Шынардың шыңы

Журналистика саласында табан аудармай қызмет етіп, әлі күнге дейін сүйікті басылымына мақалаларын жіберіп, газеттің болашағына алаңдап тұратын жандардың қатарында жүрген қаламгер апайымыз Шынар Байтықова десем ешкім сөзімді теріске шығармас. Есімін де тауып қойған ба дерсің. Шынар десе
шынар, таудың ұшар басында, қол жетпес биікте тамыр жаятын ағаштай, өзі дара, салған жолы сара. Есіміне
жастайымнан қанықпын десем артық айтқандық емес. Мөлдіретіп жазатын новеллалары қандай тартымды!
Өзі менің туған ауылым Жылымдыға жақын орналасқан Қарлыкөлдің қарлығашы екен. Жаныма жақын
тартатыным да сондықтан.

Бірде Шынар апайдың өз анасы туралы жазған әңгімесін оқып, жазу стиліне, тақырыпты аша білу шеберлігіне, оқырманын қызықтыра алатын сюжетіне таңданғаным бар. Ауылдан қалаға оқуға кетіп бара жатқан қызына күлше нан пісіріп, шығарып салып тұрған аяулы жанның бейнесі көз алдыңа келіп тұра қалғанда, өз анаңа деген сағыныш сезімі жүрегіңді сыздатып қоя берер еді. Мейірімді ана тек өз баласына ғана емес, қалада ашқұрсақ жүретін студент балалардың бәріне ыстық нанынан үлестіріп, жүрек жылуы-мен басқаның да бауыр етін жылытып жатқаны қандай жарасымды! Осындай қайырымды жанның тәрбиесін алған Шынар қалайша сезімтал болмасын… Оның да жүрегі нәзік, аңғал, сенгіш. Кейде сұраған кәмпитін ала алмаған баладай бұртиып, ашуға булықса, кейде көңілі толып жүреді. Қазақтың қайсар қыздарына тән табандылық пен қажыр-қайратты да бір бойынан табасыз. Өзінің айтқанын дәлелдеп, кесімді пікірін айтып тұрып алатын тұстары да бар. Кейде ашуланып, күйіп-пісіп, әділетсіздікке әділ бағасын беруге тырысса, кейде жайдарыланып, жарқылдап, көңілді әңгімеге көшер еді. Әсіресе, редакцияда болған қызықтарды ортаға салғанда оттай жанады. Өзінен жасы үлкен ағайлар мен апайлардың қылықтары жайлы айтқанда шегің түйілгенше күлесің. Себебі, Шынардай суреттеп беру екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Орнынан жайлап тұрады, қулана күлімсіреп, асықпай-саспай құдды бір жай ғана болған оқиғаны баяндап тұрғандай әңгімесін бастайды. Сөздері қандай нық болса, суреттемесі де сондай. Бәрі көз алдыңнан кинолентадай өтіп жатады. Езуің жиылмай, көзіңнен жасың шыққанша күлесің де отырасың. Іштей әңгімесі таусылмаса екен деп тілейсің.
«Көкшетау» газетінде Шынар апаймен бірге қызметтес болған кездерде өндіріс саласына көп қалам тартты. Осы тақырыпты жазудың шебері. Қаладағы кәсіпорындарды талмай аралап, тыныс-тіршілігінің тамырын басып, мақалаларына арқау етті. Тіпті, әріптестерімен қош айтысып, құрметті демалысқа шыққанда «Өндіріс саласын дәл мендей ешкім жаза алмайды» деп кеткені күні кеше ғана. Оны да өзіне деген зор сенімділікпен айтты. Бұл да Шынар апайдың шындықты шырқырап айтатын қасиеті. Сонау кеңес заманында жұмысы көріктей қызып жататын редакцияның қым-қуыт тіршілігінің ортасында қызықты күндерін бірге өткізген, бүгінде қатары сиреп қалған қимас әріптестерін сағынышпен еске алатын сәттері де жиіледі. Олардың бейнелері сағымдай бұлдырап, енді кездеспейтінін жүрегімен сезінген сайын қағаз бетіне мөлдіреген моншақтай естелік мақалалары мөлт-мөлт түседі. Олар қайталанбас тұлғалар, қалжыңы жарасқан құрдастар, «ағалап» өткен арыс-
тары мен «апайлап» өткен арайлылары. Шынардың ондай жайсаң жандар жайлы талай қалам тербейтініне, шабыттана жазатынына еш күмән жоқ. Қолы қалт еткенде қолына түскен басылымның барлығын бүге-шігесіне дейін оқып, ой қорытатын адамның уақытын зая кетірмесі анық. Қолынан қаламы түспей, компьютермен теру дегенді керек те қылмайтыны сондықтан. Темір жәшікке телміргенше, ақ қағазға ойын бірден түсіргенді жөн көреді. Ал, күнделікті күйбің тірлікте ол бақытты әже, мейірімді ана. Ба-
уыр еті баласына барын беріп, замана ағымынан қалыспай, баспана мәселесін жалғыз өзі-ақ шеше беретін батылдығымен талай еркекті шаң қаптыратыны анық. Әйтпесе, қаланың шетінде бой көтеріп жатқан жаңа үйлерден пәтер алып, жанына қызын жайғастырып, жайланып отырар ма еді. Осыдан кейін Шынарды дара, салған жолы сара демей гөр.
Астана қаласының туған күніне және кәсіби мерекеге орай отандық журналистикаға қосқан үлесі және көпжылдық шығармашылық жұмысы үшін әріптесімізге Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың атынан Құрмет грамотасы табыс етілді. Шынар Бекмағанбетқызын құттықтап, қаламы мұқалмай, жазары көп болсын дейміз!

Гәкку БӘЙІШЕВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий