Ірі панельді тұрғын үй құрылысы қарқын алуда

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің қолдауымен Көкшетау қаласында отандық өндіріс өріс алып келеді. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, адамдарды жұмыспен қамтуға қол жеткізілді. Күн тәртібінде тұрған осынау өзекті мәселелер өңір басшысының 13 қазанда Көкшетау қаласына жасаған жұмыс сапарында тағы да қуатталды. Бұл жолы өңір басшысы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандарда болып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қаланы аралау кезінде Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Алдымен облыс басшысы Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған «Регион Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл қолға алған 90 пәтерлік тоғыз қабатты панельді тұрғын үй құрылысы алаңындағы жұмыстармен танысты. Төрт жыл бұрын Индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған комбинат қабырға панелі, төбе жабынды және қоршаулар, түрлі құрылымдарды жабуға арналған плиталар шығарады. Кəсіпорын басшысы Александр Дворцевойдың айтуынша, алдағы уақытта қалада бірнеше панельді тұрғын үйлер тұрғызу жоспарланған. Оның алғашқысы пилоттық жоба ретінде «Юбилейный» мөлтек ауданында салынуда. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Нысанды келер жылдың қаңтар айында пайдалануға беру көзделіп отыр. – Жоба құны 750 миллион теңгені құрап отыр. Жобаға сәйкес көпқабатты тұрғын үйде 18 үш бөлмелі, 36 екі бөлмелі және осыншалықты бір бөлмелі пәтерлер болады. Ішкі бөлмелердің аумағы кең. Қабырға панельдері үшқабатты, ортасына 18 см пенопласт плиталар салынады. Құрылыс нысаны фин технологиясымен салынуда. Ірі панельді үйлер тез салынады. Бұрын 90 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй монтажына екі аптадан артық уақыт жұмсалса, біздің құрылысшылар осы жұмысты тоғыз күнде аяқтады. Қазіргі кезде ғимараттың бес қабаты тұрғызылды.Үй құрылысына энергия үнемдеу технологиясы қолданылуда, – дейді кәсіпорын басшысы Александр Дворцевой. Қазіргі күні құрылыс нысанында 100 адам жұмыс істеуде. Қалада тағы екі панельді үйдің іргетасы қаланады деп жоспарланып отыр. Құрылыс материалдарын өндіру аймақ экономикасының басым бағыттарының бірі. Бұл жоба «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде салынатын тұрғын үй көлемін арттыруға мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы. Бұдан соң облыс әкімі «Көкше Престиж Бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Осындағы құны 800 миллион теңгені құрайтын сыйымдылығы 19 мың тонна астық сақтау кешенінің құрылысымен танысты. Аталған нысан келер жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның іске қосылуымен 70 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. – Қаланы дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер туып отыр. Ендігі жерде жұмыстардың ойдағыдай орындалуы өзіміздің қолымызда. Қалалық билік демалыс орындарының таза да, әдемі қалпының сақталуы үшін жұмыстар жүргізуде, бірақ әлі де атқарылатыны өте көп, – деген облыс әкімі С.Кулагин саябақта орындықтарды, гүл алаңдарын тәртіпке келтіру, ағаш көшеттерін отырғызу, әсіресе, адамдар көп жүретін жерлерге ерекше талғам қажеттігін айтып өтті. Осы орайда қала басшыларына осындай саябақтары бар Елорданың тәжірибесін зерттеп, ең жақсы деген нұсқалары бойынша жұмыс істеуді тапсырды.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс