ЭКСПО-2017: Елдіктің ерен жеңісі

2017 жылдың 9 маусымы Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылады. Дәл осы күні бүкіл әлем көз тіккен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің тұсауы кесілді. Елорда төріндегі әлемнің ғылыми және мәдени басты шарасын тамашалауға 17 мемлекет басшылары қатысты.

MUHA2291Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты Астанада халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің ашылуымен құттықтады. Елбасы 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысқан ЭКСПО көрмесін Қазақстанның ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасынан бірінші болып өткізіп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы көрменің іскерлік бағдарламасына тоқталды. Оның аясында Астана экономикалық форумы, Шетел инвесторларының кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті сияқты бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Президент көрменің халықаралық өзара ынтымақтастыққа елеулі тың серпін беріп, еліміздің ғылымын дамытуға және экономикамызды жаңғыртуға септігін тигізетініне сенім білдірді. «ЭКСПО-2017» көрмесі аяқталған соң оның инфрақұрылымы одан әрі пайдаланылатыны туралы айтып өтті: – Бұл жерде «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейтін болады. «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылады. ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі ашылады. Осылайша, еліміздің, өңіріміздің және әлемнің игілігі үшін ЭКСПО-дағы «инновацияның тамыр соғысы» жалғасатын болады.
Көрмеге арналып алдыңғы қатарлы технологиялық инфрақұрылым, ЭКСПО қалашығы салынды. 100-ден астам сәулеттi ғимарат бой көтердi. Астананың әлеуеттiк саласы да даму жолында тың серпiнге ие болды. Қалада жаңа әуежай, жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берiлдi. Әлемдiк деңгейдегi қонақүйлер, мәдени
ойын-сауық кешендерi ашылды. Осының барлығы ЭКСПО-дан кейiн де елдiң игiлiгiне қызмет ететiн болады.

Адамзаттың ертеңі – «Жасыл энергия»

Бұған дейінгі «ЭКСПО» көрмелері тамақ өнеркәсібі, индустрияландыру, өндіріс секілді тақырыптарда өтіп келген болса, Астана көрмесі ғылыми жобаларға негізделіп отыр. «Жасыл» экономика мен сарқылмас энергетика дамуын тақырып етіп алған «ЭКСПО-2017» көрмесінің тарихи салмағы мен мәні де зор. Басты мақсат – адамзаттың санасын өзгерту, экологиялық мәселелерге түпкілікті назар аударту, экомәдениетті қалыптастыру мен жауапкершілікті күшейту. Бүгінге дейін адамзат баласы энергия көздерін негізінен жылу, атом және су электростанцияларынан алып келді. Қазіргі жаңа ғылыми жобалар болса күннен, желден, тіпті жер қыртысынан да қуат алуға мүмкіндік береді. Рас, бұл үш көзден де электр энергиясы бұған дейін алынып келген. Бірақ, қажетті мөлшерде өндіру мүмкін болған жоқ, әрі ол экономикалық тұрғыдан да қиындықтар туғызатын. Астанадағы көрме алаңы осы проблемаларды шешуге арналып отыр. «ЭКСПО-2017» – жаңа технологиялардың ғана емес, алуан түрлі өркениеттердің де тоғысқан орталығына айналды. Сан түрлі мемлекеттен жиналған түрлі ұлт өкілдері көрме алаңында өздеріне бейтаныс мәдениетпен танысу мүмкіндігіне ие болды. 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым орналасқан бұл қалашықтың сырт келбеті де өзара үйлесім тапқан. Әр павильонның қасбеті ұлттық ерекшеліктеріне қарай, түрліше безендірілген. Көрмені ашылған алғашқы күні 10 мыңнан аса адам тамашалап үлгерді.

«Нұр Әлем» – Астананың жаңа символы

Көрме аумағына кірген сәтте көзге түсетін ерекше нысан – «Нұр Әлем». Бұл диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метрді құрайтын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат және Астананың жаңа символы. Келушілер мұнда Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, көрікті жерлері және қол жеткізген жетістіктермен таныса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Нұр Әлемді» толық аралап шығуға 3-3,5 сағат уақыт кетеді. Ал, тұтас павильондармен таныс болу үшін көрмені 4 тәулік аралауға тура келеді. 8 қабатты ғимараттың іші де, сырты да көз тартады. Экспозициялары кірген адамды бірден болашаққа жетелейді. Футуристік лифтілер, шыныдан жасалған конструкциялар, лазерлік шоулар мен проекциялық көрініс-тер – бәрі-бәрі адамзаттың баламалы энергия көздерін іздеп, табиғат байлықтарын барынша сақтауға деген құлшынысын, ерен еңбегін көз алдына келтіреді. Экспозицияның негізгі мақсаты – Самұрық құс туралы шежірені көрсету. Мұнда жер мен көкті байланыстыратын Бәйтерек пен Самұрық құстың алтын жұмыртқасының декорациясы орнатылған. Сондай-ақ, Есік қорғанында табылған Алтын адамның көшірмесі тұр. Ал, екінші шатырда футурис-
тік Астанаға сапар жасалады. Павильонда қазақстандық өнертапқыштар мен олардың ойлап тапқан жаңалықтары xалықтың назарына шығарылып отыр. Мұнда диірменнен бастап қазіргі озық теxнологияларға дейінгі өнертабыстар қойылған. Сонымен қатар, қозғалыстың арқасында қуат көздерінің қалай өндірілетінін көруге болады.

Елордаға Арктика мұздығы жеткізілді

Арктика мұздығын Ресей Федерациясының ұлттық павильоны таныстырды. Павильонда Ресейдің энергетикалық әлеуеті, атом саласында жеткен жетістіктері, гидроэнергетикадағы тың серпілісі көрсетіледі. Павильонға кірген көрме қонақтары мәңгілік мұзды мекен – Арктикаға тап болғандай әсер алады. Ғимараттың қабырғалары тоң басқан мұз түрінде жабдықталған және ондағы сәулелер Арктика табиғатына ғана тән Солтүстік шұғыла құбылысын бейнелейді. Экспозицияның басты жаңалығы – Арктикадан, ғаламшардың «ең төбесінен» жеткізілген мұз сеңі болды. Қалыңдығы 4 метрді құрайтын мұз сеңі екі жылда түзілген және арнайы контейнерлер арқылы Астанаға жеткізілген. Сондай-ақ, Ресей павильоны экология жылына қолдау білдіру мақсатында, өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғауға қатысты арнайы экспозиция ұсынады. Келушілер «Арктиканың табиғи әлемі», «Арктиканың су астындағы әлемі. Қайраң», «Арктиканың өсімдіктер мен жануарлар әлемі», «Мұздар» сынды динамикалық бейне-инсталяцияларды тамашалайды және жануарлардың сиреп кеткен түрлерін сақтау туралы мәліметтермен таныса алады.

«Үлкен идеялардың шағын қаласы»

Сингапур павильонының тақырыбы осындай атауға ие. Жалпы көрме 2 қабаттан тұрады. Мұнда экожүйені құру жөніндегі мемлекеттің тың жобалары қойылған. Террариум үлгісінде жасалған павильонда тұрақты энергетика саласындағы әртүрлі идеялар мен инновациялық жобалар көрсетілді. Солардың бірі – қалалық күн энергиясын дамыту жобасы. Сингапурда күн радиациясының орташа жылдық тығыздығы жоғары. Ол – 1 500 кВтсағ/м2 құрайды. Сондықтан аталмыш елдің ғалымдары күн энергиясын ең тиімді баламалы энергия көзі ретінде пайдалануда. Сондай-ақ, олар осы салада жаңа жобаларды қолға алмақ. Мысалы, 2020 жылы Сингапур күн энергиясы қуатын ең жоғары 1 Гвт-қа дейін арттыруды жоспарлап отыр. Жер ауданының шағындығына қарамастан Сингапур 2016 жылы «Экологиялық тиімділік индексі» бойынша Азия мемлекеттерінің ішінде 1-орынды иеленді. Бұл қала – мемлекеттің «жасыл экономика» саласында жеткен жетістігінің бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта Сингапур үкіметі «SolarNova» бағдарламасы ар-қылы күн экожүйесін құруға және күн энергиясын пайдалану қарқынын арттыруды мақсат тұтуда. Қазірдің өзінде бұл мемлекетте 8 үкіметтік ғимарат пен 831 тұрғын үй ғимараты күн энергиясынан қуат алады.

Аспи ИРАНИ, Лондон тұрғыны: «Бұған дейін Астана туралы көп біле бермейтінмін. Қазақстанда да болған емеспін. Фотосуреттерден әсем ғимараттардың көп екендігін, заманауи инфрақұрылымның бар екендігін білу мен үшін өте қызықты болды. Иә, бұл таңғалдырады».

Көрме қалашығына
қалай жетуге болады?

Қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында әрі «ЭКСПО» көрмесінің кешеніне тез жету үшін қалада 12 қыркүйекке дейін 11 772 машина сыятын 14 арнайы тұрақ жұмыс істейтін болады. «Көлік қоятын орындар келесі мекенжайлар бойынша орналасқан: Елорда саябағы, «Қазақстан» СК, Оқушылар сарайы, «Астана арена», «Барыс арена» стадиондары, «Думан» ОСО, қала саябағы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Мәңгілік Ел және Тұран даңғылдары, «Music Hall» мейрамханасы, «Алатау» СК, 31-көше, «Хан Шатыр» ОСО.

ДЕРЕК ЖӘНЕ ДӘЙЕК

* «ЭКСПО-2017» көрмесі 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. Көрме аясында 3 мыңнан астам мәдени шара ұйымдастырылады. Олардың қатарында 40-тан астам ғылыми конференция мен ірі форумдар, 126 ұлттық идея бар.
Көрмеге барлығы 2,4 миллион адам келедi деп болжанып отыр. Әлемдік деңгейдегі шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысуда.
* Жалпы аумағы 174 гектарды құрайтын көрмеде 4500 ерікті жұмыс істейді. Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған.
* «ЭКСПО» кешенінің қоқыс тастайтын жәшіктеріне қағаз, бөтелке және өзге де қалдықтарды бөліп салу міндеттелген, бұл – дамыған мемлекеттердегі қалыпты үрдіс.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанатынан репортажды жүргізген «Көкшетау» газетінің арнаулы тілшісі, журналист Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс