Ширақ қимыл, жедел әрекет

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев 6 маусымда бірқатар білім беру мекемелерінде атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жоспарланған шаруалар жұмыс кестесіне сәйкес атқарылып жатқанымен кейбір нысандарда қарқын баяу, сапа төмен. Сол себепті қала басшысы орындаушылық тәртіпті күшейтуге назар аударды.

DSC_8117

Қала басшысы алдымен ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған білім беру мекемесіндегі күрделі жөндеу жұмыстарын көріп, мекеме жетекшілеріне мердігер ұйымдардың жұмысын мұқият бақылауға алуды тапсырды. Жоспарланған жұмыстар мерзімінде аяқталуға тиіс. Бұдан соң қала әкімі №33 Гагарин атындағы балабақшада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. 1985 жылы салынған екі қабатты ғимараттың терезелері ауыстырылып, қабырғалары күрделі жөндеуден өтеді. Ғимараттың ескіргеніне қарамастан, мұнда бүлдіршіндердің білім алып, жан-жақты дамуына толық жағдай жасалған. Білікті маман, балабақша меңгерушісі Бақытжамал Омарова ұжымдағы тәрбиешілерге жан-жақты бағыт-бағдар беріп, үнемі қолдау көрсетіп отыратындығын айтты. Ұжымда көп жылдардан бері жұмыс атқарып, бала тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген тәрбиешілер де жетерлік.

DSC_8169Қала басшысы «Мирас» балабақшасында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарын көріп, айналаны ретке келтіруді, абаттандыруды тапсырды. №19 орта мектептің айналасын асфальттау, тротуар жасау, бедертас төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы маңдағы ескі гараждар сүрілген. Қала әкімі мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары бо-йынша бюджеттен бөлінген қаражат мақсатты игерілуі тиістігін баса айтты. Сапар барысында қала әкімі мектеп маңындағы шөп басқан аумақты, қисық қоршаулар мен жазғы баскетбол алаңын сынға алды. Білім ордасы ішкі мәдениет пен тәртіптік этикаға да мән бермейтіндей. Мектептің ішкі безендірілуі жұтаң көрінді. Стенділер талғамсыз ілінген. Осы олқылықтарды дөп басқан қала әкімі Е.Маржықпаев: «Білімнің сапасы тікелей мұғалімге байланысты. Білімді де білікті ұстаздың шәкірті де биіктерден көрінері сөзсіз. Өкінішке орай, осыған дейін көбіміз бұл мамандықты тек қана табыс көзіне айналдырып алдық. Яғни, сағатын алып, сапасын ұмыттық. Осының кесірінен бүгінгідей дәрежеге жеттік. Әрбір ұстаз ата-ана сеніп тапсырған әр оқушыға жан-тәнімен білім мен тәрбие беруі тиіс», – дей келе, мектептің ішкі-сыртқы келбетін жөнге келтіруді қатаң тапсырды.
«Центральный» мөлтек ауданы 52 мекенжайындағы тұрғын үй ауласында абаттандыру жұмыстары басталған. Ауладағы жұмыс ауқымына асфальт төсеу, жиектастар орнату, балалардың ойын алаңы, көлік қоятын орын дайындау кіреді. Құрылысшыларға асфальттау жұмыстары жауын жауғанда су жиналып қалмайтындай етіп жасалуы тиістігі ескертілді. Қала әкімі сала басшыларына жұмыстың барынша сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды.
«Аулаларды жөндеуді бастадық екен, енді бұл жұмысты сапалы орындап шығуымыз қажет, әрбір тұрғын мұны сезінетіндей болуы тиіс. Мердігерлер осыны ескерсе екен»,–деді Е.Маржықпаев. Сапар соңында қала басшысы Смағұл Сәдуақасов көшесі бойында орналасқан жаңа аллеядағы құрылыс жұмыстарын барып көрді. Тұрғындар өтініші бо-йынша мұнда қосымша орындықтар орнатылады. Қала басшысы құрылыс материалдарының сапасына назар аударып, сапалы материалдар қала көшелеріне көрік беретіндей болуы керектігін ескертті.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс