Халық бірлігі – бейбіт өмір кепілі

Барша ұлт пен ұлысты бауырына басқан Қазақ елі достық пен бірліктің үлгісіне айналғаны әмбеге аян. Мемлекетіміздің өркендеуінің бірден-бір кепілі – ынтымақтастық пен бейбіт өмір. Көкшетау қаласындағы Абылай хан алаңында Қазақстан халқының бірлігі күні көтеріңкі көңіл-күймен атап өтілді. Түрлі ұлттың әні шырқалып, дәстүрі паш етілді. Жиналғандарды облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтап, бірлігі жарасқан ақмолалықтарға ашық аспан астында жасампаздықпен жарасып, татулық пен достық бесігінде тербеле беруге тілектестігін білдірді. Ақмолалықтар алаңға айнала құрылған этнобірлестіктердің шатырларының жанында ұйымдастырылған шараларға қызығушылық танытып, олардың өнерін тамашалады.

Салтанатты шара театрлан-дырылған үш блоктан тұрды. Оның біріншісі – «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан!» деп аталып, хореографиялық композицияны «Көкшетау», «Он алты қыз», «Шалқыма», «Сувенир», «Тұмар» халық ансамбльдері орындады. Олардың шеберлікпен орындаған түрлі ұлттың биі бүгінгі мерекенің маңызын көрсетті. Ал, «Біз – Қазақстанның болашағымыз» деп аталған 2-ші блокқа «Көкшетау» мәдениет сарайының шығармашыл балалар ұжымы қатысып, «Күн әлемі, бақыт әлемі» атты музыкалық-хореографиялық композицияны орындады. Жердің бетін әсемдікке бөлейтін гүлдер болса, балалар – тіршіліктің гүлі, отбасының нұры. Олардың бал-бұл жайнаған жүздерінің өзінен шаттық пен бақыттың лебі еседі. Баланың пәк көңілі мен алаңсыз өміріне не жетсін! Балдырғандардың асыр салып ойнап жүргенінің өзі – бейбіт аспан астындағы еліміздің тыныштығының арқасы. Дәл осындай қызыл-жасылды қанық бояулардың үндесуі кезінде оған әбден көзің жетеді.
Үшінші блок «Достық – біздің тірегіміз» деп аталды. Онда целиноградтықтар Аян мен Құттықыз Айбасовалардың орындауындағы «Мақтанышым – Елбасым» әні мерекенің ажарын ашты. Театрландырылған көріністі «Қазақстаным» атты ән қорытындылап, аспанға 600 әуе шары көтерілді. Мерекелік шара аудандық, қалалық өнерпаздардың бірлескен концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Облыстық филармония, «Көкшетау» және «Достар» мәдениет сарайларының шығармашыл ұжымдары өнер көрсетті. Алаңға айнала тігілген мәдени-ұлттық бірлестіктер шатырларының жанында ұлттық киімге жасанған түрлі ұлттың өкілі өзінің дәмін ұсынып, биін билеп, әнін шырқап жатты.
Қалалық саябақтың кіреберіс қақпасының алдында Көкшетау көркемсурет мектебінің оқушылары мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бейнелеу өнері мен дизайн факультетінің студенттерінің қолынан шыққан туындылар көрмесі ұйымдастырылды. Саябақтың ішінде түрлі спорттық ойындар өтіп жатты. Жастардың бірқатары асық ойнауға асықса, балалардың біразы бөрене үстінде жастықпен айқасқа шықты. Дойбыдан жарысқа қатысып, кір көтеріп, күшін сарапқа салғандар да бар. Достық пен ынтымағы жарасқан еліміздің бақытты болашағы жарқын. Осындай салтанатты шаралар соның куәсі. 1-ші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні аудандарда, қала маңындағы елді мекендерде де сән-салтанатымен атап өтілді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс