Ғайнидің ғылыми ізденісі

Талдырмаш денелі, ширақ қимылды, көзінен от ұшқындап тұрады. Ойлы жанарымен адамға мейірлене қарағанда, ішкі жан-дүниеңе үңілгендей әсерде боласың. Ол адам мінезін зерттеп үйренген. Сөзі нық. Тіл табыса кеткіш. Бұл – мұғалім Ғайниге тән қасиеттер. Ізденімпаздықты бірінші кезекке қояды. Жауапкершілікті сезінеді және оқушылардан талап етеді. Шәкірттеріңе үлгі болу үшін тұғыр биігінен таймау керек деп түсінеді. Бір босаңсып кетсең болды, құрмет пен ілтипаттан қоса айрылуың мүмкін. Сымдай тартылып, жинақы жүру, әдемі киіну, өзіне сенімді болу – бұл да біздің бүгінгі кейіпкерімізге тән ерекшелік. Мектепте де, институтта да орыс тілінде білім алған ол табандылығының арқасында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруге бейімделген. Көкшетау қаласындағы №1 құрылыс-техникалық колледжінде 25 жыл еңбек етіп келеді. Кәсіподақ ұйымының төрайымы болғанына да он жыл. Мұғалімдер мерекесі қарсаңында ұстаздық жолға 35 жылын сарп еткен жанмен жүздесудің сәті түсті.

Көкшетау қаласындағы №1 құрылыс-техникалық колледждің ұлағатты ұстазы Ғайни Өмірбайқызы Дүйсенованың өнегелі өмір жолынан үзік сыр.

«Ғайни Дүйсенованы іздеп келіп едім», – деймін білім ошағының кіреберісінде отыратын әйелге, ол: «Үшінші қабатқа көтеріліңіз», – деп жөн сілтеді. Жарқылдай күліп қарсы алған Ғайни кабинетіне бастады. Сабақ жүріп жатыр екен. Бұл – инклюзивті сынып, яғни құлағы нашар еститін оқушылардан құралған топ екен. Мүгедек балалардың болашақта бір маман иесі атануы үшін осыдан үш жыл бұрын колледж басшылығы арнайы сынып ашыпты. Балалардың бәрі аспазшы мамандығын алып шығады. Ғайни Өмірбайқызы оларға да қазақ тілін үйретеді екен. Жанында ишарат, ым тілінің маманы Юлия бар. Қарым-қатынас байланысшысы. Құлағында мүкісі бар балалар дегенмен өзі туралы қойылған сауалдарға шамасы келгенше қазақ тілінде жауап беруге тырысуда. Ғайни әр баламен жеке жұмыс жүргізіп, үй тапсырмасын дұрыс орындамағандарына ескерту жасады. Шәкірттерінің бастаған ісін аяғына дейін жеткізе, орта жолда қалдырмай орындағанын жіті қадағалайды. Ең жаман қасиет – енжарлық. Ол адамды орға жығады.
Ғайни Дүйсенова 1991 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келеді. Еліміз тәуелсіздік алып, мемлекеттік тіл – қазақ тілі мәртебесін алған кезде, осы колледжге жұмысқа кіріпті. Мектеп пен институтты тәмамдап, орыс тілі мен әдебиетінің маманы болып шыққан Ғайниді қайын атасы, өңірге танымал журналист Әбділдә Дүйсенов өзі тәрбиелепті. Ана тілімізге бейімдеу үшін портативті қол машинкасына қазақ ғаріптерін салдырып, екітілді сөздіктерді әкеліп беріп, келінін жаңа мамандыққа даярлапты. Жастайынан алғыр Ғайни да бірден бәрін қағып алып, өзіне жүктелген міндеттің үдесінен шығу үшін барын салыпты. Үйде қазақ тілінде мәтіндерді машинкаға теріп, ана тілінің ұйқастары мен жазылу стилінің ерекшеліктеріне үңіліпті. Осылайша болашақта ана тіліміздің мәртебесі биіктей түсетінін түсінген қайын атасының көрегендігі келінінің де кемелдене түсуіне ықпал еткендей. Ғайнидің жетістіктері өте көп екен. Бәрін мұқияттап папкаға жинап қойыпты. Білім беру мен тәрбие ісіндегі жеткен жетістіктері, жұмысқа деген шығармашылық көзқарасы, кәсіби шеберлігі үшін алған Көкшетау қаласы әкімінің, білім басқармасының, колледж басшылығының республикалық салалық
білім және ғылым қызмет-керлері кәсіподағының Астана қаласы мен Ақмола облыстық ұйымының Алғыс хаттары мен Құр-мет грамоталарының өзі бір төбе. «Asia Racific Region» Халықаралық сертификатының иегері, «Үздік кәсіподақ төрайымы» сертификатының иегері де өзі. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымының мүшелері – ұстаздардың талай байқауларда топ жарып, жүлдегер болып оралуы да Ғайнидің мерейі.
Өзі қызмет ететін №1 Көкшетау құрылыс-техникалық колледжі директорының берген мінездемесінде: «Ғайни Өмірбайқызының педагоги-калық кредосы – «Оқытушы мен оқушының бірлесіп жұмыс істегені – үздік білім үдерісінің кепілі», сондықтан оның сабақтары оқытудың әртүрлілігімен ерекшеленеді. Педаго-гикалық қызметінде алуан түрлі әдістерді шебер меңгерген ұстаз туындаған мәселелердің шешімін табу тәсілдерін шебер қолдана біледі. 2011 жылы «Диктанттар жинағы» атты авторлық еңбегі басылымға шығарылды. Осы оқу құралы 2-ші халықаралық әлеуметтік-педагогикалық инновациялар жәрмеңкесінде сертификатқа ие болды. 2015 жылы қазақ тілі мен әдебиеті сабақтары бойынша электронды оқу-әдістемелік жинағы жүйеленді», – деп жазылыпты. Бұл – ұстаз еңбегіне берілген жақсы баға.
Ал, Ғайни өзі жайлы жазған эссесінде: «Кез келген баланың проблемасы ұстаздың жүрегін ауыртады. Ата-ананың да, шәкірттің де жанын жараламау үшін әр мәселені байыппен шешкен жөн. Сонда ғана мақсатыңа жете аласың», – деп жазыпты. Өзінің шығармашылық есебінде: «Қазақ тілін оқыту барысындағы негізгі мақсатым – жеке-бағдарлық білім жобасын іске асыру, яғни модульдік технологияны оқыту, әдіс жобасы, шағын топ жұмысы, жұптық алмасу болып табылады. Әсіресе, ғылыми-әдістемелік жұмыстар маңызды орын алады. Сабақта оқушыларым түрлі жаттығулар, тест сұрақтарына жауап беру, сөзжұмбақ шешіп, бір-бірімен диалогтар құрып, ойындарға қатысып, диктанттық мәтіндермен және қызықты грамматика бойынша білімін жетілдіреді» – дегені ұстаздың өз жұмысына деген қызығушылығын білдіреді. Үнемі ашық сабақтар өткізіп, кіріктірме дәрістерге қатысатын Ғайни Өмірбайқызы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің облыстық әдістемелік кеңесінің төрайымы да болып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында білімін тереңдетіп жүр-ген тыңдаушыларға «Қазақ халқының қонақ-жайлылығы», «Ұлттық
ойындар жаңғыруда. Асық ойыны» атты он-лайн сабақ өткізіп, мұғалімдердің республикалық сайысында 2-ші орын алды. Өткен жылы республикалық ғылыми-зерттеу конференциясында «Тұщы қамыр. Кітірлекті дайындау» жұмысы «Ең үздік жоба» аталымы бойынша жүлделі орынға ие болды.
Ғайнидің шәкірттері жыл сайын колледж ішінде өтетін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің олимпиадаларында
жүлделі орындардан көрі-ніп жүр. Әсіресе, өзге ұлт өкілдерін тәрбиелеп, олардың қызығушылығын арттыру үшін әрдайым өз білімін жетілдіріп, заманауи әдістемелік құралдармен танысып отыруды әдетке айналдырған. Тіл апталығы аясында ашық сабақтармен қатар, әдеби көріністер, сахналық қойылымдар дайындап, колледж басшылығы тарапынан лайықты бағасын алып келеді. Мұнымен қоса Ғайни Өмірбайқызы республикалық, облыс-тық және қалалық басы-лымдарға мақалаларын жариялап тұрады. Осылайша тынымсыз тірлікпен табысқа ұмтылады.
Қарапайым өмірде Ғайни – бір шаңырақтың ұйытқысы, аяулы ана, асыл жар. Сексеннің сеңгіріне шыққан қайын енесімен тату-тәтті ғұмыр кешіп, қолын жылы суға малып отырған ибалы келін. Ол кісінің ақылы мен пара-сатының арқасында шаңы-рақты шашау шығармай, ұқыптылықпен ұйытып отыр. Марқұм қайын атасының тәрбиесін көп көріп, батасын алған. Ең бастысы, кісі күтуді үйренген. Сыйластықты бала жасынан жадына түйіп, кейін өз отбасына сіңірген. Жан жары Маратпен бір қыз, бір ұл
тәрбиелеп өсіріп, солар-дың қызығына бөленуде. Әңгімеміз тәмамдала келе, Ғайни қазіргі жұмыс кестесі өзіне ұнайтынын айтты. Өйткені, үйінде оны асыға күтіп отырған қарт анасы бар. Ол кісінің ыстық шайын демдеп, сырласып, жаңалықтармен бөлісу күнделікті әдеті. Ал, ертеңгі күнгі қарбалас тірлік қайта басталғанша тындыратын шаруалар көп.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс