Чемпиондар жаттығу сабағын жүргізді

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде №17 және №18 орта мектептердің оқушылары үшін грек-рим күресінен Атланта Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Юрий Мельниченко мен бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Әлем және Азия чемпионы Болат Жұмаділов ашық сабақ өткізді. «Физкульт Ура!» деген атаумен өткен әлеуметтік бұл жобаның демеушісі – «Samruk-Kazyna Trust» қоры және Ұлттық олимпиада комитеті.

Бұған дейін республиканың бірнеше қаласында болып, дәл осындай жаттығу өткізген атақты спортшыларымыз 21-ші сабағын көкшетаулық оқушыларға арнады. Бұл жобаның бір ерекшелігі, әр қалада тұратын атақты спортшыларды да өз қатарына қосып алу арқылы, жас буынды салауатты өмір салтына баулу. Сол себепті жобаның жетекшісі Юрий Мельниченко мен Болат Жұмаділов өз қастарына көкшетаулық ауыр атлетші, 2-ші жазғы жасөспірімдер олимпиадасының қола жүлдегері, спорт шебері Жасұлан Қалиевті қосқан. Үш спортшы әуелі №18, кейін №17 орта мектепте болды. Чемпиондардан 45 минут бойы тәлім алған балалардың қуанышында шек болмады. Олар сүйікті спортшыларымен естелік суретке түсіп, өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Атақты спортшылармен кездесуді оқушылар асыға күткен. Әрине, мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді. Бұлар – ерік пен жігердің, еңбекқорлық пен жанкештіліктің нағыз үлгісі. Олимпиада шыңын бағындыруды кез келген спортшы армандайды. Ал, оған қол жеткізген жандармен спорт залда қатар тұрып шынығудың өзі бір ғанибет. №18 орта мектептің 8-ші сынып оқушыларына сол мүмкіндікке ие болу сәті түсті. Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко мен күміс жүлдегері Болат Жұмаділов спортзалға жиналған балалармен бірден тіл табысып, жаттығу сабағын бастап та кетті. Буынға, бұлшық етке, омыртқаға, аяқ пен қолға арналған түрлі дене қимылдарын оқушылар ерекше ынтамен, әрі қызығушылықпен орындады. Эстафеталық жарыста да барын салды. Былғары қолғап шебері Болат Жұмаділовтің айтуынша, 14-15 жастағы балалар үшін нағыз спортпен шұғылданатын уақыт осы кез. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстануға неғұрлым көп көңіл бөлу керек. Түрлі жаттығу сабақтарын жиі өткізіп, балаларды шыныққан шымыр етуге назар аударған жөн. Сонда баланың білім алуға да ынтасы артады. Тәжірибелі спортшы қазір «Астана Арландарын» жаттықтырады. Оқушылармен жұмыс істеу оған таңсық емес. Өзіне қаншалықты шақырту түссе, ешкімнің бетін қайтарған емес. Көкшетауға келудегі себебі, жас буынды спортты сүюге шақыру. Ал, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко бұған дейін «Физкульт-Ура» жобасымен Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Өскемен, Тараз, Талдықорған, Қостанай және Қостанай облысына қарасты Федоровка селосында болыпты. Спортшылар күнделікті өздерінің жаттығу сабақтарындағы денені шынықтыру тәсілдерін ғана емес, заманауи фитнес-индустрияның жаңа түрлерімен де таныстырды. Бұл сабақтарды құруға «World Class» фитнес-клуб желісі көмектескен. Бір ерекшелігі, оған ұлдар мен қыздар қатар қатысады, яғни жаттығу жүктемесі екеуіне де жарай береді. Жаттығу соңында былғары қолғап шебері Болат Жұмаділов барлық оқушыларға және денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне қолтаңбасы қойылған күнтізбелік открытканы сыйға тартты. Өз кезегінде мектеп басшылығы спортшылардың дәл осы білім ошағын таңдап алғанына ризашылығын жеткізді. Оқушылар мен мұғалімдер чемпиондармен естелік суретке түсті.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс