Шер шумақтар

Көкшелік қаламгерлердің
қатарында өзіндік орны бар,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі, Қазақстан
Журналистер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, қалалық «Көкшетау» газетінің
бас редакторы Серік Сапарұлы Жетпісқалиев мамырдың 1-ші жұлдызында 60 жасқа толғалы отыр. Өлеңнен өрнек түзіп, талай тақырыптарды жырына арқау
еткен жанның бір топ жыр шумақтарын оқырман назарына ұсына отырып, әріптес ағамызға шығармашылық шабыт, қажымас қайрат, талмас қанат тілейміз.

Бір топ әріптестері.

«Қимай көшкен қарашам жерді алам» деп,
«Сынғанымша алысам, кел маған!» деп.
Көз алдыма келеді жалғыз қалып,
Қу найзаға сүйенген ер Махамбет!
* * *
Ел қамы жанға батар ма,
Намыстың таңы атар ма?
Махамбет төккен жырларға,
Бауырым, тісің батар ма?
* * *
Сабылтып, жыр-тұлпарды терге малып,
Келемін Махаң жатқан жерге барып.
Жастарға тасқайрақ жыр жазсам деймін,
Қасиет, кепиетті елден алып!
* * *
Жыр жазсам ұлт ұстанған салтым жайлы,
Атынан түсіп тұрып ар тыңдайды.
«Бас берсең де арға дақ түсірме» деп,
Махамбеттің жырлары жарқылдайды!

Ерлік – мұра, өзегі сарқылмайды,
Ел үшін ер ерліктен тартынбайды.
Қапы қалған Махамбет қылышындай,
Ай астында алдаспан жарқылдайды!
* * *
Сиқың кетіп, құлады бәсің неден,
Еңіс тартып, езілді өрең неден?
Жараланған рухыңды емде, достым,
Ер Махамбет қалдырған өлеңменен!
* * *
Қиын деп жігіт арын былғамақ па,
Жақсылар жаман сөзін тыңдамақ па?
Халқының қамын ойлар бас кетсе де,
Ер жігіт шыбын жанын бұлдамақ па?
Дүниеге келдім бәлкім, (босқа өтпес ем),
Өрлігін Махамбеттің жырламаққа!
* * *
Түңіле берсең, мүжіліп,
Басыңа бақ кеп орнай ма?
Жүгірмей табан тілініп,
Тағдырың тегін қолдай ма?

Қорғанбасаң қорғай ма,
Отсыз жүрек солмай ма?
Құлпытастай қыбырсыз,
Тұрған адам тоңбай ма?!

Сақтанбасаң сақтай ма,
Жаманды жұрты мақтай ма?
Алау да отты өршіген,
Табанға біреу таптай ма?

Әрекет қылған жаурай ма,
Жеңімпаз сайран салмай ма?
Талапты ерге қашанда,
Төбеден нұр жаумай ма?!

Мән бермей ондай-мұндайға,
Алысты ойы шолмай ма?
Махамбетше беу, дүние-ай,
Жалындап өтсең болмай ма?!
* * *
Бас кетер, бірде тіл кетер,
Шындыққа өйтпей кім жетер?
Тірелсең келіп тұйыққа,
Махамбет бар ғой үлгі етер!

Кім келер тағы, кім кетер,
Аталы сөзді бір көтер.
Жұртыңды жатқа талатпа,
Махамбет бар ғой үлгі етер.
* * *
Қалай көрмей өтейін,
Көргені көптің сор болса.
Шерге батпай қайтейін,
Қайран тілім қор болса?!
* * *
Менен бұрын ол орден тақты-ау, деме,
Менен бұрын жайлы орын тапты-ау, деме.
Адал жеткен төбең де таудан биік,
Мақсат жаншып, өзгені таптау деме!
* * *
Ата жолың, салт-дәстүрің – құнарың,
Ұлт мүддесі таңдап тағар тұмарың.
Қасиетін жоғалтпасаң қазақтың,
Бәйтерек боп кәміл жайнап тұрарың!
* * *
Дүниенің күйбеңі бір азаймас,
Ұлт мінезі қайда біздің, кәне, ойлас.
Қамқорлай біл, таса қылма көзіңнен,
Ей, азамат, қарындасқа қарайлас!
* * *
Оймен қара құла дүзге,
Қырын жүрме қағидаға.
Сарайыңнан шырақ ізде,
Сырын айтар сайын дала!
* * *
Күлтегін шерін оқымай,
Көсегең қалай көгерер?
Өткеннің мұңын тоқымай,
Ой-сана қалай теңелер?

Сөйтіп бір өсер өрелер,
Шуаққа жаның бөленер.
Сәулелі ойдың керуені,
Іргеңе көшін шөгерер!
* * *
Қалай ғана жаншыған жеңілдер күн,
Жемі болды қазына көрінгеннің.
Жұртқа бөлген қаржыны құныға жеп,
Тоймай қойды жемсауы жебірлердің.

Сенім артып, құрметтеп, төрім бердім,
Абыржыған тұтылып өңін көрдім.
Жылдар өтіп барады-ау, жылдар өтіп,
Алдауына шырмалып жебірлердің!
* * *
Айшылық жол керек болса, жүріп кел,
Ұлтқа керек сөз болса ізде, біліп бер!
Ей, азамат, жымқырғанша ел қорын,
Мұқтаждарға уысыңнан жырып бер!

Қарияңа қатты дәнді үгіп бер,
Жау таяса жон арқасын тіліп бер.
Ұлтың тоңса сарайыңда сенделмей,
Жел өтінде қара жар боп тұрып кел!
* * *
Беттен қағып, сағымызды сындырып,
Жетпіс жылдай қылғындырды сұм құрық.
Жіберген бе, деп қараймын айнала,
Жалындаған жігерлерді құм қылып!
* * *
Иелігін елімнің одақ алып,
Айдаладан жоспарлар жобаланып.
Ебіл-себіл ұрандар ес шығарып,
Жүретін жұрт сабақты содан алып.

Жас санамыз сол умен жараланып,
Өстік біздер күш жоқ деп одан ары.
…Әкелерім босатқан бөтелкелер,
Бара жатар еді ғой домаланып!..
* * *
Болмайды деп неге айтасың енді ерлік,
Жігерсіздік құм ғып қанша жерлендік.
Қисынсыздық қинар болса жаныңды,
Халқың үшін қайғы кешсең – ол да ерлік.
* * *
Біледі олар жолының терістігін,
Біледі олар ісінің кемістігін.
Өздерінің көсілер ортасы бар,
Өздеріне сол «әлем» өріс бүгін.

Оралуға жетпейді өрелері,
Кім кеңітер тарылған керегені.
Өзі сөйлей алмаса туған тілде,
Қалай ғана сөйлетсін немерені!
Басқа ұяда өскендей көндікпеді,
Келмейді белдіктері, ендіктері!
Ана тілін үйреніп, о тәңір-ай,
Оралуға жетпей тұр ерліктері!
* * *
Қазақтың жолы әдеп еді ғой көз көрген,
Апырай бәрі, бәрі тез қалай өзгерген.
Ширыққан жүйкені қорғап көр енді,
Қисынсыз пікір, ойсыз сөздерден…
* * *
Жалғандық жала түгендейді екен,
Жазықсыз жапа шектіріп.
Аласаруға жібермейді екен,
Арқадан тіреп тектілік!
* * *
Өтірік күліп күніңді өткізу
Бар қайраның боп көрінер.
Өзіңді мінеп, бекер сөккізу,
Жер қалмай сүйем шегінер.

Пұшайман жанның кейпін жеткізу…
Абырой солай төгілер.
Қуарған жағын сақ-сақ еткізіп,
Күлетін секілді өлілер!

Ұят шегініп, жөн-жосық көшіп,
Қаусаған мынау қоғамда.
Оңай болмай тұр өтірік кешіп,
Тірі боп жүру адамға.
* * *
Жұртқа керек тағылымды, ойлы өлеңің,
Ондай сәтті жыр жазсам – той көремін.
Бірақ оның отына төзу қиын,
Жартасты да мүжиді ой дегенің!
* * *
Білген қалай күнді бос өткереді,
Жігерсіздің күні тек босқа өледі.
Жүректерді шоқтай боп қарысын деп,
Намысты ақын өлеңін отқа өреді!
* * *
Серпіліп, семсер күн кешелік,
Жер шалып, желдей боп еселік.
Көкшенің көкке өрлер талындай,
Тас жарып, тас тесіп өселік!

Сор қайғы соңына жегілмей,
Етекке жас төгіп, егілмей.
Еңбекпен өтейік өмірден,
Сынына тағдырдың жеңілмей!

Өссең де еш адам жасқамай,
Жүрсең де дұғаңды тастамай.
Еңбек ет жеткенше дәрменің,
Адамда амал жоқ басқадай!
* * *
Күйіп кеуде кейде бір шаршарым бар,
Жалындаған шағымды аңсарым бар.
Бара жатса көбейіп, қиналамын,
Жігеріңді құм қылар жалтақ ұлдар!
* * *
Келді де кетті-ау бір көктем,
Ызғарлы еді күн неткен?
Мақсатсыз көшу жөнбе еді,
Жөңкіліп бірге дүрмекпен?

Өмірдің мәнін білмек пе ең,
Білем деп бәрін жүрмеп пе ең?
Үлгертпей, қапы қалдырып,
Келді де кетті-ау бір көктем!
* * *
Ұлы тірлік әуелден тылсым еді,
Тірі жанда ой қашан тыншып еді…
Бар жақсысын күңкілдеп, жұтып алып,
Қазақ қана, әйтеуір, күрсінеді.
* * *
Құр қалып не хикмет, кереметтен,
Алмай-ақ биіктерді өре жеткен.
Тыңдамай айтқандарын білгендердің,
Дүниеден талай-талай керең өткен!

Өмірдің әр таңына елең еткен,
Жөн сөзді тірлігіне себеп еткен.
Дүниеден бақытты боп өтті ақылман,
Құр қалмай не хикмет, кереметтен.
* * *
…Кешіп те жүрген осы күндерімнен,
Осы ғұмырымнан тәбәрік, інім.
Жеңілдер мүмкін, арқалар жүгің,
Көкірек көзіңе жетсе егер үнім.
* * *
Қандай ақыл айтайын саған, інім,
Қалар кейін менсіз де балалығың.
Ескермеген өзгеге өкпелемен,
Танығанға жанымды бағалымын.
* * *
Көрсемде талай сынағын мынау
тағдырдың,
Өкпенің бәрін өкінген жерде қалдырдым.
Өртедім-дағы жанымды езген қайғыны,
Өрекпіп қайта жаңғырдым.

…Серпіліп солай өмірге қайта енемін,
Жақсылықтарды жақұттай іздеп теремін.
Алмас қылыштың жүзіндей өткір сондықтан,
Жауқазын жырым-өртеңге өскен өлеңім!
* * *
Құштар боп, іздеп қамдандым,
Қайда деп сөздің түйіні.
Ізімен жүру Мағжанның,
Ақын біткеннің биігі!

Ұлт үшін өткен құрбандар,
Адамның асқақ шыңдары.
Мағжандағы у мен бал,
Өмірдің мынау шын дәмі!
* * *
Күнін кешіп жүрміз-ау еріншектің,
Шеттен көмек болмаса не күй кештім?
Қылғандай боп қолғабыс кен қазуда,
Кім біледі ниетін келімсектің…

Ұмытып бір қиналыс, қайғы-мұңды,
Өзім қойып, кемітпей айлығымды.
Қабағына қарамай біреулердің,
Өзім қазып алсам-ау байлығымды!
* * *
Мың жауып, мың ашылды Көкше күні,
Бәрі өтпелі, сақтайық есте мұны.
Аударып парақтарын жазып жатқан,
Бұл бәлкім тіршіліктің естелігі.

Шегінер жастығыңның кесте күні,
Алға бас аманында көш-көлігің.
Өткізген еш амалсыз, бір қайрансыз,
Түседі өткен күннің еске мұңы…
Мың жауып, мың ашылды-ау, Көкше күні.
* * *
Қиял қуып, арман отын жақтырдым,
Атар таңды бір көз ілмей аттырдым.
Шабыт қысып, тулағанда толқын жыр,
Айды алуға аспандағы шақ тұрдым!

Балалығым! Шуағындай ақ нұрдың,
Ақ құмым-ай, жырға алғаш тап қылдың.
Тұлпар ізін судай шайған ақ құм бұл,
Сусылдаған қанатындай аққудың!

Шырмауында жүрмін бе әлде жат күннің,
Туған жерім, көзге моншақ тақтырдың.
…Сыбдыр-сыбдыр сыр айтқанда ақ құмым,
Сағыныштан мен жылауға шақ тұрдым!
* * *
Мен Көкшеде туғаным жоқ,
Туған жерім Ақ Жайық.
Ал Көкшені құлай сүйсем,
Кеңдігіме бар ма айып?

Тұрам жанып, жырлағым кеп,
Сұлулықты әрдайым.
Мұнда тудым, тумадым деп,
Соқыр болып қалмайық!
* * *
Көз ұшында көрінген шаңнан үркіп,
Жүрек көшіп кеудеден, қалған іркіт.
Үрейінен әлі ұлт арылмаған,
Айтар сөзді тіл тістеп, қалған іркіп.
…Қауқарынан айрылса, туу биіктен,
Құлай салады екен ғой, қайран, бүркіт!
* * *
Баяғы Абай айтқан, шығындана,
Атандың бірің ойшыл, бірің дана.
Ал тілің босағада шырылдайды,
Қалғаны бүгіндері жұғын ғана.

Тіл болмаса ұлтыңның қалғаны өліп,
Тілің ғана үмітің жанға көрік.
Не қасиет қалады қазағыңда,
Мәңгүрттерің жүргенде малдай өріп!..
* * *
Күйінесің, айтқанға көнбегесін,
Жүрмейді сабаласаң, өрге көшің!
Басқа қайран жоқ болса, бір Алла деп,
Соңғы қазақ қазақша сөйлеп өлсін!
***
Мына бауыр, айтқаныма тоқтай ма,
Ана тілін үйрене ме, жоқтай ма?
Жігерленші, айналайын, бұрылшы,
Қаныңдағы Мағжан айтқан от қайда?!
***
Өлең менің нұрлы әлемім пәктеген,
Тозаң қонбас тәкаппар ол ақберен.
Алмас қылыш қолға алғандай қызынам,
Қаламыма ілінгенде сәтті өлең!

Өлең менің қонағы кең төрімнің,
Өлең ең бір аяулысы көңілдің.
Оған кірі жұқпасын деп қиналам,
Сұмдығы мен жалғаны көп өмірдің!
***
Бүтін ұлтты жын қылып ед арағы,
Енді алаң қылды кей ұлдардың балағы.
Құндылықтың ең үлкені жас үшін,
Басқа емес, ақша болып барады…

 

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Көкшетау қаласы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий