Чернобыль қасіреті – ұрпақ жадында

         Чернобыль атом электр станциясындағы жарылысты ауыздықтауға біздің өңірден 1500-ден астам азамат қатысты. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында 120 чернобыльдық тұрады. 

Көкшетау қаласындағы Абай көшесінің бойынан орын тепкен ескерткіш 1986 жылы Украина жеріндегі Чернобыль атом электр станциясында орын алған қасіреттің белгісіндей. Қара мрамор тақта сол ғимараттың бейнесі болса, жоғары жағында жарылған қара атом бомбасы суреттелген. Ал, оны қанатымен қалқалап тұрған көгершін жер бетіндегі тыныштық кез келген зауалға қарсы тұра алатынын білдіреді. Яғни, атом электр станциясындағы жарылыстың салдарын жоюға қатысқан барлық азаматтардың ерлікке пара-пар әрекеттері бағалауға тұратын дүние екенінен хабардар етеді. Оның авторы Чернобыль апатына қатысушы Ғалымжан Райымбеков қалалық әкімдік тарапынан қаржылай қолдау көрсетілгенін айтты. Және өзі құрылысшы болғандықтан, басы-қасында жүріп, жұмыс барысын күнделікті бақылап отырған. Ескерткіштің маңайына гүл көшеттері отырғызылған. Қос қапталына жергілікті жас ақын Алина Байковская мен мектеп оқушысы Жазерке Қаратаеваның өлеңдері қашап жазылған. Олар сол заманда өмір сүрмесе де, атомның адамзатқа әкелетін қасіретін жүрекпен ұғынып, өлеңмен өрнектепті. Ескерткіштің ашылуына Чернобыль атом электр станциясындағы жарылысты ауыздықтауға қатысқан жергілікті азаматтар, сондай-ақ, Астана, Ақтөбе, Семей, Қарағанды қаласындағы өкілдік жетекшілері арнайы келді. Шарада музыка ойналған жоқ. Ескерткіштің бетіндегі ақ жамылғысын қала әкімінің орынбасары Шамрат Сәдуақасов пен «Чернобыль одағы» заңды тұлғалар республикалық ассоциациясының төрағасы Виктор Деймунд ашты. Апатты ауыздықтау барысында көз жұмған жандар бір минут үнсіздікпен еске алынды. Өзінің сөзінде Виктор Деймунд апатты ауыздықтауға қатысқан азаматтар радиацияның уына қарсы тұрып, өзінің денсаулығын беріп, адамзатты оның қасіретінен аман алып қалғанын айтты. Сондықтан бұл – ерлік, әрі елдік іс. Ескерткіштің ашылуына көмегін көрсеткен жандардың бәріне Ақмола облысы бойынша «Чернобыль ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Жетеров алғысын білдірді. Жиылғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс