Іс қарқыны бәсеңдемесін

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті аппарат мәжілісінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Қали Ахметовтың, Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің жетекшісі Әсет Жақсылықовтың 2017 жылы атқарылған жұмыстар, 2018 жылға жоспарлары жөніндегі есептері тыңдалды.

Бөлім басшысы Қ.Ахметов өз саласы бойынша атқарылған істер бойынша дерек-дәйектерді алға тартты. Шындығында бұл бөлімге жүктелген шаруа жетерлік. Жұмыс толассыз жүріп жатады. Әлеуметтік қолдауға зәру отбасылар үнемі назарда. Атқарылған жоспарлы жұмыстар арқасында күнкөрісі төмен жандар саны 25 пайызға төмендеген. Олар әртүрлі категорияларға топтастырылып, заң талаптарына сәйкес көмекке ие болуда. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедектер, тосын оқиғаларға ұшырап, зардап шеккендер бар. 343 адамға мемлекеттен 10,9 млн. теңгелік арнайы әлеуметтік көмек төленген. Негізінен көмек алғандар 18 жасқа дейінгі балалар мен оларды тәрбиелеп отырған аналар. 96 баланы үйден оқытуға 4 миллион теңге қарастырылған. 719 отбасына (1038 адам) 15,4 млн. теңге тұрмыстық көмек тағайындалған. Істелген ұлан-ғайыр жұмыстар осылайша жалғаса береді.
Төтенше жағдайлар мекемесінің басшысы Әсет Жақсыбеков өткен жылы Көкшетау қаласында 145 көлденең оқиғаның тіркелгенін айтты. Оның бірі табиғат құбылысы салдары. 12 ай ішінде 141 өрт болған. Одан келген шығын 2 млн. 900 мың теңге. 9 адам өмірден өтіп, 7 адам жарақаттанған. Өрт негізінен от жағатын жеке үйлерден шығуда, 16-сы сауда нүктелерінде. 22 автомобиль өрті тіркелген. 2 орман өрті болған.
Қала әкімі Ермек Маржықпаев баяндамашыларға сұрақ қойып, бірқатар мәселелерді анықтап, нақты тапсырмалар берді.
Қалалық әкімшіліктің аппарат басшысы Ермек Тұшанов қабылданған қаулылардың орындалу барысы жөнінде хабарлама жасады.
Жиын соңында қала басшысы алдағы мерекелерді лайықты өткізу жөнінде барлық бөлімдерге міндеттер жүктеді. «Қай салада болмасын іс қарқыны бәсеңдемесін» деп түйді ойын Ермек Маржықпаев.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий