Шаһар көркі – көк желек

Көкшетау – әсем әрі жасыл қала. Шаһар келбеті жыл сайын өзгеріп, көркейіп келеді. Әсіресе, облыс орталығының көркі жазда ерекше кейіпке еніп, түрлене түседі. Өйткені, қала жасыл желекке оранып, қызылды -жасылды гүлдермен көмкеріледі. Алайда көпшілігіміз, қала көшелерін абаттандыру үшін қаншама жан тер төгіп еңбектенетінін біле бермейміз. Өкінішке орай, маңызды бұл шарадан жекеменшік сектордағы тұрғындардан бастап, орта және шағын кәсіпкерлік нысандары кенже қалып жатады. Гүл көшеттері уақытылы суарылғанымен, кейбір адамдардың тарапынан гүлзарларды ластау, жұлу сияқты бойкүйездіктер орын алуда.

Қаламыздың жасыл желекке айналуы, экологиялық ахуалдың жақсаруы қала әкімінің үнемі назарында. Биыл облыс орталығын көгалдандыруға 2,5 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бал бармақты бағбандар әр тал гүлді, әр бұта, әр ағашты аялай егіп, гүлзарларды құлпыртуға құлшына кіріскен. Себеттер сырланып, жақтаулар ақталып, субұрқақтар сылдырлап, тұрғындардың демалып, көз қуантып, көңіл көтеруіне, еркін дем алуына жағдай туғызылуда.
Әрбір тіршіліктің өз бастауы болады. Гүлде де солай. Оны қысы-жазы бағып-қағатын «Зеленстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары жақсы біледі. Кәсіпорын жылыжайында  гүлдің 30-ға тарта түрі өсіріледі. Гүлзарлардан бастап жол жиектеріне және қала көшелеріне егілген көшеттердің арасында тагетис, петуния сияқты маусымдық гүлдер бар.
– Өкініштісі, солтүстіктің климаттық жағдайына байланысты еңбегіміздің жемісі жаз айларында ғана көрінеді. Бірақ біздің мамандардың жұмысы жыл бойына жалғасатынын біреу білсе, біреу білмейді. Келесі маусымға дайындық желтоқсаннан басталып кетеді. Жылыжайды жылыту, гүлдерді зиянкестерден қорғау тәсілін ойластырамыз. Біздің бір көшеттегі гүл екіншісіне ұқсамауы тиіс. Биыл бір жерде ақ пен қызыл түсті гүл егілсе, келесі жылы ол жерге басқа гүл отырғызылады. Ал суыққа төзімді әдемі гүлдерді іздестіру мен іріктеп алу – өз алдына күрделі процесс, – дейді серіктестік директоры Геннадий Осиненко.
Гүлге үлкен махаббатпен қарайтын мейірімді, еңбекқор жанның бірі – «Зеленстрой» кәсіпорнының гүл өсірушісі Райхан Доскенова. Гүл өсіруші маманның айтуынша, алдымен топырақ өңделіп, тазартылады. Топырақ ұяшықтарға бөлінген жәшікке салынады. Тура сол жерде ол конвейер арқылы өтіп, әрбір ұяшыққа бір-бірден тұқым себіледі. Әр гүлге ерекше күтім керек. Түрлі климаттық аумақта өскен гүлдер бір жерге шоғырланса да, олардың жайқалуы бір мезетте болмайды. Көбінесе, толықтай гүлдеп шығу үшін шамамен 60-70 күн кетеді.
– Көгалдандыру бөлімінде жүзге жуық адам бар. Соның тең жартысы гүл ексе, қалғандары күтіп-баптаумен айналысады. Себебі, егілген гүл көшеттерін суару, солып қалғандарын ауыстыру, жұлынып қалғандарының орнына басқасын егу  біздің мойнымызда. Ең өкініштісі, еңбегіңнің еш болғанын көру. Себебі, кей гүл көшеттері солып, қурап жатады.  Амал нешік, табиғи құбылысқа қарсы тұра алмайсың. Ал кей тұрғындардың гүлдерді аяқпен таптап, енді бірі жұлып тастағанын көргенде іштей қынжыласың, – дейді Райхан құрбымыз.Солтүстік өңір климатының қаланы жасыл желекке айналдыруға көп кедергі келтіретіні рас. Соған қарамастан қалаға ерекше көрік беру үшін облыс орталығында 14 мың шаршы метр аумаққа гүл отырғызылды. Гүлзарлардың көлемі ұлғайып келеді. Гүл егуде ыдыс-сауыттарды пайдалану, ұлттық нышандағы ою-өрнек пiшiндерiн қолдану секiлдi түрлi әдiс-тәсiлдер қолданылып жүр.
«Ең алдымен Жеңіс аллеясы және орталық алаң қолға алынды. Мақтай тауы маңайы, Ауғандықтар паркі алаңы, Осипенко, Шоқан ескерткішінің айналасына да ерекше көңіл бөлінді. Қала көшелеріне қойылған гүл себеттеріне сәнді композиция жасалды. Көше қиылыстарында егілетін петуния, цеценария, тагетис, сальвия, астра, циния, портулак, кохия, целозия гүлдері солтүстіктің табиғатына бейімделген. Бұл гүлдердің қаламызға тез жерсінетініне күмән жоқ», – дейді Геннадий Осиненко.Дәл қазіргі таңда, ел күткен халықаралық көрме – ЭКСПО көрмесі өтіп жатқан уақытта Көкшетау ажарын паш етіп тұр. Жаңа зәулім ғимараттардың келбеті өз алдына, көшені бойлай көкке ораған тал-теректер көңіл көншітеді. Көбелек қонып, көркін ашқан гүлзарлар көз сүріндіреді һәм сүйсінтеді. Гүл дестелерінен апталған мүсіндерге қарап қызығасың, сүйсінесің. Міне, көше жиектерін көмкерген қызыл-жасыл гүлдерден жасалған осындай әдемі көріністер тамсанбауға болмайтын сұлулық әлеміне жетелейді. Абылайхан ескерткіші маңайына егілген гүлдерді суғарып жүрген арнайы көлікті көріп, жауапты адамдарды сөзге тарттық. Қала көркі – көк желек. Көк желектің де көздің жауын алатын, хош иісті гүлдердің көп болғаны жақсы. Бірақ, сол гүлдерді күтіп-ұстайтын, жұлмайтын адамдардың көп  болғаны одан да жақсы болар еді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс