«Халық алғысы» медалін алған ең жас ерікті

Таныс болыңыздар. Омар Бекин – Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-ші сынып оқушысы. Белсенділігімен көзге түсіп жүрген еріктілер қозғалысының белді мүшесі. Жақында ғана «Халық алғысы» медалін иеленген еліміздегі ең жас ерікті. Алға қойған мақсаты үлкен. Болашақта терең білім алып, туған жеріне қызмет еткісі келеді. Елгезек жас біздің шақыртуымызбен редакцияға өзі келді. Кісіге жақын, мінезі ашық, ойын батыл айта алатын жасқа қарап, міне, біздің болашағымыз осындай болу керек деген ой түйдім.

IMG-20201019-WA0002Елімізде карантин жарияланған кезде Елбасының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы бастау алғаны белгілі. Бұл үндеуге Көкшетау қаласының еріктілері де үн қосты. Олар бірлесе жүріп, жалғызбасты қарияларға, тұрмысы төмен отбастарына азық-түлік пакеттерін үйлеріне апарып берді. Ата-анасының алаңдағанына қарамастан, Омар да қайырымдылық шарасына бел шеше кірісті. Бір өзі ғана 500-ден астам қорап таратты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» медаліне ұсынылған кезде бұл есімді жергілікті жердегі ұйымдастырушылар бірден қолдады. Омар үшін де, ата-анасы үшін де бұл тосын сый болғаны рас. Халық алғысына лайық жан болғанына бір жағынан қобалжыса, бір жағынан іштей толқыды. Себебі, өзін өзгелерден артық санамайды. Олардан асып кететіндей ештеңе жасаған жоқпын деп есептейді. Барлық жұмыстарды ерікті достарымен бірге атқарды. Ал, медальға ұсынылғанын басқалармен бірге еңбегінің бағаланғаны деп есептейді. Яғни, бұл бәріне бірдей берілген марапат. Осыдан-ақ, қайырымдылыққа құштар жастың қарапайымдылығын аңғаруға болады. Ата-анасы бастапқыда онша сене қоймапты. Содан кейін көздері анық жеткесін қуанышын жасыра алмапты. Қазір Омардың жасы 17-де. Екі жылдан бері еріктілер қатарында жүр. Әрі «Жас Отан» жастар қанатының қалалық бөлімшесінің жетекшісі. Уақытының көп бөлігін қайырымдылық жасауға жұмсайды. Оқуын да ақсатып жатқан жоқ. Сабағын кілең «4» пен «5»-ке оқиды. Кеудесіне тағылған медаль жауапкершілікті арттыра түсті. Омар алдымен Көкшетаудағы «Думан» атты тәлімгерлер жасағында тәжірибе жинақтаған. Жазғы демалыс айларында лагерьлерде, сауықтыру орталықтарында балалармен жұмыс істеген. Оларға тәлімгерлік жасап, түрлі ойындар ойнатып, бос уақыттарын тиімді өткізуге ықпал еткен. Содан кейін еріктілер қозғалысына қосылған. Дәл сол уақытта мүгедек арбасына таңылған жандарға қолғабыс ететін жастар іздестіріліп жатқан болатын. Омар бірден келісім беріп, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек қолын созды. Жалпы, Көкшетау қаласында мүгедек арбасымен жүріп-тұруға ешқандай жағдай жасалмаған дейді ол. Сондықтан оларға үнемі көмектесу керек. Соған көзі жеткен еріктілер диспетчерлік қызмет жобасы бойынша көмекке зәру жандарға көмектеседі. Олардың қатарында облыс орталығындағы колледждер, жоғары оқу орындарының студенттері бар. «Жас Отан» жастар қанатының қалалық бөлімшесінің жетекшілігін де жақсы атқарып келеді. Өзінің қолы тимей жатса, қарамағындағы ерікті жастарға қоңырау шалып, тапсырмалар береді. Олар Омардың айтқанын қалт еткізбей тыңдайды. Себебі, өздерінің де жүректері мейірімге толы. Омар сондай-ақ, «Қазақстан жас патриоттар академиясының» мүшесі. Бос уақытында футбол ойнағанды жақсы көреді, дос-тарымен көңіл көтереді. Ол болашақ мамандығын әлі таңдамапты. Бір білетіні – кәсібі саясатпен, қоғаммен байланысты болады. Соған қызығушылығы басым. Талапты жасқа алдағы уақытта көп табыстар тілейміз. Жолың қашанда ашық болсын, жас өрен!

Гәкку Асылбекқызы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий