Шапағаты мол тұлға

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері,
Социалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімовтың туғанына – 100 жыл

Байекен АшимовТәуелсіз Қазақ елінің тарихында алтын әріппен жазылған ұлы тұлғалардың алдыңғы шоғырында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімовтың есімі әрқашанда асқақ естіледі. Өйткені, республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан мұндай тұлғалар некен-саяқ кездеседі. Тарих қойнауына көз жіберсек, халқымыздың ұлы перзенті Бәйкен аға өмірге келген сонау 1917 жыл ел тарихының сындарлы кезеңдерінің бірі болатын. Киелі де қасиетті Көкше жерінің шұрайлы шабындықтары, құнарлы жер учаскелері патша дәуірінде Ресейден көшіп келген жатақтарға беріліп кеткен-ді. Соның салдарынан мал басы азайып, жергілікті халықтың жағдайы күрт құлдырады. Ол аздай отызыншы жылдарғы коллективтендіру мүлдем тұралатып жіберді. Басқалармен бірге Әшімовтер отбасы да ауыр зардапты бастан өткерді. Олардың кіндік қаны тамған Шабақбай ауылы Айыртау ауданының құрамынан алынып, шалғайдағы Рузаев ауданына берілді. Жай ғана емес ауылды түп орнымен Ақмолдаға көшіріп жіберді. Елдегі мал, дүние-мүлік иесіз, қараусыз қалды.
Тұрмыстың тауқыметі тығырыққа алғандықтан он бес жасар өршіл өрен 1932 жылы қалаға барып оқу оқығысы келді. Бірнеше күн жаяулап-жалпылап Көкшетауға әрең жеткен Бәйкенді осындағы туысқандары қарсы алып, Петропавлға аттандырды. Ондағы мақсат теміржол мамандарын дайындайтын училищеге түсіру еді. Өйткені, бұл орта оқу орнының шәкірттеріне күніне 800 грамм нан және бір рет ыстық тамақ беретін-ді. Аштықтан, жалаңаштықтан кейінгі фабрикалық-заводтық училищедегі тұрмыс оған жұмақтай көрінді. Алайда, оқу бағдарламасын бірден игере қою орыс тілін білмегендіктен ауыл баласына қиынға түсті. Әйтеуір талаптанудың арқасында арада жарты жыл өткеннен кейін жазуды да, сөйлеуді де үйренді-ау. Сөйтіп, таудай талаптың арқасында ол паровоз жөндейтін слесарь мамандығын алып шығады. Дегенмен, теміржол саласында алған мамандығы бойынша жұмыс істеудің сәті түспесе де, Покровка селосындағы ауылшаруашылығы техникумында екі жылдай оқып, сырттай бітіріп шықты. Сырттай оқуына себеп болған жағдай үшінші курстың қаршадай студенті аудандық комсомол комитетіне саяси оқу жөніндегі бөлім меңгерушілігіне қызметке шақырылады.
1938 жылдың күзінде Бәйкен Әшімов әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын Киев айырықша әскери округінде өтейді. 1939 жылы неміс-фашист басқыншылары Польшаға шабуыл жасағанда ол Батыс Украина, Батыс Белоруссияны азат ету шайқастарына қатысты. 1941 жылдың 10 маусымында Бәйкен әскер қатарынан босанып, үйге оралады. Айыртау ауданындағы Казгородок орта мектебінде әскери даярлық пәнінен сабақ беріп жүрген кезінде айдай сұлу замандасы Бақытты кездестіреді. Алайда, екі жастың қуанышты сәттері ұзаққа созылмайды. Өйткені, 1942 жылдың 9 шілдесінде Бәйкен Әшімов қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылады. Сөйтіп, Ташкент әскери-саяси училищесінде дайындықтан өтіп, Солтүстік Батыс майданы 807-ші жеке атқыштар бригадасының рота командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. 1943 жылдың қаңтарында 76-шы Ельнинский атқыштар дивизиясының саяси бөлім нұсқаушылығына жоғарылатылып, Батыс және Бірінші Беларусь майдандарындағы ұрыстарға қатысады. Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жорықтары 1945 жылдың 4 шілдесінде аяқталып, елге аман-есен оралады. Зұлым жауға қарсы күресте көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін Қызыл Жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, Польшаның «Вертути Миллитари» орденімен марапатталады.
Соғыстан кейінгі алғашқы қызметін Бәйкен Әшімов Айыртау аудандық атқару комитетінің жауапты хатшылығынан бастады. 1946 жылдың 2-ші тамызында соғысқа дейін танысқан қызы Бақытты алтын босағасын аттатып, сүйікті жар етті. Іскерлік қабілетімен танылған ол сол жылы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалса, 1948 жылдың 7 желтоқсанында аудандық Айыртау аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына сайланады. Бұдан кейінгі қызмет баспалдақтары Зеренді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы Көкшетау обкомының екінші хатшысы қызметімен жалғасын тауып жатты. Бәйкен Әшімов бас-аяғы он алты жылдай өзінің бай тәжірибесін, білімі мен іскерлік қабілетін туған жері Көкшетаудың өсіп-өркендеуіне арнады. Лауазымды қызметтерін абыроймен атқара жүріп, Ленинград қолданбалы зоология және фитопатология институтын бітіріп, өсімдік қорғау жөніндегі білікті маман-агроном дипломын алды. Бұдан кейін КПСС Орталық Комитеті жанындағы Жоғарғы партия мектебін сырттай оқып, бітірді.
1961 жылы республикамыздың бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың ұсынысымен Бәйкен Әшімов Қарағанды облысына қызметке жіберіледі. Бес жылдай облыстық атқару комитетінің төрағасы, екі жылдай селолық, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарып, өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындайды. Бұл жылдары облыс аумағында металлургия комбинаты, Ертіс-Қарағанды каналы жүздеген ірі кәсіпорындар, оның ішінде санитарлық-технологиялық құрал-жабдықтар заводы, асбест-цемент бұйымдары заводы салынды. Қарағандыда өткен партия-шаруашылық активінде облыс басшысы Бәйкен Әшімов жас металлург Нұрсұлтан Назарбаевпен алғаш танысқандығын өзінің жазған еңбектерінде сүйсіне еске алады. 1968-1970 жылдар аралығында Бәйкен Әшімов Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеді. Бұл жылдары Талдықорған Алматы облысының құрамынан шығып, дербес облыс болып құрылған-ды. Бірінші хатшыға тез арада облыстың жаңа орталығын абаттандыру, салу, өркендету жұмыстарын қолға алу қажет болды. Қысқа мерзім ішінде қорғасын және аккумулятор заводтары салынды. Текеліде тау-кен ба-йыту комбинаты бой көтерді. Суармалы шаруашылық жедел қолға алынып, қызылша-көкөніс, жүзім өсіру өндірісі дамыды.

Жерлестер лебізі

Айдархан ТЕМІРБАЕВ,
партия органдары қызметінің ардагері.

Соғыстан кейінгі жылдары туған ағам Қазжан Айыртау аудандық партия комитетінде екінші хатшы болып істеді. Аудандық атқару комитетінде жаңадан қызметке келген жас жігіт Бәйкеннің талапкерлігін, еңбекқорлығын бағалап үнемі қамқорлық жасайтын-ды. Арада жылдар өткеннен кейін ағайым Зеренді аудандық партия комитетіне бірінші хатшы қызметіне жоғарылатылды. Оның орнына Бәйкен Әшімов сайланды. Алайда, тырнақ астынан кір іздейтін арамзалар «байдың баласы» деген айып тағып, жоғары жаққа арыз жазады. Соның салдарынан Бәйкен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметінен босатылады. Қазжан ағам облыс басшыларымен келісе отырып, оны Зеренді аудандық жер комитетіне меңгеруші болып қызметке қабылдайды. Міне, осы бір мысалдың өзі ұлылардың бір-біріне деген ілтипатын, бір-біріне деген сыйластығын аңғартса керек. Кейіндері республика үкіметін басқарған кезде Бәйкен Әшімов Қазжан ағамның өзіне жасаған қамқорлығын сан мәрте еске алып, шынайы ризашылығын білдірген-ді. Он төрт жыл бойы республика үкіметін, үш бірдей облысты басқарған ұлы тұлғаның ел игілігі жолында сіңірген еңбегін бүгінгі өскелең ұрпақ зердесіне ұялатып, оның есімімен Көкшетауда көше, білім беру мекемелерін атасақ көптік болмас еді.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Көкшетаулық ардагерлердің қазіргі толқыны Бәйкен Әшімовтей ұлы тұлғаның есімін ардақ тұтып, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін әрдайымда мақтанышпен айтады. Өйткені, ол саналы ғұмырының он алты жылын кіндік қаны тамған Көкшетау жерінің гүлденуіне, қарыштап дамуына арнады. Қатардағы агрономнан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы дәрежесіне дейін көтерілді. Сөйткен ұлы тұлғаның әлі де болса жергілікті жерде есімі сирек аталып, елге сіңірген еңбегіне қарай құрметтің өз дәрежесінде көрсетілмеуі өкінішті-ақ. Сөз орайы келгенде айтарым, облыс орталығының көрікті демалыс орындарының біріне Бәйкен ағаның ескерткіші неге орнатылмасқа немесе Әуезов көшесі 169 үйдің қабырғасына неге мемориалдық тақта қойылмасқа. Міне, осындай өтініш-тілектер ұлы тұлғаның 100 жылдық мерейтойына арналған шаралар барысында өзінің шешімін табады деген үміттеміз.

Көрнекті мемлекет қайраткері Бәйкен ағаның ғұмырнамасында республика үкіметін басқарған жылдар айрықша орын алады. Жауапты әрі мәртебелі бұл қызметті ол 1970 жылдың наурызынан бастап, 1984 жылдың наурызына дейін абыроймен атқарып шықты. Бұл кезде СССР-де он төрт жыл бойы Министрлер кеңесінің төрағасы болып ешкім қызмет атқармаған болатын. Бәйкен Әшімов Үкіметті басқарған жылдары Қазақстан мыстың 3,1 бөлігін, қорғасынның 70 па-йызын, қалайының 60 пайызын, титан мен магнийдің 90 пайызын өндірді. Оңтүстік Қазақстанда фосфорит, Ақтөбеде хром кені өркендеді. Екібастұз көмір бассейні, Ақтау мен Атыраудың газ мәне мұнай кен орындары халық шаруашылығына қажетті өнімдерді көптеп шығарды. Сонау 1980-ші жылы әр тұрғынға шаққанда астық өнімдерінің үлесі 1738 килограмнан келді. Мұндай жоғары көрсеткішке, тіпті егіншілігі дамыған Канада, Дания, АҚШ-та қол жеткізе алмады. Қазақстан жыл сайын бүкілодақтық қорға 300-320 мың тонна ет жөнелтіп отырды. Өзінің экономикалық және ғылыми-техникалық потенциалы жағынан одақтас республикалардың ішінде Ресей Федерациясы мен Украинадан кейін үшінші орынға ие болды. Халық шаруашылығын өркендету ісіне қосқан осындай елеулі үлесі және алпыс жасқа толуына байланысты Бәйкен Әшімовке 1977 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Мен кеңесшісі ретінде ұзақ жыл Бәйкен Әшімұлымен қоян-қолтық бірге қызмет істедім. Ондағы бір байқағаным Мәскеуге барғанымызда республиканың үлесін үлкен парасаттылықпен лайықты қорғай білгендігі. Оны Кремльдегілер қатты сыйлап, одақтық премьер Алексей Косыгин қолдау көрсетті. Көпшіліктің айтуына қарағанда, Баякеңнің жұмыс тәсілінде Косыгинмен көп ұқсастық байқалатын-ды. Ол қай уақытта болса да өзінің ойлау қабілетінің, парасаттылығының кеңдігімен, білімдарлығымен жұртты тәнті етсе, қарапайымдылығымен таң қалдыратын. Қызметте қаншалықты қатал болғанымен ешкімді себепсіз жазалаған жоқ. 1984 жылғы 31 наурызда Бәйкен Әшімов Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болып сайланды. Республика Үкіметін ол жылдары Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Бәйкен Әшімұлы тыным таппай өзінің ұзақ жылдары жинаған архивтерін зерделеп, елдің өміріндегі айтулы оқиғаларды қағаз бетіне түсірді.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезде ел ақсақалы Бәйкен Әшімов Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа ақ батасын беріп, мәртебелі қызметіне сәттілік тіледі. Ал, 2007 жылы 90 жасқа толуына байланысты Астанадағы Күләш Бәйсейітова атындағы опера және балет театрында өткен салтанатты жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мерейтой иесіне «Отан» орденін тапсырды. Ол өмірлік сүйікті жары әрі серігі Бақыт Әсетқызынан кейін араға 19 күн салып, 2010 жылдың 5-ші ақпанында өмірден өтті. Бәйкен Әшімұлы шын мәнінде өз халқының мақтанышы, Отанының сүйікті перзенті еді. Әшімовтер жерленген Кенсай зиратында мемориал ашылды. Мұқан Төлебаев көшесі 119 үйдің қабырғасында және Солтүстік Қазақстан облысы, Покровка селосындағы колледж ғимаратында ескерткіш тақта орнатылды. Елбасының тікелей бастамасымен Алматы қаласындағы Жандосов және Розыбакиев көшелерінің қиылысында ашылған мешітке Бәйкен есімі берілді. Ұлы тұлғаның есімімен Наурызбай ауданындағы бір көше, Петропавл қаласындағы техникалық колледж аталады. «Бәйкен Әшімов» қоғамдық қайырымдылық қоры құрылып, қоғам қайраткерінің мұрасын зерттеу жолында белсенді жұмыс жүргізілуде. Ұлы тұлғадан көз жазғанымызға жеті жылдан асып барады. Алайда, оның жарқын бейнесі әрдайым біздің көз алдымызда. Ел игілігі, халқының болашағы жолында сіңірген еңбегі санамызда.

Николай КОЛИНКО,
Қазақстанның құрметті журналисі

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс