Халық сенімі – жоғары баға

«Nur Otan» – еліміздегі басты саяси күш. Партия халыққа жақын болып, оның мұң-мұқтажын білуге және оған қолдау білдіруге тиіс. Қоғамда туындайтын мәселелерді шешуге көмектесу керек. Сондай-ақ, партиямыздың кадрлық құрамын мұқият зерттеу қажет. «Nur Otan» өз жұмысын одан әрі жетілдіруді жалғастыра беруге тиіс», – деді партияның кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы «Nur Otan» партиясының өңірлердегі филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандырудың маңыздылығын атап өткені белгілі. Осы тапсырмаға сәйкес, «Nur Otan» партиясын қайта жандандыру мәселесі Ақмола облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында талқыланды.

Партияның Ақмола облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Ермек Маржықпаев алдымен сенім, диалог және болашаққа сеніммен, жеті импульске құрылған саяси ұйымның жұмысын жандандыруда «праймериз» механизмін қолдану қажет деді. «Өкінішке орай, бұл механизмді тек электоралды кезеңде ғана қолданып жүрміз. Праймеризді бұрынғыдай әңгімелесу, тестілеуден бас тартып, партияның кадрлық резервін жасақтаған кезде де қолданған дұрыс болады»,– деді. Сондай-ақ, партияның депутаттық фракциясы жүйелі мәселелерді шешуде заңды белсенділік танытып, бюджет қаржысын тиімді жұмсауды өз қадағалауына алғаны жөн. «Соған орай міндетті түрде қоғамдық тыңдаулар өткізіп, партия фракциясының отырыстарында облыстық бюджетті қарап, оны сессияда бекіткенге дейінгі қадамын бақылау қажет»,– деді филиал төрағасы. Ермек Боранбайұлының айтуынша, партияның ішкі құрылымын жандандыруда оның сапалы өкілдерінің құрамын жасақтаған абзал. Бұл жерде Мәжіліс пен мәслихатқа ұсынылатын тізімнің өзін реттеу қажет. Болашақта партияның атынан сайланатын депутаттар халыққа жақын саясаткерлер болуы тиіс. Олар партияның бағытын анық білетін және еліміз бен қоғамда туындаған өзекті мәселелердің шешімін табатын жандар болғаны жөн. Осы ретте партияның облыстық филиалы, оның құрылымдық бөлімшелеріне партияның мүшесі болып келетін жауапты тұлғаларға сайлау және консультативтік-кеңестік органдардың әлеуетін қолданып, барлық мәселелерді жүйелі түрде қарастыру тапсырылды. Сондай-ақ, партияластарға сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, ақпараттық стратегияны қайта қарау, «Жастар жылына қатысты Жол картасы» бағдарламасының жүзеге асуын депутаттық фракциялардың жергілікті әкімшіліктермен бірлескен отырысын өткізу арқылы талқылау қажеттігі және олардың мінсіз атқарылуын бақылау жайлы айтылды.
Тұрмысы төмен отбастарын әлеуметтік қолдау жайы күн тәртібінен түспейді. Мекенжайлық әлеуметтік көмектің жаңа формасын тағайындауға сәйкес, өңірде жағдайы нашар отбастарының саны 2,7 мыңнан 8,4 мыңға өсті. Өкінішке орай, бұл бағытта өзгеге иек артушылық белең алған.
Саяси кеңес отырысында партияның облыстық филиалының төрағасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың және халықтың жағдайын жақсарту бойынша жобалардың жүзеге асуы жөнінде ақпар берді.
Кеңесте сөз алған аудандық бас-тауыш партия ұйымдарының басшылары, іргелі өндіріс орындарының кәсіподақ ұйым жетекшілері, саяси кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары мен бірқатар аудан басшылары жергілікті жерде атқарылып жатқан игі істер жайлы баяндады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий