Ізгілік айында қайырымдылық танытайық

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы, Науан хазрет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин «Ақмола медиа» орталығында Рамазан айының басталуына орай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Имандылық шарасына Науан хазрет орталық мешітінің наиб имамы Алмат Жүнісов, мешіттің іс басқарушысы Ерболат Шәріпов қатысты. Ислам күнтізбесіндегі қасиетті айлардың бірі – Рамазан айы жыл сайын ыстық ыждаһатпен аталып өтіледі. Әр мұсылман ораза ұстап, ислами парызын өтейді. Журналистермен болған баспасөз мәслихатында аталған айдың осынау ғибратты тағылымы жайлы сөз болды. Облыс имамы Қанат Қыдырмин Рамазан айында жергілікті мешіттерде атқарылатын іс-шаралар жайлы айтып берді. Әсіресе, ізгілік айында қайырымдылыққа көбірек көңіл бөлінетіндігін жеткізді. Барлық мешіттерде арнайы ауызашарлар берілетін болады. Бұдан басқа қасиетті айдың тағылымын арттыратын діни шаралар да ұйымдастырылмақшы. Мұсылман адамның бет-бейнесін жақсы қырынан сипаттайтын уағыздық кездесулер де өткізілмекші. Қала көшелерінде Рамазан айын сипаттайтын көрнекі баннерлер де ілініп, қоғамдық көліктерге «Рамазан айы құтты болсын!» деген сөздер жазылған плакаттар жапсырылған. Ал, мешіттерде ораза ұстаудың тәртібі мен кестесі жазылған парақшалар таратылуда. Рамазан айы – кешірім айы. Әр адам кешірім мен тақуалыққа көбірек назар
аударғаны жөн. Таң намазынан ақшам намазына дейін ауыз бекітіп, дұға тілеудің маңызы зор. Сонымен бірге айтарымыз, биылғы Рамазан айындағы пітір садақасы жан басына 200 теңге болып бекітілді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс