Шәкәрімнің шырғалаң тағдыры

Солақай саясаттың құрбанына айналып, 73 жасында ату жазасына кесілген қазақтың біртуар ұлы Шәкәрімнің қилы тағдыры бұған дейін еліміздегі театрларда сахналанбай келген еді. Ақ түйенің қарны жарылды. Түрлі тақырыпқа қалам тербеп, театр жанрына да тартынбай бара білген жерлесіміз Темірболат Ахметовтың осыдан 20 жыл бұрын жазған пьесасы Көкшедегі қазақ өнерінің қара шаңырағында ойналды. Қоюшы режиссері – Мұратбек Оспанов, басты рольді сомдаған Құмарбек Қалқатаев. Автордың айтуынша, мамандығы дәрігер екен. Бірақ бұл салада ұзақ уақыт қызмет жасамаған. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде жұмыс істеген кезде Шәкәрім Құдайбердіұлының жеке ісімен танысуға мүмкіндік алған. Жазықсыздан жазаланған жанның қилы тағдыры жайлы қалам тербеуге бекініп, осы пьесаны жазып шыққан. Бірақ кедергілерге тап болып, ақынның өз тағдырындай теперішті көп көрген. Театр өзінің 20-шы маусымын 20 жыл шаң басып жатқан пьесамен ашты. Орыс тіліндегі нұсқасы «Шакарим в твоем сердце» деп аталады. Автор осы шығармасы арқылы ақынды халқының жүрегінде қалдырғысы келгендей.

Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдығына арналған театрландырылған қойылымның айтары мол. Оның өн бойында сұм заманның лебі есіп тұрады. Ғұламаның мейірім мен зорлық, әділет пен зұлымдық, ғылым мен мораль, адам мен заман туралы ғаламат толғаныстары екі ғасыр шегіндегі қазақ қоғамдық ойының марқайған қалпын, биік өресін айғақтаса керек. Адамның ішкі әлемін ашуға талпыну, қуаныш, реніш, сүйініш, махаббат жайын безбендеу де бар. Бұл – бір адамға, бір ұлт өкіліне ғана емес, өмір заңын түйсінген тіршіліктің шектеулі есімін мезгілінде байыптаған кез келген адамға ортақ сыр. Тіршіліктің мұраты – осы шектеулі өмірді мағыналы, мәнді ету. Құдайдың хақтығына, пайғамбардың жолына бас иген Шәкәрімнің асыл қазынасы – алаш баласы үшін мәңгілік мұра екенін тағы бір еске салу. Басты рольдегі Құмарбек Қалқатаев ақынның шырғалаңға толы тағдырын зерделеп, өлеңдерін қайта бір қарап шығып, айтар ойын түйсініп, жүрегімен қабылдаған. Қоюшы режиссер Мұратбек Оспанов сахнаны үшке бөліп, бүгінгі заман мен Шәкәрім тұсындағы уақытқа қара шымылдық арқылы өтіп отыруды жөн көріпті. Тың шешім. Шәкәрімді қудалатып, арам пиғыл мен өшпенділік отын тұтатып, ағайын арасына іріткі салған солқылдақ, ынжық, атаққұмар Абзал Қарасартовты біздің театрға биыл ғана келген актер Медет Хамзин асқан шеберлікпен ойнап шыққанын айта кеткен жөн. Шәкәрімді қолға түсіру операциясын ойластырған Федор Бактың роліндегі Қайрат Мырзаболатов та солақай саясаттың нағыз сойылын соғушыны айнытпай салған. Қойылымдағы ақынның ұлы Зияттың өз жолдастарымен азаттыққа ұмтылысы, әкесінің оны қолдауы, елдегі дүрбелең, көшпелі қазақ халқына жасалған қиянатқа қарсы үн қату оқиғалар шиеленісімен шырмалып жатыр. Жас актерлер өздеріне жүктелген міндеттің үдесінен шыға білді. Ең бастысы, Шәкәрімді қаралап, ату жазасына өз қолымен кескен Абзал Қарасартовтың ұлы тұлға алдында аласарып, ар алдында азап шегуі де режиссерлік шешімнің ұтымды тұсы. «Шәкәрім» пьесасының режиссері Темірболат Ахметовтың туған жерінде сахналануы – алдымен жаратқан иенің құдіреті, екінші аруақтың қолдауы дейді. Қазір бұл шығармаға Астана театрларынан да сұраныс түсіп жатыр екен. Қойылымды тамашалап шыққан қала тұрғыны Майраш Шалабаева одан үлкен әсер алғанын айтса, Ақан сері атындағы колледж студенті Самат Дастанов қатты толғаныс үстінде екенін жасырмады. Бұл Шәкәрімдей қазақтың қайыспас қара нарының рухы болар, бәлкім.

Гәкку Асылбекқызы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс