Экономика өркендеп, тұрмыс жақсарады

Депутат Боранбай Бегалиннің төрағалық етуімен 9 тамызда алтыншы шақырылған Көкшетау қалалық мәслихатының кезекті 3-ші сессиясы болды. Сессияда Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығына облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жайлы есеп беріп, бесінші шақырылған қалалық мәслихаттың бір топ депутатына алғыс хаттар тапсырды. 

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев қалалық мәслихат депутаттарының алдында облыс орталығының биылғы жылдың 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы есеп беріп, алдағы жоспарлармен бөлісіп, қазіргі ахуалдың мән-жайына қанықтырды.

2016 жылы қаладағы өндірістік кәсіпорындар 38,4 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Атап айтқанда: «Камаз-Инжиниринг» акционерлік қоғамы-3,2 миллиард теңге, «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы — 6,0 миллиард теңге, «Новопэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — 1,9 миллиард теңге, «Көкше» акционерлік қоғамы — 436,4 миллион теңге және «AGRIMER-ASTYK» -86,1 миллион теңге. Негізгі капиталға құйылған инвестицияның көлемі 10,8 миллиард теңгеге жеткен, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 900 миллион теңгеге жоғары. Екінші жартыжылдықта «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының алкогольсіз өнім шығаратын жаңа зауытының іске қосылуына байланысты инвестиция көлемі артады деп жоспарлануда. 2 минералды су құю желісі, 2 преформа шығаратын цех желісі іске қосылмақ. Тіркелген шағын бизнес кәсіпорындарының саны 7,7 пайызға өскен. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 7 миллиард 58 миллион теңгенің 4 жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Биыл 5,6 миллиард теңгенің екі өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр. Оның бірі: ауылшаруашылығы мен коммуналдық техника шығаратын индустриалды-технологиялық паркі «Қазақстандық Агроинновациялық Корпорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның жалпы құны 3375 миллион теңге, қуаттылығы – 1500-4500 бірлік, 232 адам жұмыспен қамтылмақ. Екіншісі: әкімшілік-тұрмыстық кешені бар «Вектор комбайн зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қуаттылығы 300 бірлік, 96 адамға жұмыс орындары ашылмақ. Сонымен қатар аумақтық Индустриаландыру картасына енбеген жалпы құны 3,5 миллиард теңгенің 10 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл кәсіпорындардың іске қосылуымен 280 адам жұмыспен қамтылатын болады. Соңғы он жылда аумақтық индустриаландыру картасы 20 миллиард теңгенің 17 жобасын жүзеге асырды. Соның арқасында 1300 адам күнделікті нәпақасын айыруға мүмкіндік алды.
Көкшетау қаласында 76,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында 31 мың шаршы метр баспана құрылысы көзделген. Бұл 486 көкшетаулық отбасы пәтер кілтіне ие болады деген сөз. Неке сарайының құрылысы жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында «Көктем» мөлтек ауданында 280 орындық балабақша пайдалануға беріледі. Ал Білім күніне орай Застанционный поселкесіндегі 240 орындық бөбекжай балдырғанды қабылдайды. Мұнымен қоса жеке балабақша ашуға байланысты кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Биыл осындай 7 бөбекжай ашу жоспарланған болатын. Бүгінде оның төртеуі жұмыс істеп тұр. 1 мен 6 жас аралығындағы балдырғандарды балабақшамен қамту 48,3 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 1,1 пайызға өскенін көрсетеді. «Боровской» және «Юбилейный» мөлтек аудандарында балабақша және №18 мектепке жапсарлас ғимарат тұрғызудың жобалық-сметалық құжаттары дайындық үстінде. Облыс орталығының білім саласын қаржыландыру басты назарда. Биыл бұл мақсатқа 7 миллиард теңге бөлінді. Мектептер мультимедиялық қондырғылармен, профильді кабинеттермен, жиһаздармен, оқулықтармен кезең-кезеңмен қамтылып жатыр. Биыл жаңа модификациядағы 9 кабинетті жабдықтауға 30 миллион теңге бөлінді. Білім нысандарын жөндеуге биыл 100 миллион теңгеден астам қаржы берілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Өндірістік процестер, қызметкерлердің еңбек құқығы мен оларды жұмыспен қамту бағытында қалалық әкімшілік, жұмыс беруші және кәсіподақ ұйымдары арасында 2277 меморандумға қол қойылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты жалпы құны 110 миллион теңгенің 13 меморандумы бекітілді. Нарықты өндірістік тауарлармен қамту және бағаны тұрақтандыру бойынша бөлшек желіс түрлерімен 256 меморандумға қол қойылған. Мұнымен қоса тұрғындарға тауарларды 10-15 пайыздық жеңілдікпен сататын «Көкше-Қамқор» әлеуметтік павильондары жұмыс істеуде.
Облыстық бюджеттің қолдауы арқасында «Васильковка» мөлтек ауданын, Абылай хан даңғылы мен Горький көшесінің қиылысын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалалық бюджет есебінен 22,9 миллион теңгеге 10 балалар алаңында, 22,5 миллион теңгеге 5 спорт алаңында және 59 миллион теңгеге 4 аулада күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Осы кезеңде облыс орталығының 35 учаскесінде жолдарды жөндеу қолға алынды. Бұл мақсатқа барлығы 600 миллион теңге қарастырылған. «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Қопа көлінің жағасындағы үйлердің инженерлік желілері қалыпқа келтіріліп, «Васильковка» мөлтек ауданының солтүстік қапталы, Біржан сал-Менжинский-Құсайынов-Солнечная көшелерінің ішкі магистарльді желісінің құрылысы жүргізілуде. Красный Яр селосындағы блоктық-модульдік бу қазандығының құрылысы аяқталып келеді. Осы бағдарламаны іске асыруға 1 миллиард 654,8 миллион теңге бөлінген. Көпқабатты үйлерді орталықтандырылған газбен қамту және лифт желісін іске қосу жұмыстары жалғасуда. Алдағы жылу маусымына дайындық шаралары пысықталды. Облыс басшысының қолдауымен облыстық бюджеттен 1,4 миллиард теңге бөлінді. Тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында 4 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жүргізілуде. Қалалық бюджет есебінен 15 тұрғын үйдің қасбеті қалыпқа келтірілді. Облыс орталығын көркейту жұмыстары үнемі назарда. Тұрғындар дем алатын Даңқ аллеясы, Тәуелсіздік алаңы, Ауғандықтар аллеясы жаңартылып, орталық саябақтың газондары түзетілді. Шағын сәулет формалары қаланың келбетін ажарландыра түсті. Көкшетаулықтардың өз қаласына деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Сүйемін сені, Көкшетау» деген композициялар орталық алаңнан, Достық үйінің жанынан және «Рио» сауда орталығынан орын тепті. Қопа көлінің жағалауын жақсартуға да баса мән берілуде. Биыл қала бойынша 12 мың түп ағаш пен тал егілді. Абаттандыру шараларына нұқсан келтірген тұрғындарды жауапқа тарту арқылы өзгелерге ой салу жұмыстары жалғасуда. Мәдениет саласы да жақсы деңгейде. Өзінің табыстарымен әртістеріміз де қуантуда. Биыл Көкшетау қаласының өнерпаздары облыстық байқауда 1-ші орынды жеңіп алды. Қырғыз елінде өткен «Ыстықкөл толқындары» балалар шығармашылығының халықаралық фестивалінде біздің «Аққу» ансамблі бірінші дәрежедегі лауреат атанып қайтты. Олардан спортшылар да қалысып жатқан жоқ. «Хрустальный колос» қысқы спартакиадасында, «Ақ бидай» жазғы спартакиадасында Көкшетау қаласы бірінші орындардан көрінді. Осындай жетістіктерге біз бірлігіміздің, татулығымыздың арқасында жетіп отырмыз.

Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов:

– Қалада атқарылып жатқан игі істерге дән ризамыз, көз алдымызда көп жұмыстар атқарылуда. Қала жаңғырды, жаңарды. Күтім бар. Бұрынғы қараусыз қалған үйлер, алаңқайлар, скверлерге жан кірді. Балалар ойнайтын, үлкендер дем алатын мүйістер көбейді. Шағын-шағын спорт алаңдарының ашылуы жастардың спортпен айналысуына жақсы болды. Жалпы қала әкімінің белсенділігін тек қана құптаймыз. Дегенмен, менің айтайын деген бір ұсынысым бар. Көшелердегі, аулалардағы хабарландыру тақталарына, тағы басқа тиісті, қолайлы жерлерге учаскелік полиция қызметкерлерінің аты-жөндері мен телефондары жазылып тұрса. Сонда тұрғындар қандайда бір тәртіп бұзушылық орын алса соларға қоңырау шала қояр еді. Қылмыстың алдын алу, болдырмау, қоғамдық тәртіпті, қоғам мүлкін, тұрғындар қауіпсіздігін сақтауда бұл мәселенің көмегі көп болар еді, деп ойлаймын. Осыны ескерсеңіз…

Қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса:

Алтыншы шақырылған қалалық мәслихат депутаттары  жұмыстарын бастағалы өкілетті органға 62 депутаттық сауал жіберілген болатын. Одан басқа комиссиялар отырыстарында, сессияларда, әкіммен кездесулерде бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Сол сауалдар мен ұсыныстардың барлығына жауап қайтарылды. Өтініштер орындалды. Спорт және балалар ойнайтын алаңдарды, аулаларды, жолдарды  жөндеуде, көгалдандыруда депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескерілді. Қала басшысының тыңғылықты жұмысы, талап қоя білуінің арқасында облыс орталығы еліміздегі негізгі көрсеткіштер бойынша бірінші жартыжылдықта оң нәтижеге қол жеткізіп отыр.

Өздеріңіз баяндама тыңдағандай, қала өнеркәсіп ұжымдары 38,4 миллиард теңгенің өнім өндірген. Бюджетке 6 айдың қортындысымен 9 миллиард 702 миллион теңге қаражат түсірілген. Сөйтіп, жоспар 37 миллион теңгеге артық орындалған. Инвестиция 900 миллион теңгеге өсіп, индустриалдық- инновациялық даму үрдісі байқалып, 1300 жұмыс орнын ашуға қол жетіп отыр. Тұрғын үйлер, қала мектептерінің кабинеттерін жөндеу мен жабдықтау, тағы басқа тұрғындар әл-ауқаты мен дамуына тигізер үлесі мол жұмыстар қарқынды атқарылуда. Кеңселер, сауда нүктелерінің айналасы, кіреберістеріне көңіл бөлудің арқасында қала көркіне қаншама ажар кірді. Осындай оңтайлы жұмыстарды көре отырып, алдағы жоспарлардың да уақытымен орындаларына нық сенеміз.

Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, қалалық мәслихат депутаты Мәди Елубаев:

Дәстүрге айналып үлгерген әкімдердің тұрғындар мен депутаттар алдында есеп беруі – еліміздің демократиялық бағытта дамуының айқын көрінісі. Ол басшының жауапкершілігін арттырып қана қоймайды, бізді қаланың тыныс-тіршілігінен толық хабардар етіп, алдағы жоспарлармен таныстырады. Біз  Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың «2016 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы» деп аталған мазмұнды да, мәліметке толы есебін мұқият тыңдадық. Оның негізгі әңгімесінің өнеркәсіп пен өндірістің дамуы жөнінде болуы заңды. Өйткені, экономиканың өсуі мен дамуы тек қана қала бюджетін көтеріп қана қоймайды, ол жаңа жұмыс орындарының ашылуы, еңбекақы, қала тұрғындарының әл-ауқатының артуы. 

Әкім баяндамасында айтылғандай, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып, жаңа өндіріс орындары тұсау кесуде. Әсіресе, шағын және орта бизнеске қамқорлық жасалуда. Өткен жылмен салыстырғанда шағын бизнес ашуға тіркелу 7,7 пайызға өскен. « Жол картасы -2020» бағдарламасы аясында 2042, 6 млн. теңгенң құрайтын 13 жоба қолдау тапқан. Тұрғын үйлер, мектепке дейінгі тәрбие мекемелерін, мектеп ғимараттарының салынуы тұрғындар көңілдеріне қуаныш ұялатады. Әрине, ондай ғимараттарға көлемді қаражат керек. Бұл ретте облыс әкімі Сергей Витальевич Кулагиннің еңбегі зор екенін ризашылықпен айта кеткеніміз абзал. Үстіміздегі жылы балабақшалар құрылысына 477 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Әкім біздің бірде-бір сауалымызды аяқ асты қалдырған емес. Барлық мәселелер шұғыл түрде шешіліп отырады. Мәселен, менің сайлаушыларым жол жөндеу қажеттігі туралы өтініш түсірген еді, ол мәселе шешімін тапты.Станиславский, Октябрьдің 50 жылдығы, Лермонтов, Рабочая, тағы басқа көшелерін жөндеу шешілуге таяу. Менің округімнің сайлаушылары қала басшысына Капцевич көшесінің жөнделгені, жол жиегіндегі жаяу жүргінші жолының қайта салынғаны, сол көше басындағы көпір маңайындағы шұңқырлардың көміліп, бітелгені үшін алғыс айтуда. Менде мұндай мысалдар көп-ақ. 2016 жылдың қаңтар айында әкіммен кездесу кезінде тұрғындар Застанционный кентінде монша салу қажеттігі жөнінде мәселе көтерген еді. Қазір, №14 мектеп маңайындағы бос жерде монша құрылысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Нурания Миргарифановна Акаева Көкшетау қалалық мәслихатында осы өкілетті басқару органы құрылған сәттен бері абыройлы қызмет атқарып келеді. Жақында ол зейнеткерлік жасқа толды. Әріптесімізді осынау мәртебелі қуанышты сәтімен қала әкімі Ермек Маржықпаев және қалалық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Ғайса шын жүректен құттықтады.

Сессияда сондай-ақ, «Көкшетау қаласының 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасының» іске асырылуы туралы, Көкшетау қалалық мәслихатының «2016-2018 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде, Көкшетау қалалық мәслихатының «Ауылдық елдімекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агро-өнеркәсіптік кешен мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну бойынша жұмыстарды ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс атқаратын комиссия құру туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде, «Көкшетау қаласында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің тәртібін қосымша реттеу туралы», «Мемлекеттік қажеттер үшін жер телімдерін мәжбүрлеп, иеліктен айырумен байланысты жер телімдерін немесе басқа жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы келісім шарттарды келісу жөнінде» қаулылар қабылданып, қалалық мәслихаттың келесі сессия төрағалығына №4 сайлау округының депутаты Ғалымжан Сүйіндікұлы Көпішев сайланды.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс