Шаңырақ үлгісіндегі шаттық сарайы

Көрікті Көкшетау биыл да көркем ғимараттармен толыға түспек. Осы ретте қайта жаңғыртылатын Қопа көлінің жағалауын ерекше атап өтуге болады. Қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан аймақ жұртшылықтың да ерекше қызығушылығын тудыруда. Солардың қатарында заманауи Неке сарайының бой көтеруі ізгі үміттерге қанат бітіретіні хақ. Көптен күткен нысанның шаңырақ түрінде салынып жатқаны жақсы ниет, шайқалмайтын шаттығымыздың салтанатын асыра түсетіні де қуанышқа бөлейді.

IMG_6539

Құрылыс қаланың көрнекті жерінде, Бұқпа тауының етегі мен Қопа көлінің жиегінде екпіндете салынып жатыр. Амандық болса, бас мердігер «Ақ сәуле» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл аяғына дейін жұртшылықтың айрықша назарындағы жұмысты аяқтап шықпақ. Қос қабатты ғимарат шығыс сәулет өнерінің классикалық үлгісін бүгінгі үрдіспен үндестіре қабыстыратынын айтады мамандар. Қолдағы макетке қиял жүгірте қарасаңыз, алдымен сақина, одан кейін шаңырақ болып жымдасқан болашақ ғимараттан той әуені естіліп жатқандай сезім кешетіндейсіз. Өріс кеңейтуді өмір мәні санайтын халқымыздың қуанышы көбейе бергей. Ертеңін еңселендіру қамындағы мемлекетіміз бұл орайда қаржы-қаражатын үйіп-төгіп жатқаны да ғанибет. Шеңбер пішінді етіп салынып жатқан, жалпы аумағы 987 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимараттың сыйымдылығы да едәуір ауқымды болмақ. Жоба құны – 837 млн. 588,351 теңге. Қалалық құрылыс бөлімі жетекшісінің орынбасары Рауан Оспановтың айтуынша, биыл құрылыс жұмыстарына 448 918,321 теңге бөлінген. Қазіргі уақытта ғимарат айналасы абаттандырылуда, субұрқақ орнатылып, бедертас төселуде, ішкі әрлеу, қабырғаларды бөлу жұмыстары жүргізілуде, ішкі инженерлік желілер өткізілуде.
Құрылыс аумағындағы нысанның төлқұжатымен танысқанымызда біраз өзгешеліктердің бар екенін байқадық. Мұның жа-
йын сұрағанымызда құрылыс алаңының басшысы Дәлелқан Жұмақанов бізге оның жайын баяндады. «Иә, оны дұрыс байқап отырсыздар. Ғимарат алып киіз үй үлгісінде салынуда. Сәулеті келіскен, қазіргі заман талабына сай мұндай ғимараттар республиканың бірқатар облыс орталықтарында бар. Бірінші және екінші қабаттар бөлінбейді, яғни бәрі бір шаңырақ астында. Өздеріңіз көріп отырғандай нысанның астыңғы бөлігінде кіреберіс зал, киім ілетін орын, азаматтық хал актілерін тіркейтін жұмыс кеңсесі, қонақ бөлме, күйеу жігіт пен қалыңдықты салтанатты рәсімге дайындайтын бөлмелер, қызметшілер кабинеттері орналасады»,– дейді ол. Тиісінше жоғары қабат мерекелік шараларды, неке қию рәсімін және той өткізуге арналыпты. Салтанат залынан бөлек үш холл, касса, фотограф, бухгалтерия бөлмелері бар.
Өз жұмыстарына мұқият кірісіп, қазірге дейін біраз шаруаның басын қайырып тастаған талапты да табанды құрылысшылардың жұмысқа деген жауапкершіліктері мол. Құрылыс алаңында жұмыс қызу жүруде. Мұндағы кірпіш қалаушы, дәнекерлеуші, электр жөндеуші, сылақшы, бәрі-бәрі өз ісінің маманы. Неке сарайы жас жұбайлардың өмірінде қайталанбас сәттердің бірі – жұбайлық өмірге жолдама беретін маңызды орынға айналары анық. Ұлттық нақышта құрылған жаңа ғимараттың көз тартарлықтай әдемі, көңіл сүйінерліктей керемет боларына күмән жоқ. Жоба авторы – «Строн-Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осындай ұлттық нақыштағы құрылыс нысандарының үлгісін жасау-мен шұғылданады. Мұндағы сәулетшілер елімізде бой көтеретін кез-келген заманауи ғимаратта осындай қазақылықтың белгісі болуы тиіс деп санайды. Әлемде уақыт өткен сайын сәулет саласы жедел дамып келеді. Cырты жылтырақпен қапталған, зәулім ғимараттармен   көпшілікті таң қалдыра  алмайсың. Сондықтан сәулетшілер әркез ешкімге ұқсамайтын өзгеше нысандарды ойлап табуға тырысқан. Бұл ерекшелікті шеберлер ұлттық нақыштан тапты. Қазір елімізде аталған серіктестік жобасы бойынша салынған бірнеше ғимарат бар. Олардың іші оюлармен көмкеріліп, ұлттық символдар қойылған.
Қала тұрғындарының саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті, қалалық азаматтық хал актілерін жазу бөліміндегі құжаттардың саны да арта түсуде. Сонымен бірге мұрағаттағы құжаттардың сақталу талаптары да артқан. Температура, ылғалдылық белгілі бір деңгейде болуы тиіс. Жаңадан еңсе тіктейтін Неке сарайында алаңсыз қызмет ету үшін барлық жағдай жасалатын болады. Бұл да үлкен қуаныш. «Қалада аптаның әр күні үйлену тойынсыз өтпейді. Сондықтан да бізге мұндай ғимарат керек. Оның тәрбиелік мәні де зор. Неке үйі болса онда тек неке қию рәсімін ғана емес, сонымен қатар күміс той, алтын тойды да өткізуге болар еді. Бұл – тұрғындардың сұранысы», – дейді қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбаса-
ры Рауан Оспанов. Әр адамның, әрбір ерлі-зайыптының өміріндегі ең елеулі, есте қалатын мерекеле-рінің бірі осы – неке қию салтанаты. Осындай үлкен қуанышты лайықты ғимаратта салтанатты түрде өткізетін күн де алыс емес. Сондықтан да Неке сарайы әрбір жас отаудың қуанышты табалды-рығына айналып, бақыт пен шуақ сыйлайтын құтты мекені болғай!

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс