Ғалым мұрасы насихатталуда
Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин музейінде Кеңестер Одағының Батыры, академик, педагог, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығына, қоғамдық қызметіне арналған «Мәлік Ғабдуллин – ұлы дала мақтанышы» атты альбом-кітаптың тұсаукесері өтті.
Бұған дейін жерлес ғалымның этнопедагогика және әдеби мұрасын насихаттаған 11 томдық жинағы жарық көрген болатын. Тұсаукесер рәсімге облыс әкімі Мәлік Мырзалин қатысып, альбом-кітапты музейге тарту етті.
Өңір басшысы айтулы шараның маңызына тоқталып, жерлес ғалымның артында қалған мол мұрасының кейінгі толқынға үлгі болатынын айтты. Сондықтан музейге келушілерге кеңірек мағлұмат беретін альбом-кітап уақытында шығарылып отыр. Ол Алматы қаласындағы «Алтын кітап» баспасынан 1000 данамен жарық көрген. Баспаның директоры Вячеслав Титенев рәсімге арнайы келіп қатысты. Ол академик-ғалымның өмірінен жас толқын өзіне қажеттісін алып, болашағын айқындай алады деді. Шара барысында жазушы Жабал Ерғалиев, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек те сөз алды. Альбом-кітаптың тұсаукесер рәсіміне астаналық ғалымдар, көкшетаулық қаламгерлер, әдебиеттанушылар және ғалымның туысқандары қатысты.
Өз тілшіміз.