Ғылыми озық технологияға сүйенеміз

Жарлының байлығы –
денінің саулығы.
Тазалық – саулық негiзi,
Саулық – байлық негiзi.
                     Халық даналығы.

 Көкшетау қалалық емханасы – кең көлемдегі медициналық қызмет түрін көрсететін, тәжірибелік, ғылыми-негізделген және әлеуметтік-бағдарланған әдіс-технологияларды қолданатын денсаулық сақтау мекемесі. Ол озық үлгідегі ұйым, әрі медициналық қызметтің үздік халықаралық стандарттарына сай жұмыс істейді.

1989 жылы қараша айында ашылған мекеме өңірдегі ірі денсаулық сақтау мекемесі саналады. Өткен жылы сыртқы кешендік баға және комиссияның шешімімен 3 жылдық мерзімге аккредитациядан өтті. Бүгінгі таңда емханада 608 адам жұмыс істейді, оның 92-сі дәрігерлер, 336-сы орта медицина қызметкерлері. Дәрігерлердің категориясы барлары 57,1 па-йызды, медбикелердің арасында 53,8 пайызды құрайды. Емхана көрсететін басты қызмет түрі – Көкшетау қаласының тұрғындарына бастапқы медициналық-санитарлық және консультативтік-диагностикалық көмек. Емдеу мекемесі ересектер мен балаларға 15 мамандық бойынша қызмет көрсетеді. Атап айтқанда: кардиолог, ревматолог, эндокринолог, инфекционист, офтальмолог, стоматолог, отоларинголог, невропатолог, травмотолог, уролог және т.б. Негізгі құрылым бөлімшелері мынадай №1, №2 терапевтік бөлімше, №2 отбасылық денсаулық орталығы, медициналық тексеріс, физиотерапиялық бөлімшелері, клиникалық-диагностикалық зертханасы, сәулелік диагностика және функционалдық диагностика бөлімшелері. Жаңадан құрылған мамандандырылған бөлімшелер мен дерттің алдын алу мен жүйкеәлеуметтік көмек бөлімшелері өзінің жұмысын атқарып жатыр. Емхана ауысымында 806 адамға лайықталған. Бүгінгі таңда бізде негізгі диагностикалық зерттеулердің бәрі дерлік жүргізіледі. Атап айтқанда: рентген, ЭКГ, ультрадыбыстық зерттеу, ФГДС, спирография, ЭЭГ, ЭХОЭГ, автоматтандырылған анализаторлармен зертханалық диагностика жасау. Сандық флюорография енгізіліп, иммундық ферменттік анализатор, маммографиялық қондырғы, электрлік энцефаллограф, тредмил-тест, қысым мен жүректі холтермен мониторлау, компьютерлік периметрия мен ретиналды томограф және эксперт класты ультрадыбыстық қондырғылар жұмыс істейді. Емдеу мекемесінде 12 денсаулық мектебі ашылған. Соның арқасында қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуына тосқауыл қойылды. 76 адамға лайықталған күндізгі стационар бар. Онда науқастардың тез сауығып кетуіне барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, амбулаториялық-дәрі-дәрмекпен қамтудың жаңа моделі негізінде дәрігердің рецепті бойынша тегін препараттар беретін дәріхана жұмыс істейді. 2008 жылдан бастап қан айналымы, кеуденің, тік және тоқ ішектің қатерлі ісігі, көзді шел басуы мен қант диабеті ауруларының алдын алу мақсатында скринингтік тексеріс жасала бастады. Дерттің түрін азайтып, әлеуметтік-маңызды аурулардың, әсіресе, туберкулез, қатерлі ісік санын төмендету үшін жан-жақты жоспарланған жұмыс жүргізіліп жатыр. Емханада кадрлардың біліктілігін арттыру, қайта даярлауға баса мән беріледі. Өткен жылы 47 дәрігер мен 178 орта буын медицина қызметкерлері оқып келді. Жас мамандарды тарту бағытында әлеуметтік пакет қарастырылған. Оларға көтермеақы, жатақханадан бөлме немесе қызметтік пәтер беріледі. Халықтың денсаулығын сақтауға үлесін қосқаны үшін 11 дәрігер «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Олардың қатарында Астана медициналық университетінің түлектері – Г.Дүйсекеева, С.Дәулетбекова, Г.Жамбаева, Б.Әбутәліпова, Б.Уәйісова, Е.Сабатаев пен А.Шәйкеновалар бар. Біздің емхана «Салауатты өмір салты үшін» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды. 2012 жылдың қорытындысы бойынща Көкшетау қалалық емханасы аралас түрдегі 93 емхананың арасынан 4-ші орынға лайық деп танылды. 2013 жылы шаруашылықтың толық түрін қолданатын субьект ретінде «Қазақстанның 2013 жылғы көшбасшысы» атанды. 2014 жылы медициналық ұйымдар арасында облыс бойынша бірінші орын иеленсе, бизнес-рейтинг бойынша жоғары баға алып, «Сала көшбасшысы-2014» құрмет белгісіне ие болды. Дәл сол жылы «Үздік медициналық медбике» республикалық конкурсында біздің қызметкеріміз Жанар Төлеубаева жеңімпаз атанды. 2015 жылы біздің емхана «Сала көшбасшысы-2015» Ұлттық сертификатын иеленді. Міне, осындай жетістіктермен біз өзіміздің төл мерекемізді қарсы алып отырмыз. Алдағы уақытта да халықтың денсаулығын жақсарту жолында талмай еңбектене береміз. Төл мереке қарсаңында барлық медицина қызметкерлерін құттықтап, олардың отбасына бақыт, табыс тілегім келеді.

Суретте: Орталық емхананың функционалды диагностика бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санаттағы эндоскопист-дәрігер Ербол Омарұлы Сабатаевты, 1-санаттағы эндоскопия кабинетінің мейірбикесі Инна Леонидовна Саракатая мен эндоскопия кабинетінің санитары Гулия Ерғалиқызы Таменованы алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, еңбектеріне табыс тілейміз.

Суретті түсірген Вячеслав Губанов.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс