Іргемізде- жағажай!

Ақпараттар ағымы адам таңқаларлықтай бүгінгі заманда тұрғындар көзқарасы, тұрмыс-салты да айта қаларлықтай тез өзгеретін болды. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын ғана көшеде велосипед тебушілерді оқта-текте көруші едік. Бірқатар жұрт қос доңғалақты «тұлпар» үстінде тұғжыңдап келе жатқанды ұят санайтын. Енді, ата-анасы, бірнеше баласы түгел велосипед теуіп шығатын отбасылар көбейді. Тіпті, олар кешкілік жаяу жүргінші жолдарына әрең сияды! Бұл, әрине, жақсылық! Сейілдеп, серуендеу бүгінде көп айтылатын-депрессиядан, күйгелектіктен, тығырыққа тіреліп дағдарудан қорғайды. Денсаулығы мықты адамның қабағы ашық, ісі өнікті, отбасында ың-шың жоқ. Міне, көлді жағалай, басқа да жерлерден кеңейтіп жолдар салу осындай жақсылықтар әкелді.
Көкшеліктердің тағы бір қуанышы, өткен жылы ғана қолға алынған жағажайлар. Куйбышев, М.Горький көшелері бойынан ашылған жағажалайларға ілкіде адам там-тұм баратын. Биыл олардың қатары күрт көбейді! Алға басқан тағы бір үлкен өзгеріс! Өйтпегенде!.. Өзге қала, елді мекендердің тұрғындары осындай көлдерге ат арылтып, артынып-тартынып, талай шақырымды артқа тастап келмей ме? Екі аттам жердегі қолайлы жағажайға барып, көлге түсіп, жер басып неге жадырамасқа?! Барушылар көбейген сайын жағажайдағы қызмет көрсету сапасы да жақсара түспек. Олар да сұранысқа қарай жетіліп, дами бермек. Іргедегі жағажай – Көкшетау қаласының мақтан тұтар бір ерекшелігі. Қала басшылығы жағажайдың дамуын қолдап, жағдай туғызып отыр. Сіз бен бізден – тұрғындардан керегі көл жиегіндегі тазалық пен тәртіпті сақтап, өзімізді де, өзгені де сыйлау. Сонда, қол созым жердегі жағажайымыз жайнай түспек! Жазғы демалысыңыз жайлы болғай! Көлге келіңіз!…

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий