Хирургия – аурухананың айнасы

Көкшетау қаласының құрметті азаматы, білікті басшы, медицина ғылымдарының кандидаты Серік Кәкенов жетекшілік ететін қалалық аурухана ұжымы денсаулық саласында озық әдістерді кеңінен қолданып, кадрлардың кәсіби біліктілігін шыңдауда игілікті істерімен республикамызға белгілі емдеу мекемелерінің бірі. Бүгінде аурухана барлық халықаралық стандарттарға сай, қазіргі заманғы техникалармен жабдықталған. Озат тәжірибе мектебі болғандықтан республикамыздың солтүстік аймақтарындағы ауруханалардың дәрігерлері мен орта буын медициналық персоналдары осында жиі-жиі тәжірибе алмасып тұрады. Емдеу мекемесінің мерейін өсіріп жүрген білікті мамандар да мұнда көптеп саналады. Кәсіби мереке қарсаңында ақ халатты абзал жандардың жұмыс барысымен танысу мақсатында аурухананың хирургия бөлімшесіне ат басын бұрған болатынбыз.

Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының түлегі Нұрлан Жаров аталған жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін 20 жылдан бері осы ауруханада абыройлы еңбек етіп келеді. Қазір ол жетекшілік ететін хирургия бөлімшесінде 60 кереуеттік орын бар. Оның бесеуі күндіз ем алатын науқастарға арналған. Жыл сайын ішек, асқазан, іш қуысы, өт жолдары, қантамыр хирургиясы бойынша 1500-ден астам ота жасалады. Жасалатын оталардың 30 пайызы жоспарлы саналады. Ұжымда 13 хирург еңбек етуде. Білікті маман Нұрлан Қайырұлы ажалмен арпалысқан талай жанды аман сақтап қалды. Жанары өткір, жүзінен нұр төгіліп тұратын шырайлы жігіт ағасы аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл жан. Әріптестері де хирургтің кәсіби шеберлігін ерекше бағалайды. Ал, көптің алғысына бөленген хирург өзі туралы айтудан гөрі, қызметтестері туралы сөз қозғағысы келетінін аңғартып: «Мен өзім еңбек етіп жатқан аурухана жетістіктерінің жемісі – соны технология, білімді дәрігерлер және олардың науқастарға деген мейірімі. Негізінен хирургия бөлімшесінің қызметі – аурухананың айнасы. Хирургиясы жақсы аурухана жақсы көрсеткіштерге ие болады. Бөлімдегі әріптестерім өз жұмыстарын жақсы біледі. Хирургтер Арман Қапанов, Александр Дьячков, Болат Белялов, Қуаныш Қамалиденов, Самат Жүсіпов, Жақсылық Молданов, аға мейірбике Наталья Алмаева, Светлана Соколова, жас хирургтер Бақытбек Токушев, Мейрхат Жанадин, Зарина Утекина, Мұрат Рахимов, Қажымұрат Еркебұлан және өзге де хирургия бөлімінің қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалаймын. Баршасы да медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін аянбай еңбек ететін ақ халатты абзал жандар» – деді әңгіме барысында. Бұл танымал дәрігердің өзін емес, әріптестерін әйгілегісі келетіндігінің белгісі болса керек.
Дәрігермен бірге палаталарға да бас сұғып, ондағы науқастармен тілдесудің де сәті түсті. Жоспардан тыс, яғни емханалар мен амбулаториялық пункттердің жолдамасынсыз, жедел жәрдеммен қатты ауырып келіп түсетін адамдар да жатқызылады екен. Біз кірген палатада үш адамға отадан кейінгі ем-домдар қызметі көрсетілуде. Аня есімді пациент отадан кейін қазір өзін жақсы сезінетінін айтты. Құсу, аузы құрғау, әлсіреу сияқты ауру белгілері ырық бермегендіктен, жедел жәрдем шақыртыпты. Жағдайының жақсармауына байланысты ертесіне жедел эндоскопиялық өт қапшығын алып тастау отасы жасалған. Енді ол бірнеше айға майлы, қуырылған тағамдар мен газдалған сусындардан шектетіледі. Қолына толық нұсқау беріліп, сол бойынша диета сақтайтын болады.
– Ғажайыптар жасайтын бөлімше операциямен ғана емес, осындағы әрбір қызметкер сіздің жаныңызға сая болуға тырысуымен-ақ бойыңыздағы барлық дертті сылып алады. Адам жанының арашашысы – ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Еңбектеріне жеміс тілеймін, – деді ол.
Медицинаның қай саласын алып қараса да көзге жағымды оқиғалар аз, тіпті сирек кездеседі. Өмір мен өлім арасында арпалысқан жандардың өмірін сақтау үшін тәуекелге бас тігіледі. Жиырма жылдан бері қалалық ауруханада еңбек ете жүріп, осы аз уақыт ішінде өзінің білімі мен тынымсыз еңбегінің арқасында ұжым мақтанышына айналып үлгерген Нұрлан Қайырұлын тек әріптестері ғана емес, талай рет осы кісінің арқасында аман қалған жандар да алтын қолды дәрігер, өз мамандығының білгірі ретінде мақтан тұтады.
– Хирургтің еңбегі – бұл шахтердің, бұған қоса математиктің және әр жүрісін ойлап жүретін шахматшының еңбегі, – деді дәрігер ойлана сөйлеп.
Қай саланың болсын жақсы дамуы жақсы маманға байланысты. Қазір сан түрлі жаңа технологияның дәуірлеп тұрған заманы. Бүгінде хирургия бөлімшесі жаңа технологиялар бойынша операциялар жасауға қол жеткізіп отыр. Ауруханадағы операциялардың дені лапароскопиялық әдіспен жасалады. Қазіргі таңда телемедициналық байланыс арқылы науқастардың жағдайы бақылауда ұсталады. Мұның бәрі бөлімшедегі заманауи қызметтердің бірегейі ғана. Биыл астаналық ангиохирургтердің қатысуымен ауруханада тұңғыш рет каротидті эндартерэктомия отасы жасалды. «Мұндай отаны қантамырлары дертіне шалдыққан науқастарға жасайды. Өйткені, осы ота арқылы инсульт, тромбоэмболия сияқты аурулардың алдын алуға болады. Бұдан былай біздің дәрігерлер мұндай отаны өздері жасайтын болады. Сондай-ақ, өзіміздің білікті хирургтер аудандарға шығып, шеберлік-сыныптарын өткізуде», – дейді Нұрлан Қайырұлы.
– Дәрігер деген халыққа қызмет ете жүріп өз мүдде, өз қызығын өзгелер үшін «құрбан» ететін қиын мамандық, аса ауыр жұмыс қой. Дәрігер болғаныңызға өкінбейсіз бе? – деген сауалымызға:
– Еш өкінішім жоқ, – деді ойлы жанары жарқ еткен ол, – адамға өмір сыйлаудан асқан бақыт бар ма? Осы уақытқа дейін анық көзім жетіп, көңіліме мықтап тоқығаным – өмірдегі көп қызықтардан шет қалмай жақсы дәрігер бола алмайсың. Хирургия мені ең бастысы қатаң жауапкершілікке, шешімталдыққа үйретті. Емделуші өмір мен өлімнің шекарасында, сенен үміт күтіп көзі жәудіреп жатқанда, өзіңе жауапкершілік алып, тез шешім қабылдауға тиіссің. Бұл оңай емес.
– Тәуліктің кез-келген уақытында төсектен тұрғызып, ота жасауға шақырады деп естиміз. Сол рас па? Рас болса сондай шиыршық атқан тынымсыз жұмыста шаршап-шалдықпайтын адам темір емес қой. Тіпті, сол темір де тозады. Сол ауырлықты қалай жеңесіз?
– Дәрігерге босаңсуға болмайды, – деп жылы жымиды ол.
Білікті дәрігерді қазіргі медицина саласының жетістіктері қуантады. Рас, медицина саласы бұдан он-он бес жыл бұрынғымен салыстыруға еш келмейді. Қазіргі заман талабына жауап беретін облыстық медициналық, диагностикалық орталықтар, жер-жердегі жаңа тұрпаттағы емдеу орындары халықтың игілігіне қызмет етіп келеді. Сынаптай сусыған өмір бір орнында тұрмақ емес. Кешегің бүгінге, бүгінгің ертеңге өлшем болудан қалғалы қашан. Күнде бір жаңалық туындап жатқан мына алмағайып заманда денсаулық саласы да түбірлі өзгерістерге ұшырады. Бір жақсысы, әлемнің жетілген заманауи техникалары ел өміріне мықтап енді. Бұрын он ойланып, жүз толғанып айтылатын дәрігерлік шешімдер, науқасқа аудандық, облыстық болмаса республикалық ауруханалар дәрежесінде қойылатын диагноздар әп-сәтте айқындалып, емдеу тәсілдері жеделдетілді. Дәрігерлердің білімдерін жетілдіру мақсатында республикалық, облыстық дәрежедегі басқосулар, семинарлар ұйымдастырылады. «Биыл операциялық үстел, электрохирургиялық жабдықтар мен өзге заманауи құрылғылармен жабдықталып жатырмыз. Басты мақсатымыз – жұрт сенімінен шығу. Біз жеткен биіктер мен белестер мұнымен шектеліп қалмайды», – дейді білікті дәрігер Нұрлан Жаров.
Дәрігерлердің күнделікті жұмысы өмір мен өлім арасындағы арпалыстан, тынбас тайталастан, күрделі күрестерден тұрады емес пе?! Сондайда егер медицина бұрынғы күйінде болса, ажалдың жеңісімен аяқталар сәттерді қазір өмір жеңуде. Қалай қуанбассың…
Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий