Ширақ қимыл, жедел әрекет керек

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев қаланың сәулеттік келбетін жақсарту, көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Жоспарланған шаруалар жұмыс кестесіне сәйкес атқарылып жатқанымен кейбір нысандарда қарқын баяу, сапа төмен. Сол себепті қала басшысы орындаушылық тәртіпті күшейтуге назар аударды.

Қала басшысы алдымен №10 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын аралап көріп, мекеме жетекшілеріне мердігер ұйымдардың жұмысын мұқият бақылауға алуды тапсырды. Жоспарланған жұмыстар мерзімінде аяқталуға тиіс. Әкім мектеп басшысына айналаны ретке келтіруді, абаттандыруды тапсырды. Қала әкімі мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары бойынша бюджеттен бөлінген қаражат мақсатты игерілуі тиістігін баса айтты. Сапар барысында қала әкімі мектеп маңындағы қисық қоршаулар мен қоқыс үйінділерін сынға алды, білім ордасының сыртқы келбетін жөнге келтіруді қатаң тапсырды. Сәдуақасов көшесі, 50 мекен жайындағы спорт алаңының құрылысымен танысу барысында әкім мердігер мекеме басшысына жұмысты барынша сапалы жүргізуді ескертті. Қала басшысы Боровской мөлтек ауданындағы 280 орындық балабақша құрылысы алаңында болды.  Әкім сала басшыларына жұмыстың барынша сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімінде аяқтауды жүктеді. Қала басшысы құрылыс материалдарының сапасына назар аударып, сапалы материалдар қала көшелеріне көрік беретіндей болуы керектігін айтты. Бұдан соң қала әкімі Е.Маржықпаев Вернадский көшесі, 13 мекен жайындағы абаттандыру жұмыстарын да қарап, жергілікті тұрғындардың пікірін тыңдады. Құрылысшыларға асфальттау жұмыстары жауын жауғанда су жиналып қалмайтындай етіп жасалуы тиістігі ескертілді. Аулаларды аралау барысында көтерілген барлық мәселені жіті назарда ұстап, шешімін табуға жәрдемдесетінін айтты. Көшелердің сан мыңдаған тірлігіне араласып, оны оңтайлы шешу оңай атқарыла салар шаруа емес. Мәселен, жол жөндеу, жаңбырдағы лай судың ағатын жерлері, адам жүретін тротуар мәселелерінің өзі инженерлік жүйеге сәйкес жүргізілуін талап ету маңызды шаруа екенін атап өтті әкім.
Жұмыс сапары барысында қала басшысы РК-2 бу қазандығындағы жөндеу жұмыстарын аралап көрді. «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының директоры Сергей Жуковтың мәлімдеуінше, алдағы жылу маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жылу жүйелеріндегі температуралық, гидравликалық режимдерді үздіксіз, бірқалыпты ұстап тұруға арналған дербес қазандықтар жөнделуде. Кәсіпорындағы №8 бу қазандығының электр сүзгілерін жаңарту жұмыстарына қаражат бөлінген. 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан электр сүзгінің ескіргенін айтады мамандар. Қыста әр сағат сайын жағылатын 28 тонна көмір қалдықтары осы сүзгіден өткізіледі. Қазіргі күні мұнда жөндеу жұмыстары жүруде. Бастысы, барлық жұмыстар дер кезінде кестеге сай орындалса, алаңдауға негіз жоғын айтады жылу беру мекемелерінің басшылары.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий