Шар болаттай шыңдалған

Адам баласына өмірінің темірқазығы ретінде жол сілтейтін ұстазы болады. Ол мектепте білім берген мұғалім немесе қызметте ақыл-кеңесімен демеген аға әріптесі де болуы мүмкін. Ондай жандар қай уақытта да жадыңнан еш кетпейді. Жақсылығын үнемі аузыңнан тастамай айтып жүресің. Сондай жандардың бірі Марат Қадырқұлұлы Құлмағамбетов. Биыл жетпістің желкенін керіп, жастық шақтан тағы бір қадам алыстай түсті. Бірақ онысына жасып, жүйкесі жұқарған жоқ. Қайта жалын атқан жастардың арасында жүріп, солармен бірге жасарып келеді. Себебі, санасы сергек, ойы анық, пейілі кең, көңілі тоқ. Тағы бір ерекшелігі – үнемі спортпен шұғылданатындығы. Салауатты өмір салтын күнделікті қайталайтын сүйікті ісіне айналдырған. Қаншама жастың ақылгөйі. Қаншама жастың бойына адалдық пен парасаттылық қасиеттерін сіңіре білді. Сондықтан оны нағыз ұстаз деуге болады.

DSC_0128 (2)Марат Құлмағамбетов пен мемлекеттік қызметті бір-бірінен бөліп қарай алмайсың. Өйткені, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен жан. Өңірдегі мемлекеттік қызметтің тәй-тәй басқанынан бастап, әрі қарай дамуына ықпал еткендігі өз алдына бір әңгіме. Ол қашанда жаңалықтың жаршысы, жаңашылдықтың бастау бұлағының көзін ашушы. Еңбек жолын сонау 60-шы жылдары қарапайым темір шеберінен бастаған еді. Комсомол жастармен жұмыс істей жүріп, Ақмола облысының мемлекеттік қызмет істері бойынша басқармасының басшылығы-на дейін өсті. Оның тұсында мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін көтеру мен қайта даярлау өңірлік орталығы ашылып, жұмыс істей бастады. Мемлекеттік қызметтің алғашқы баспалдақтары қаланып, оларды аттестаттау жұмыстарының басында да осы адамның тұрғанын біреу білер, біреу білмес. Сол кезде де ар-ождан этикасын бірінші кезекке қойып, жас мамандардан соны талап етті. Осындай тегеурінді талаптың арқасында жоғары деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер қатары өсіп шықты. Олар күні бүгінге дейін темір тәртіп иесіне алғысын білдіреді. Ешкімнің ала жібін аттамау, ешкімнің көңіліне қаяу салмау, әділетсіздікке қарсы тұра білу сияқты қасиеттерді отбасынан алған. Балапан ұшқан ұяда көргенін алдағы өмірінің айнасы етпей ме? Марат та бала жасынан ата-анасы берген дұрыс тәрбиені ұстана білді. Сонысы алдағы үлкен қызметтерде де қолтығынан демеді. Өйткені, адалдық – ардың көршісі екенін білді. Күні ертеңдері зейнет жасына келгенде, ұйқың тыныш, күлкің риясыз болу үшін де ол аса қажет қағидаттар.
Марат Қадырқұлұлы үнемі жастардың жанынан табылады. Себебі, солармен жұмыс істегенді жаны сүйеді. Жаңа көзқарас, жаңа идеялар туындатқан сайын жаны кіреді. Мемлекеттің болашағы жас ұрпақтың қолында дегенді үнемі айтады. Қызмет істеп жүріп, жас мемлекеттік қызметкерлердің басын қосып, жақсы кештер мен көп мәселе талқыға түсетін жиындарды ұйымдастырғанды жөн санағаны да содан. Осыдан он жыл бұрын «Жігер» деген клуб құрғаны да біздің есімізде. Дәл ондай ұйым республика көлемінде ол кезде болған жоқ. Жалын атқан жастардың тың идеяларын талқыға салып, жұмыс барысында қолдана білгені де игі бастамалардың өміршеңдігіне сенім артқаны. Сол арқылы мемлекеттік қызмет саласын әрі қарай дамытуға күш салды. Ал, жастарға мұндайда ақыл-кеңес беретін кім? Әрине, аға буын өкілдері. Міне, бұл тығырықтан да Марат Қадырқұлұлы шыға білді. Ол тәжірибелі мамандардан тәлімгерлер кеңесін құрды. Жоғары білікті жандардан жасақталған ұжым жастарды тәрбиелеуге кірісті. Өз саласын жетік меңгерген жандардың тәжірибесін пайдалану қажеттігін білікті басшы үнемі ескерді және олардың көмегіне сүйенді. Бұл да жас кезінен бойына сіңірген қасиеті. «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деген қағиданы қызметте те пайдаланғанның еш артықтығы жоқ деп білді. Ол еңбегі зая кеткен жоқ. Тәрбие таразысынан өткен жастардың арасында байқау жария-лап, жылдың ең үздік мемлекеттік қызметшісін айқындады. Сол арқылы жас мамандарды өз ісіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиеледі.
Марат Құлмағамбетов спортты сүйеді. Сондықтан өзін жеңіл сезінеді. Дұрыс тамақтанады. Салауатты өмір салтын насихаттап, отбасы құндылықтарын бірінші кезекке қояды. Ал, ең басты қағидасы – елге адал қызмет ету. Бұл жолда оны ешкім де табанынан тайдыра алмайды. Өйткені,
жоғарыда айтқандай, адами қасиеттер ұшқан ұясында-ақ оны тағалап, бүрлеп шығарған. Сол себепті айтқан сөзінен тайып, жалт кету дегенді білмейді. «Айтқан сөз, атылған оқ» деп түсінеді. Марат Қадырқұлұлының қызмет еткен жылдары алған марапаттарын тізбелеп жату артық болар. Тек мемлекеттік «Құрмет» орденіне ие болғанын айтсақ та жеткілікті. Бірақ сонысына масайрап кеткен жоқ. Сол сабырлы қалпында қала берді. Бүгінде зейнет жасында жүрсе де қоғамдық жұмыстан қашық
кетпеді. Жастармен кездесулерге қатысып, мемлекеттік қызметке енді келген жастарға ақыл-кеңесін айтудан жалықпайды. Ең бастысы – туған жеріңді сүй, туған халқыңа адал қызмет ет дейді.
Марат Қадырқұлұлын жетпістің желкенін керіп, сексеннің сеңгіріне өрлеп, тоқсанды тоқпақпен ұрып, жүзге жеңіл жетуіне тілектестік білдірген әріптестері жастардың қатарында жасындай жарқылдап жүре бер, сергек жан дейді.

Өз тілшіміз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий