Ғажайыпты біздің ел жасағанына таңдандым

Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі ашылады дегеннен-ақ журналистер қауымы жарғақ құлағы жастыққа тимей жазып-ақ келеді. Бірі сынады, бірі мінеді, енді бірі ілік іздеді. Ал енді бірі жағымды жаңалықтарымен бөлісуге асықты. Қанша адам болса, сонша пікір қалыптасатыны аян. Дегенмен әркімнің өз пікірі өзінде. Биылғы кәсіби мерекемізге орай қалалық әкімдік «Көкшетау» мен «Степной маяк» газеттерінің қызметкерлеріне осы көрмені тамашалап қайтуға тегін билеттер үлестірді. 21 шілде күні жолға шықтық. Қос басылымның қызметкерлері көңілді, күліп-ойнап, емен-жарқын әңгімелесіп, ару Астанаға тез жеттік.

«ЭКСПО-2017» көрмесінің орналасқан жері атшаптырым. Үлкен аумақта көлік тұрағы шеткерірек жасалған. Адамдардың жүріп-тұруына да ыңғайлы. Бізбен қатарласа келген бірнеше автобустан ересектер де, балалар да улап-шулап түсіп жатыр. Көрменің басты белгісі – барша ақпарат құралдары жарыса жазып жатқан Қазақстан павильоны «Нұр әлем» орналасқан сфера бірден көзге шалынды. Біздің мақсатымыз да, көздегеніміз де өзіміздің жетістіктерімізді тезірек көру. Сол жаққа беттедік. Иін тірескен халық. Мұнда да кезекке тұрған жұрт. Бірі тексеретін жерден өтуге асықса, енді бірі билет алуға асық. Дәл сол жерде қалай жүріп-тұру қажеттігін түсіндіріп, хабарландыру жасаған жастар жүр. Дауыс көтеріп немесе ашуланып жатқан ешкім көрінбейді. Бәрі асықпай, байыппен, бірінің артынан бірі өтіп жатыр. Халықтың мәдениеті де өсе түскендей. Ішім жылып қалды. Шындығын айту керек, көрме павильондарын аралаған кезде де қарапайым халықтың салмақтылығына, шыдамдылығына разы болдым. Волонтер жастар қалай жөн сілтесе, соған көніп, айтқандарымен жүріп-тұрып жатыр. Өзіммен бірге екі ұлымды ала барып едім. Екеуі бірден Қазақстан павильонына барамыз деп ұзақ-сонар кезекке тұра қалды. Олардың айтқандарымен келісіп, біз де сол жерге жеттік.
Ұзақ тұрған жоқпыз. Жарты сағаттың ішінде әйнек шар-сфераның ішіне кірдік те кеттік. Міне, керемет деп осыны айт! 8 қабатты ғимараттың бірінші қабатына енгеннен-ақ ғажайып әлемге тап болғандай әсерде қалады екенсің. Айналаның бәрі жарқырап, жайнап тұр. Бәрін бірден көріп, біліп, тани алмайсың. Асықпай аралау қажет. Неше түрлі мүсіндер, формалар, пішіндер, бұрын көрмеген заттар, бәрі-бәрі осында. Ғылым мен техниканың озық үлгілері, адам баласының ойлап тапқан жаңалықтары, ұшы-қиыры жоқ, тіпті миға сыйымсыз жетістіктер, тылсым да құпиясы мол дүниелер… айта берсең сөз жетпейді, көре берсең көз жетпейді дейсің де қоясың. Көрмеге келушілерді бірден лифтімен ең жоғарғы қабатқа көтереді екен. Мұнда да әр лифтіге 15 адамнан кіргізіп жатыр. Сегізінші қабатқа жедел жеттік. Бастапқыда жүрексінетінің рас. Басың да аздап айналады. Гүрілдеген судың, күркіреген күннің дауысы естілетіндей. Әсіресе, шыны көпір тәрізді айналма жолмен жүріп өткенде жүрегің тас төбеңе шығады. Төмен қарамауға тырысасың. Бізге қарағанда балалар батыл екен жүгіріп өтіп жүр. Бір байқағаным, халықтың жүзінде күлкі, көңіл күйлері көтеріңкі. Әсіресе, балалар мәз-мейрам. Әр қабаттың кереметін тамашалаған сайын таңданып, басымды шайқаумен келемін. Идеясы қандай, оны салған алтын қол құрылысшылардың еңбегі қандай, әлемнің жеті кереметінің бірі десе де болады.
Жалпы биіктігі 90 метр бұл павильон осы көрмедегі сфера пішіндегі жалғыз ғимарат. Шыныдан жасалғандықтан жап-жарық. Жоғарғы қабаттан Астана алақандағыдай көрінеді. Көрме аумағында жүрген қарақұрым халық құмырсқадай. 8-ші қабат Астананың 2050 жылы қандай болатынын көрсетсе, 7 – ші қабатта ғарыш энергиясы, 6-шы қабатта күн, 5-ші қабатта жел, 4-ші қабатта биомасса, 3-ші қабатта кинетикалық жаңалықтар, 2-ші қабатта су энергиясы, ал 1-ші қабатта Ұлттық павильон орын тепкен. Мұнда 2 аумақ бар екен. Біріншісінде, еліміздің салт-дәстүрі, мәдениеті мен тарихы көрсетілген болса, екінші аумақ «Жасампаз энергия» деп аталып, онда қазақстандық ғалымдардың баламалы энергетика саласындағы ең үздік жобалары ұсынылған. Ғарыш энергиясында ерекше әсер еткені Ай планетасы. Ішіне енгенде кәдімгідей айға сапар шеккендей, сол жердің топырағын басқандай боласың. Ал Күн пішініндегі қып-қызыл шардың ішіне енсең 3D форматындағы жоба сені кілемшемен ала жөнелгендей әсерде қалдырады. Павильонға қойылған әр заттың сипаттамасы, жасалу жолдары, не үшін, қай жерде қолданылатыны жазылып тұр. Қызығушылық танытқан адамға қажетті ақпараттың бәрі бар.
Әрине, аз ғана уақыттың ішінде бәрімен танысып, бәрін оқып шығу мүмкін емес. Халықтың басым бөлігі кәдімгі музей экспонаттарын тамашалап жүргендей ағылып өтіп жатыр. Ғалымдар немесе ғылыми жұмыстармен шұғылданып жүрген жастарға қажетті мағлұматтар өте көп. Қабырғаларға да жазылған. Тақталарға да таңбаланған. Шарлардың бетіне де түсірілген. Тіпті еденге де қашалған. Қажетті ақпаратты жүріп келе жатып, табаныңның астынан да оқи бересің. Осыдан кейін өз павильонымызды керемет демеске амалың да қалмайды. Ғарыш, күн, жел, су энергиясын сезініп, төменге түскенде Жер-Ананың бізге сыйлаған дәнді-дақылдарынан бастап, жасыл желегінің түр-түрін көріп, осындай керемет планетада өмір сүріп жатқаныңа анық көзің жетеді. Әр қабатта дем алатын орындар, мүгедек жандарға арналған арбалар, тамақтанатын жерлер, дәретханалар бәрі-бәрі ойластырылған. Тіпті үш бөлікке бөлінген қоқыс жәшіктерінің өзіне халық қолындағысын саралап салып жатыр.Осылай-осылай біздің жұрт та бейімделіп, төселіп кетеді. Оған күмән жоқ.
«Нұр әлемнен» жүзіміз нұрланып шыққасын өзге павильондарды аралап көруге асықтық. Кәдімгідей шетелде дем алып жүргендей әсерде болатының рас екен. Өйткені, түрлі ұлттың өкілін кезіктіресің. Қарасы да, сарысы да, жирені де, қысық көздісі де осында. Шри ланка, Жапония, Африка, Түркия, Әзербайжан, Малайзия, Монғолия, Қытай, Корея,Түркменстан елдерінің энергия көздерін үнемдеуде жеткен жетістіктеріне көз жеткізіп, естелік суреттерге түсіп, жолға шықтық. ЭКСПО-ға қайта айналып соғуға уәделестік. Тағы бір аралап шығуға ынтыққанымыз рас. Ал «Нұр Әлем» бізге алыстан мен мұндалап қалып бара жатты.

«Көкшетау» газетінің арнаулы тілшісі Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс