Шаһар шырайланып, көркейе түседі

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, өткен жыл бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы жайында айтып берді.
DSC_3231Өткен жылдың қорытындысына үңілсек, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалады. Қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылым, соның ішінде жылу, су тарту жүйесі, газ және электрмен жабдықтау бойынша көптеген мәселелер шешімін тапқан. Қалада есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінде көлемі 94,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. 19,1 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бас жоспарға сәйкес қала келбеті жылдан-жылға көркейіп келеді. Былтыр 164,7 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Қаланың қазіргі тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, алда әлі талай міндеттің тұрғанын және оны орындап, іске асыруда барынша күш жұмсалатынын айтқан Амангелді Смайылов журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Алғашқы сұрақ биыл Көкшетауда өтетін Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы форумына қаланың дайындығы, Қопа көлін тазарту, ауыз су сапасына қатысты болды. Қала басшысы форумға тыңғылықты дайындық жүргізу, қала көшелері мен ғимарат алаңдарын абаттандыру, қоғамдық тамақтану орындарының сапасын арттырып, мәдени, экскурсиялық бағыттағы бағдарламаларды ойластырудың маңыздылығын атап өтті. «Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы форумының Көкшетауда өткізілуі өңірге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Келген қонақтарға сапалы қызмет көрсетуді талап ететін орындардың бірі – қонақүйлер мен тамақтану орындары. Осы ретте меймандарға қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға барынша күш салынуы тиіс. Форумға арнап салынып жатқан «Болашақ» сарайының аумағы 15 мың шаршы метр. Маңызды нысанда мәжіліс залы, спорт зал, бассейн қарастырылған. Маңызды шараға байланысты қалада жол жөндеу, абаттандыру жұмыстары да жүргізілетін болады, – деді Амангелді Смайылов.
Қопа көлін тазарту бірнеше кезеңге бөлінгендігін айтты әкім. Жобалық-сметалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Қылшақты өзенінен ескі көпірге дейінгі аумақ тазартылып, жаяу жүргіншілер жолы жасалып, маңайы жарықтандырылады. Биыл басталатын жоба 2022 жылға дейін жалғасады. Бармашин ауданының аумағын қалыпқа келтіру жұмыстары 2023-2025 жылдары жүзеге асырылады. Қалада су, канализациялық тазарту ғимаратын салу жобасына 3,8 млрд теңге қарастырылып отыр. Қалада жылу электр орталығын салу үшін РК-2 бу қазандығына жақын аумақта жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта инвестор іздестірілуде. Жаңа нысан іске қосылса, тұрғындар жылумен қатар электр жарығы және ыстық суға да қол жеткізеді.
Брифингте Бейбітшілік шағын ауданында жолдың жоқтығы тұрғындарды алаңдатып отырған мәселе екендігі айтылды. Қала басшысы аталған ауданда жол салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайын екендігін мәлімдеді. Екі кезеңді қамтитын жобаға 800 млн теңге қарастырылған. Қаражаттың 450 млн теңгесі биыл игерілмек. Жоба бойынша осы аумақта мектеп салу көзделуде.
Журналистер «Нұрлы көш» бағ-дарламасының шикіліктері төңірегіндегі дау-дамайға әлі нүкте қойылмай тұрғанын алға тартты. «Бастапқыда үйлер жөнді салынбады, іргетасы дұрыс қаланбады. Бұл түйткіл сол уақыттан бері айтылып келеді. Білеміз, құрылысты салу кезінде кеткен кемшіліктерді тұрғындар әлі түзетумен әлек. Бүгінгі күні үйлердің 80 пайызы қалыпқа келтірілген деуге болады. Пәтерлерді өз аттарына ресімдеу үшін жер телімдері тұрғындарға қайтарыла ма, белгісіз. Қазір бұл мәселемен депутаттар айналысуда», – деп жауап берді әкім.
Әкім кездесу барысында биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ақынға ескерткіш орнату жоспарда барын, бұған қатысты бірқатар ұсыныстар түскенін мәлімдеді.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий