Хан төбесі жаңғыртылуда

Зеренді ауданына қарасты Қазақстан ауылынан оңтүстік – шығыс бағытта биік төбенің басында орналасқан Абылай ханның ұлы Уәлидің алтын күмбезді мазарына тәуіп етушілер қатары көп. Олар осы қасиетті жердің топырағын басып, дұға бағыштап қайтады. Жол бойында орнатылған тақтадағы «Хан төбе» және «Уәли хан кесенесі» деген жазулар жол нұсқап тұр. Жол демекші, хан мазарына апаратын сүрлеуді қыстың күні қар алып, көктемде сазданып жатушы еді. Елбасының «Болашаққа бағдар–рухани жаңғыру» мақаласынан кейін бұл жердің жолы жөнделіп, мазар маңына кеспе тастар төселуде. Осы жерге арнайы келіп, мән-жайға қанық болған облыс әкімі Мәлік Мырзалин тиісті орындарға тапсырма беріпті. Енді мазардың маңайы қоршалып, тәуіп етушілерге арналған орындықтар жасалып, абаттандырылмақ.

Көкшетаудан сол бағытқа жолға шыққан адам Ақкөл селосына жақындаған кезде-ақ биік төбенің басындағы хан мазарын бірден байқайды. Ал селоға жақындаған сайын ол көзден таса болады. Аталған елді-мекенді басып өткеннен кейін хан мазарының күмбездері тағы да алдыңнан жарқырай қарсы алады. Кесене 2008 жылы Уәли ханның   270 жылдығына орай салынған екен. Жалпы аумағы 1920 шары метр. Қызыл кірпіштен құйылған. Бұл жерде Уәли ханның отбасы мүшелері де жатыр. Қазақстан ауылының тұрғыны Қайыржан Зікірияұлының айтуынша, көнекөз қариялар балаларға бұл жерде хан сүйегі жатыр, оны аяққа баспаңдар деп айтып отырады екен. Есләм Иманқұлұлы деген азамат осы жерді қалыпқа келтіру мәселесін 1995 жылы көтеріп, жазушы Естай Мырзахметовтың айтуымен, тастағы шағатай тіліндегі жазуды Жақия қажы мен Алматыдағы шығыстану институтының тарихшылары мен ғалымдары оқып, бұл жерде Уәли хан жерленгенін нақтылаған және зират басындағы тасты құбылаға қаратып, жөндеп қойғызған. Ал кесененің өзін Айша бибі мазарының үлгісінде салғызған. Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, Орта жүздің ханы Уәли Абылай ханның екінші әйелі қарақалпақтың қызы Сайман ханымнан туған үлкен ұлы. Жасынан билікке араласып, арғын тайпасының билеушісі болды, бірнеше рет әкесінің тапсырмасымен елшіліктерді басқарды. Уәли ішкі-сыртқы саясатта әкесі Абылайдың ісін әрі қарай жалғастырушы болды. Ол Орта жүз руларының ішіндегі тұрақтылықты сақтай отырып, сыртқы саясатта Ресей мен Қытайға тең қарым-қатынас жасауға тырысты. Уәли Ресей, Қытай және Орталық Азия мемлекеттері толық мойындаған қазақ ханы болды, ол қайтыс болғаннан кейін, көп ұзамай патша өкіметі Орта жүзде хан сайлауын мүлдем тоқтатты. Уәлидің 2 әйелінен 14 ұлы болған. Оның ішінде мұрагері болып саналатын Ғұбайдолла мен кіші әйелі Айғанымнан туған Шыңғыс Уәлиханов Көкшетау және Құсмұрын округтерінің алғашқы аға сұлтандары болып сайланған. Даңқты қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов Уәлидің немересі. Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры, археолог Қуаныш Шақшақовтың айтуынша, Уәли хан біздің өңірде 50 жылдан астам уақыт хандық құрған. Осы жерде Уәлидің шешесі, бәйбішесі, немересі және тағы да бірнеше адам жерленген. Киелі де қасиетті орынның маңайы қоршалып, қазір абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кеспе тастарды төсеумен «Азия-Агрохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Күн жаңбырлы болғандықтан, жөндеу жұмыстары сәл кешеуілдеуде, бірақ бір-екі аптаның ішінде толық аяқталады.

Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған баспасөз-туры аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Уәли ханның басына тәуіп етіп, Зеренді ауданындағы он жылға жуық жұмыс істемей тұрған «Искорка» балалар демалыс орнының қазіргі жағдайымен танысып, аудан орталығындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы, Дөңгілағаш ауылындағы мектеп пен клубта жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс