Ынтымақтың таңғажайып елі!

2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды Қазақстанда Алғыс айту күні деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні ретінде атап өтілуде.

Бұл – тағдыр тәлкегімен біздің елімізге еріксіз қоныс аударылған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен тәуелсіз мемлекет құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Осы күн Қазақстанның тағдыр тоғыстырған көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік пен ақкөңілдік, қолда барды бөлісу мен көмек көрсетуге дайындықтың рухани дәстүрлерінің күні.
Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, достығымыз бен бірлігіміздің, мәдени саналуандығымыздың жарасқан күні. Себебі, Елбасы 100-ден аса этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің Біртұтас ұлтымыз бірегей артықшылықтар иесіне айналғанын атап өткен болатын.
Бұл күн еліміздің әр азаматының жүрегіне жақын әрі жарқын мерекелердің бірі. Мерекелеу мақсаты – қоғам бірігуінің, азаматтық татулықтың, қоғамдық келісімнің, қазақстандық біртектілік пен бірліктің нығаюының, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтарының және халықтың жалпыұлттық игілігі ретінде жаңа қазақстандық патриотизмнің қағидаттарын бекіту.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс