Халқымыздың асыл мұраттары

«Облыстағы этномәдени бірлестіктер өзінің жұмысын жақсы атқарып жатыр. Олардың игілікті ісіне «қанағаттанарлық» деген баға беруге болады», – деді Достық үйінде өткен Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы кеңесінің отырысында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов. Онда ұлттық-мәдени бірлестіктердің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай атқарған жұмыстары тыңдалып, Ақмола Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып поляк мәдени бірлестігінің жетекшісі Александр Суховецкий тағайындалды.

Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова этномәдени бірлестіктердің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған басты-басты шараларымен таныстырды. Жыл басында маңызды мерекеге қатысты өңірде 100-ден астам жоба жүзеге асыпты. Олардың қатарында түрлі көрмелер, байқаулар, концерттік бағдарламалар, қайырымдылық акциялары бар. Соның ішінде әлеуметтік жобаларға басымдық берілді. Мысалы, науқас балаларды қолдауға арналған қайырымдылық акциялары барысында 3 миллион 500 мың теңге жиналған. Ол қаржы денсаулығында кінәраты бар балаларға берілген. Бұл жұмыстарды атқаруға этномәдени бірлестіктер белсене ат салысты. «Видергебурт» неміс қоғамдық бірлестігінің жұмысы жайлы оның жетекшісі Светлана Корнеева баяндады. Бүгінгі таңда орталықта неміс, ағылшын және қазақ тілі оқытылады. Түрлі үйірмелер жұмыс істейді. 26 топқа бүгінде 700-ге жуық бала келіп жүр. Үнемі ізденіс үстінде жүретін бірлестіктің жоспарлары ауқымды. Мұнда да әлеуметтік жобалар басты назарда. Күніне тұрмысы төмен 20 адамға тегін түскі ас беріледі. Жылына 1000 адам 5 миллион теңгенің азық-түлік пакетіне ие болады. Биыл үйінен шыға алмайтын жандарға қолғабыс жасаудың жаңа жобасы бекітіліпті. 2015-2020 жылдарғы үштілділік білім беруді дамыту жөніндегі тәжірибесімен бөліскен Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясының мұғалімі Әлия Қабдөшева өзінің үш тілді еркін меңгергенін ортаға салды. Биыл өзі қызмет ететін білім ошағында 18 сыныпта 364 оқушы үш тілде білім алып жатыр екен. Физика, математика, биология, химия пәндері ағылшын тілінде жүргізілуде. Биылдан бастап оның қатарына информатика пәні еніпті. Отырыс барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова, гуманитарлық-техникалық лицейдің директоры Наталья Дементьева және чуваш қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Күміс Мұратбекова Ақмола Ассамблеясының құрамына сайланды. Осы кезге дейін Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы төрағасының орынбасары болып келген Елена Мащинскаяға мінсіз қызметі үшін алғыс білдіріліп, оның орнына облыс әкімінің ұсынысымен поляк этномәдени бірлестігінің жетекшісі Александр Суховецкий тағайындалды. Бұл таңдауды кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдады. Сөз соңында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов этномәдени бірлестіктерінің жұмысына оң бағасын беріп, маңызды мереке – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына қатысты шараларға әрі қарай да белсене қатысуға шақырды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс