Ынтымақ бірлік бастауы

«Қоғамдық келісім» үйінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі аясында «Мемлекет және қоғам: дамуға бағытталған ынтымақтастық» тақырыбында VII Азаматтық форум өтті. Оның жұмысына үкіметтік емес ұйымдардың секторлары, кәсіподақ ұйымдары, білім, мәдениет, бизнес құрылымы саласының қызметкерлері, қалалар мен аудандардың делегациялары қатысты. 

Мәжілісті кіріспе сөзбен ашқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Нұрлан Нүркенов Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған форумның маңыздылығын азаматтық институттардың қоғамдағы қозғаушы күшке айналғандығымен байланыстырды. Мемлекеттік-әлеуметтік жобалардың өңірде қарқынды дамуына ұйым мүшелерінің үлесі зор екенін айтып, осы салада еңбек етіп жүргендерге алғыс білдірді. «Осы жылдар ішінде қоғамда жүріп жатқан істерге бейжәй қарай алмайтын белсенді өкілдер мен ерікті волонтерлардан тұратын үкіметтік емес ұйымдар қатары қанатын жайды. Елімізде осы азаматтық қоғам дамуының айнасындай бірнеше рет Азаматтық форум өткізілді. Үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық маңызды шешімдер қабылдайтын сарапшылық жұмыстарға кеңінен тарту қажет. Аудан мен қала әкімдері үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен жергілікті деңгейде шаралар кешенін дайындап, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы қарастыру қажет. Әртүрлі мәселелер бойынша тұрақты диалогқа негізделген бірлескен жұмыс қана алдымызға қойған мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді, – деді ол өз сөзінде. Ақмола облысында 1002 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның 70-і белсенді жұмыс істейді. Олар, әлеуметтік, жастар саясаты, азаматтардың құқығын қорғау секілді бірнеше салада қызмет етіп жүр. 2016 жылы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға 167,4 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға үкіметтік емес ұйымдар жергілікті атқарушы органмен бірлесе әлеуметтік маңызды жобаларды қолға алған. Алайда, өңірде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың ішінде белсенді жұмыс атқаратындары аз. Облыстық ішкі саясат басқармасы мониторинг жүргізіп, бұл шаруаның қалай реттелгені, қаражаттың қалай жұмсалғанын білуге тиісті.Үкіметтік емес ұйымдар жұмысын бағалау өте мұқияттылықты қажет етеді, ал ешкімнің нұсқауынсыз, өздерінің жүрек қалауларымен жұмыс жасап жүрген жандардың жұмысы дұрыс бағалануы тиіс. Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова «Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруда облыстағы үкіметтік емес сектордың қызметі» тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағында мемлекеттік органдардың үкіметтік емес сектормен қарым-қатынасты жетілдіруге және азаматтық белсенділікті қолдауға барлық жағдай жасалған. Облыс бюджетінен мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру мөлшері артуда. Іс-шара барысында форум қатысушыларының назарына Ақмола облысы үкіметтік емес ұйымдар қызметінің әлеуметтік жобалар көрмесі ұсынылды. Форумда «Насихат» консультативтік-оңалту орталығы қоғамдық бірлестігінің директоры Қанат Алшынбаев, «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Евгения Овчинникова, Бурабай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Өтелбай Бейсенов, «Сын тұрғысына ойлау» қоғамдық бірлестігінің директоры Еркін Исімбаев азаматтық қоғам құрудағы табыстары мен алдағы міндеттер туралы құнды пікірлер айтты.
Азаматтық қоғамның және аймақтағы демократиялық процестерді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері 25 аталым бойынша марапатталды. Сондай-ақ, 25 қарашада Астана қаласында өтетін республикалық VII Азаматтық форумға Ақмола облысының атынан қатысатын делегаттардың есімдері аталды.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс