Экономика тақырыбына сауатты жазу да өнер

Көкшетау қаласында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және «Медиа Орда» қоғамдық қоры «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен аймақтық басылымдарда экономика саласына жазатын қазақтілді журналистерге «Бюджет ашықтығы мен есептілігі» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Оған облыстық, аудандық және қалалық басылымдардың редакторлары, шолушылар, тілшілер, мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Семинар-тренинг барысында «Экономикалық зерттеулер, бағалаулар мен мониторинг жасау орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы Шолпан Айтенова қарапайым тілмен жергілікті бюджетті жоспарлау, талқылау, есептеу, трансферттердің бөлінуі туралы егжей-тегжейлі түсіндірсе, «Медиа Орда» қоғамдық қорының құрылтайшысы Асқар Беков газет беттерінде инфографиканы қолданудың тиімділігі жайлы айтты. Ақпараттандырудың озық үлгісі саналатын бұл форма шынында да қазіргі оқырманға ұғынықты, әрі түсінікті. Ұзақ-сонар мәтінді оқып жатпайды, сандармен-ақ өңірдің экономикалық дамуын саралай алады. Семинар барысында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын басылым тілшілері өздеріне көп мәлімет жинап, бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесуге мүмкіндік алды.

«Экономикалық зерттеулер, бағалау және мониторинг» орталығының сарапшысы Шолпан Айтенова «Қазақстан Республикасындағы бюджеттік жүйе және еліміздегі бюджет үдерісі», «Бюджет үдерісіндегі БАҚ рөлі», бюджет тақырыбындағы Case study түсіндіру, бюджет үдерісінің ақ-қарасы, бюджеттік жоспар, бюджеттік мәліметтердің дереккөзі, «Ақпаратқа қолжетімділік» туралы заңнама жөнінде сабақ жүргізді. Білікті маман республикалық, облыстық және қалалық бюджеттің қабылдануы, оның бөлінуі, трансферттердің берілуі, оның жергілікті жерде бағдарламаларға, жобаларға жұмсалуы, игерілмей қалған қаржы т.т. журналистерге ұғынықты тілде жіліктеп берді. Сондай-ақ, әр өңірге өткен және биылғы жылға бөлінген бюджеттік қаржыларды сайт арқылы талдап, салыс-тырды. Тілшілерді, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарының шығарылымына арналған қаржының көлемі қызықтырды. Шолпан Айтенова семинар-тренингке қатысушыларға тапсырма беріп, белгілі бір салаға қаржы бөлгізді. Журналистердің бірі білім, енді бірі ауыл мәдениеті, бірі спортқа қажетті соманы не үшін сұрағанын, оны қандай мақсатқа жұмсайтынын ортаға салды. Бір-бірімен пікір алмасып, талдау жасады. Ал, «Медиа Орда» қоғамдық қорының құрылтайшысы Асқар Беков «Инфографика – ақпараттандырудың озық формасы» тақырыбында сабақ жүргізді. Ол экономика тақырыбына жазған кезде осы үлгіні қолданудың тиімділігі туралы айтты. Қазіргі заманда ұзын-сонар мәтінді оқуға құлықсыз жандар үшін сандарды сөйлеткен дұрыс. Мысалы, өңірдің әлеуметтік-эконо-микалық даму бағытын халыққа түсіндіру үшін суреттерді пайдалана отырып, жанына сандарды қою арқылы дәлелді жеткізген тиімді. Бұл қазір республикалық басылымдарда кең қолданылуда. Телевизия саласы да осы үлгіні пайдаланып келеді. Семинар-тренинг барысында Асқар Беков жергілікті басылымдардың сайтына кіріп, олардың бет жасау үлгілерін көрді. Өзінің ескертулерін жасап, ұсыныстарын айтты. Қай бетке қандай қаріпті пайдаланудың дұрыстығын ортаға салды. Журналистер де оған қызығушылық танытып, жаңа бағытқа көшудің дұрыстығына көз жеткізді. Қорытындысында «Ақкөл ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қуаныш Нұрсадыққа, осы газеттің жауапты хатшысы Қамар Нұрсадықоваға, «Бурабай» газетінің директор-редакторы Болат Рақышевқа, облыстық мәдениет басқармасының құқықтық және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы Вера Әубәкіроваға, Целиноград аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Салтанат Ирешоваға, «Жақсы жаршысы» газетінің тілшісі Гүлден Дәуренбековаға, қалалық «Көкшетау» газетінің аға шолушысы Гәкку Бәйішеваға, Еңбекшілдер ауданына қарасты «Жаңа дәуір» – «Сельская новь» газеттерінің корректоры Айсұлу Кәріпбаеваға, облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы Нұржан Дүйсенбиновке, Астрахан аудандық «Маяк» газетінің тілшісі Арман Жапаровқа, ішкі саясат басқармасының бас маманы Фархат Файзрахмановқа арнайы сертификат табыс етілді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс