Шәкәрімнің қилы тағдыры

ХХ-шы жаңа маусым драматург Темірболат Ахметовтың «Шәкәрім» қойылымымен
ашылады. Қоюшы-режиссер Мұратбек Оспанов.

Талғампаз көрерменнің көңілінен шығу үшін жаңа маусымда репертуарды жаңарту, дарынды жас актерлерді басты рөлге көбірек тартып, олардың шығармашылық шеберліктерін шыңдау басты мақсат саналары сөзсіз. Бұл орайда Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Төлеубек Көңбай былайша ой бөліседі.

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры өзінің xx-шы маусымын қазанның 5-і күні драматург Темірболат Ахметовтың «Шәкәрім» қойылымымен ашқалы отыр. Қазақстанның драматургиясын дамыту бойынша Мәдениет министрлігі жариялаған конкурста жеңімпаз атанған бұл пьеса тарихи деректерге сүйене отырылып жазылған. Сондықтан да театр ұжымының таңдауы осы пьесаға түсті. Әрі театрға жетекшілік етуге Мұратбек Үкібайұлы Оспановтың қайтадан келуіне орай жаңа маусымға тыңғылықты дайындық жүргізіліпті. Тіпті, жазда гастрольдік сапарға бармай, көрерменге қуаныш сыйлаудың жолдары қарастырылған. Пьесаларды таңдаған кезде, көркемдік кеңес мүшелері осы «Шәкәрім» қойылымын дұрыс деп тапты. Бұл ұлт-азаттық қозғалысына 100 жыл, Шәкәрім Құдайбердиевтің қудалауға түскеніне 85 жыл және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайлас келіп отыр. Шәкәрім – ұлы ойшыл, философ, ақын-сазгер. Спектакльде ақын өмірінің соңғы жылдары алынады. Кеңес үкіметінің Шәкәрімге қарсы жүргізген саясаты, оны қудалау, нақақтан-нақақ күйе жағып, 73 жасында ату жазасына қалай кесілгені көрсетіледі. Сюжеті өте күрделі, шырғалаңға толы, адамға ой саларлық тұстары көп. Бұл спектакль еліміздегі өзге театрларда әлі қойылмаған. Басты рөлді Құмарбек Қалқатаев сомдайды, Қарасартовтың рөлінде театрға жаңадан келген актер Медет Хамзин ойнайды. Шәкәрімді қудалап, қолға түсіру операциясын құрушы ОГПУ-дің жетекшісі Бак Федор Федоровичтің рөлінде Қайрат Мырзаболатов. Спектакль осы үш адамның арасындағы тартысқа құрылған. Спектакльдің сюжеті екі заманның арасын байланыстыра жасалған. Қойылым көрерменге ұнайды деген сенімдеміз. Сонымен қатар көкшелік талғампаз көрермендер 12 қазанда жерлес жас драматург Қолқанат Мұраттың «Алдамшы үміт» қойылымын тамашалайды. Бұл туынды қазіргі заманның келеңсіз тұстарын, тонау, алдау, ұрлық-қарлық жайын қозғайды. Сондай-ақ, балаларға арналған «Алдар Көсенің дүрбісі» спектаклі 7 қазанда жас көрерменге ұсынылады.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс