Экологиялық паркте 150 ағаш көшеттері отырғызылды

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Көкшетаудағы экологиялық парк аумағында 150-ден астам ағаш көшеттері отырғызылды. Аталған шараға Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұжымы белсене қатысты.

 – Аталмыш шараның басты мақсаты – әлемдік қауымдастықтың, экологтардың назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару болып табылады. Біз болашақ ұрпаққа тұмса табиғатты бұзылмаған күйінде жеткізуіміз керек. Осы орайда қала тұрғындарын жасыл желектердi аялауға және жаппай ағаш егу шарасына белсендi түрде қатысуға шақырамыз,– деді Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Көшекбай Біржекеев. Мұндай акция Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінде ғана емес, күнделікті өміріміздегі біздің ортақ істеріміздің негізі болуы тиіс. Табиғат – адам баласына баға жетпес байлық пен мол қазынаның көзі, қоршаған ортаны таза ұстау бүгінгі жас ұрпақтың міндеті екенін де атап өтті. Ағаш жайқалып көтерілуі үшін ондаған жылдар қажет. Жерге өз қолымен көшет отырғызған адам табиғатқа ұқыпты қарайтын болады әрі онымен тығыз байланыс сезіміне бөленеді. Бұл шараға жүрегі елім, туған жерім деп соққан жастар да белсене араласып, туған өлке табиғатының көркеюіне өз үлесін қосуда. Қоршаған орта экологиясын жақсартуға барынша үлес қосуымыз керек. Көшеттерді тек біркүндік акция кезінде егіп қана қоймай, олардың жайқалып өсуін қадағау қажет. Әр мекемеге өздеріне тиесілі маңайдағы ағаштарды суарып, күтіп, қурағандарының орнына басқасын отырғызу тапсырылды. Орман өсіру ісінің кәнігі маманы Қайыржан Ахметжановтың айтуынша көшеттер тектен-тек отырғызыла салмайды. Отырғызу кезінде дәл сол күннің ауа райы, ылғал жайы, топырақ құрамы, көшеттің сапасы да қатаң ескеріледі. Ең бастысы – ылғал сақталынуы керек. Табиғатты аялау – адамзаттың басты парызы. Табиғаттың тазалығы тек мерекелермен өлшенбесе керек-ті. Айналаны ластамау, ұқыпты қарау, таза ұстау әр адамның өзінен басталғаны жөн. Қазіргі көлiк қозғалысының көптiгi, газдың ауаға шамадан тыс тарауы жас жасыл желектерге сұранысты арттырып отыр. Төңіректе тегіс тал-терек өсіп, гүлзарлар жайнап тұрса қандай керемет! Бұл қиял емес, егер әр тұрғын ағаш отырғызу акциясына қатысып, жасыл желекті күтуге қолұшын тигізсе қаламыздың құлпырып шыға келері анық.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс