Іскер әйелдердің үлесі артып келеді

Көкшетауда іскер әйелдердің аймақтық ІІ бизнес-форумы өтті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған бұл шарада әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың қазіргі үдеріс-тері, дамудың жаңа бағыттары мен мүмкіндіктері талқыланды.

Форумды ашқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков бүгінде әрбір әйелдің өзін саясатта, бизнесте және ғылымда көрсетуіне мүмкіндік зор екендігін атап өтті. Бүгінгі таңда облыста 43 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркелген. Онда шамамен 125 мыңнан аса адам еңбек етеді. Оның 50 мыңы – нәзік жандылар. Ал, 10 мыңы – басшылық қызметтегі әйелдер. Сондай-ақ, өңірдегі 520-ға жуық қоғамдық ұйымның 200-ден астамын әйелдер басқарып отыр. Аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Сұлтановтың айтуынша, соңғы үш жылда кәсіпкерлер палатасы 400 әйелді бизнес негіздеріне оқытқан. Оның 250-і өз ісін ашқан. Кәсіпкер әйелдер қайырымдылық істе де белсенділік танытуда. Нәзік жандылар көктемде ағын судан зардап шеккендерге барынша қолдау көрсетті. Бүгінде облыста «Рахмет үшін» деген атаумен тауарларды тегін тарататын 6 дүкен жұмыс істейді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаспақ.
Еліміздегі шағын кәсіпкерліктің 60-70 пайызы әйелдерге тиесілі. Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Көгершін Бексұлтанованың айтуынша, кәсіпкерлердің өз ісін кеңейтіп, дамытуы үшін тәуекелділік пен арнайы білім қажет. Ақпараттандыру, білім беру, менеджмент саласына назар аудару керек. Несиелер қолжетімді, бірақ олардан бейхабар қалу бар. Жеңіл ақшалар оңай беріле қоймайды. Олар жайлы білуге ұмтылу, тиісті мекемелерге бару, басқалармен араласу қажет. Сондықтан жұмыс істеуді қажет ететін мәселелер бар. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлікті қолдап, дамытуға мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлініп отырғандығын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Ақмола облыстық филиалының директоры Сәуле Әбішева тілге тиек етті. Кәсібін бастағысы келетіндерге арналған арнайы тренингтер, қысқа оқыту курстары бар. Сол бойынша кеңес алғандар өздерінің бизнес жоспарын жасайды. Осы филиалда бизнес-жоспар жасауға көмек те көрсетіледі. Форум аясында кәсіпкер әйелдердің қолымен жасалған әсем дүниелер қойылған көрме қатысушылар назарына ұсынылды. Мұндай көрме жас кәсіпкерлердің жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Бұйымдарын облыс, республика деңгейінде көрсетуге ықпал етеді.
Іскер әйелдердің көбі қызмет көрсету және сауда саласында табысқа жетіп жүр. Сән салондары мен дүкен ашқандары көп. Әйелдер мемлекет тарапынан нақты қолдаудың бар екенін айтады. Түрлі бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие немесе грант алғандары да аз емес. Айталық, кәсіпкер Лобар Абдуғапарова «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 3 миллион теңге көлемінде несие алып, Аршалы ауданында балалар аяқ киімін тігетін шағын цех ашқан. Бұл күні бұландылық кәсіпкер Ғайни Ахметова Елбасыға арнап тіккен автокөлік орындығының жамылғысын көпшілік назарына ұсынды. Ісмерлік өнер – Ғайнидің сүйікті ісі. Алғашында жақындарына сыйлық ретінде жасаған. Қазір тапсырыс бойынша жұмыс істеуде. Өйткені, өнімге деген сұраныс күн санап артуда. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, ісін одан әрі өрбітуді көздеп отыр. Шара барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкер әйелдер Алғыс хаттармен марапатталды.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс