Ғашықтар күнін салтанатпен атады

Қазақстанда да соңғы жылдары ғашықтар күнін атап өту дәстүрге айнала бастады. Бұған дейін «әулие Валентинге» табынып, бір-біріне жүрекшелер сыйлап келген жастар енді махаббаттың символы – Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың сезімі мен құштарлығына тәнті болып, соларға ұқсап бағуға тырысуда. Сәуірдің 15-і Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күніне арналған жастардың акциясы өтті. Қалалық әкімшіліктің қолдауымен оны ұйымдастырушы – қалалық жастар ресурстық орталығы.

Бұл күні ұлттық ойындар ойналып, викториналық сұрақтар қойылды. Ғашықтардың таусылмайтын жырын жас ақындар ана тілінде жырлап, көпшілікке үлгі болды. Онлайн байқауға қатысатын өлеңдер наурыз айынан іріктелген екен. Махаббат жырын әдемі өрнектеген Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 4-ші курс студенті Серғазы Қайырболды жеңімпаз деп танылды. Халық шығармашылығы орталығының жанынан құрылған «Талант» клубының жетекшісі Мерген Тоқсанбайдың идеясымен аталған өлеңге 31 арнаның жергілікті тілшілері бейнебаян түсірді. Ол қазір әлеуметтік желілерге тарап кетті. Жақсы бастамаға жақсы пікірлер айтып жатқандар көп.
Ғашықтар күні Көкшетау қаласында осымен 5-ші рет атап өтілді. Ондағы мақсат – жастарды қазақ ауыз әдебиетіне жақындату. Ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен қауыштыру. Қозы Көрпеш-Баян Сұлудың бір-біріне деген сүйіспеншілігін, ар тазалығын үлгі ету. Олардың бойына отбасылық құндылықтарды ұялату. Ғашықтар күні атап өтілетіні туралы хабарландырулар әлеуметтік желі арқылы тез тарады. Құлағдар болғандар бірден қалалық саябаққа жиналды. Таза ауада серуендеп жүрген жастар акция барысында ұйымдастырылған шараларға қатысып жатты. Олардың қатарында түрлі викториналық сұрақтар, ұлттық ойын «Қыз қуу» көрініс тапты. Сондай-ақ, ғашықтардың ойын түріндегі неке қию рәсімі жастарды қызықтырды. Арнайы пошта жұмыс істеп, куәліктер мен ұлттық стильдегі открыткалар табыс етілді. Бізді қызықтырғаны «Көкшетау. Көктем. Махаббат» онлайн байқауы болды. Оған қатысқан 15 жас ақын ғашықтық сезім, махаббат, көктем туралы өлеңдерін оқыды. Биылғы мерекелік шараның айтулы оқиғасы қалалық демалыс және мәдениет паркінде «Ғашықтар ағашының» орнатылуы. Бұл шараға Көкшетау қаласының ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Андрей Подгурский қатысып, жастарға өзінің ізгі тілегін жеткізді. «Ғашықтар ағашына» алғашқы болып құлып ілген екі жас биыл өздерінің шаңырақ көтеріп, үйленетіндіктерін де жасырмады.
Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күнін «Достар» мәдениет сарайының ұжымы да ұйымдастырды. Олар жастардың басын қосып, тартымды кеш өткізді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанынан құрылған «Аналар кеңесінің» қолдауымен қалалық қазақ кітапханасы осы тақырыпқа арналған «Қос шынар» атты әдеби-музыкалық салон ұйымдастырды. Оған қатысқан Ләйлі-Мәжнүн жұбы қазақ жастарының биік талғамын, Қалқаман-Мамыр жұбы қазақ жігітінің тапқырлығы мен алғыр-лығын, Еңлік-Кебек жұбы қазақ жігітінің намысқойлығын, өжеттілігін, Қыз Жібек пен Төлеген жұбы қазақ қызының ибалылығын, қазақ жігітінің имандылығын, Қозы мен Баян жұбы ғашықтардың шынайы пәк сезімдерін жастарға үлгі ете білді. Аталған шараға ақылшы аналар, жастар ресурстық орталығының мамандары, «Әдеби Көкше әлемі» мен «Ғибрат» клубының мүшелері қатысты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс