйымдастырылған шараға қатысқандар киізден, теріден, жүннен жасалған дүниелерін көпшілікке ұсынды. Бұл жерде тоқыма бұйымдар, картиналар, тұрмыста қолданылатын заттар, әшекейлер келушілердің қызығушылығын тудырды. Шеберлер өз қолымен жасаған дүниелерін сатуға да мүмкіндік алды.

Руслан Ахмедов таза жүннен бір-екі өркешті түйелерді жасағанды жақсы көреді. Өзінің заттарын «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне де алып барыпты. Әсіресе, шетелдік туристердің қызығушылығы жоғары болып, бірнешеуін сатып алыпты. Русланның жасы 20-да. Қолөнермен айналысып жүргеніне жарты жыл ғана болыпты. Баулыған анасы екен. Рустам есімді жігіттің таза теріден жасаған заттары бірден өзіне тартады. Ол қайыстан белбеулер, әмияндар, ұялы телефон қалташаларын жасайды. Қажетті шикізатты Ресейден алдырады. Қолдан сабын жасайтын Елена Самсонова ойыншықтардың қалыбына салып, түрлі түске бояйды екен. Тіпті, жаңа оқу жылына арналған «1 қыркүйек» деген таңбалы бұйымы да қызығарлық. Доллар бейнеленген сабынды да сыйлыққа ұсынуға болады. Гүлнәр Орынбаева болса, түрлі-түсті киіз жіптен бас киімдер жасайды. Ал, Октябрина Егорова болса, қамыстан себеттер тоқиды. Оның заттарын тапсырыспен алып кетеді екен. Евгения Шемелинина табиғи тастарды түзіп, әшекей бұйымдарын жасаумен айналысады. Тастарды әр адамның жұлдыз жорамалына орай таңдайды. Біздің назарымызды өзіне ерекше аударған Людмила Безгачеваның заттары болды. Ол крейзи, фелтинг техникасын пайдаланып, жібек пен трикотаж маталарды таңбалағанды жақсы көреді. Түрі мен түсі үйлесімдік тапқан жібек пен табиғи жүннің қосындысынан жасалған жамылғылар, мойын орағыштар өте нәзік, әрі үлбіреген әдемі-ақ. Елена Достурованың фанер ағаштан жасаған қобдишалары бірден көзге шалынды. Жақындап барып, жанынан кете алмай, байланып қалдық. Өйткені, әр қобдишасы әртүрлі, сырты әшекейленген. Әйел затына аса қажет. Ұсақ-түйек дүниелеріңді салып қоюға өте ыңғайлы.Табиғи жүннен әсем картиналар жасайтын Вера Фризен, қуыршақ тоқитын Анна Савицкая, киізден түрлі заттар басатын Балқадиша Шалғынбаева, Бибігүл Захай, әшекей бұйымдарын әрлейтін Татьяна Никулица, домбыра жасаудың шебері Шоқан Еламановтың дүниелеріне қызығушылық танытып, сол жерде тапсырыс беріп жатқандар табылды. Жалпы, бос уақытын өзінің сүйікті ісіне арнайтын жандар өзгелерді де шабыттандырғаны сөзсіз. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері өзінің қорындағы экспонаттарды да көрмеге қойды. Алдағы уақытта бұдан да қызықты шараларды ұйымдастыруды жоспарлап та қойыпты.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс