Қадір түнгі тілек қабыл болғай!

Ата дінін ұстанған жамағат Рамазан айының ішінде келетін қасиетті де қадірлі Қадір түнін қарсылады. Алланың ризалығынан үміткер жұрт туған Отаны, ел-жұрты, бала-шағасы, қара шаңырағының амандығын тіледі. Әсіресе, орталықтағы Науан Хазірет атындағы жаңа мешіттегі көрініс көңіл тебіренткендей. Есігін айқара ашқан сәулетті мешітке халық лек-легімен, толассыз келіп-кетіп жатты.

Имамдардың үлкен дайындықпен келіп, тереңнен толғап айтқан ғибадат, уағыздарын да ешкім тыңдаудан жалыққан жоқ. Ораза тұтқан жұрттың мешіт асханасынан ауыз ашып, сәресін ішуге де мүмкіндік туғызылғаны өте қолайлы болды. Мешіт ауласына тігілген он киіз үйдің де көмегі көп болды. Дыбыс ұлғайтқыштың көмегімен уағыз далаға, сол маңайға анық естіліп, көпшіліктің құлақ түруіне де жағдай туды. Дәл осы күні облыс әкімі Сергей Кулагин еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, жалпы ауыз бекіткен жамағатқа арнап ауызашар берді. «Ислам діні – адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа шақыратын дін. Қазіргі уақытта біздің мақсатымыз – дәстүрлі діндеріміз бен салт-дәстүрлерімізді шынайы дәріптеумен бірге жас ұрпақты имандылық пен салауатты өмір салтын сақтауға тәрбиелеу, рухани бірлікке баулу. Баршаңыздың қасиетті Рамазан айындағы және бүгінгі Қадір түні тілеген тілек-ниеттеріңіз қабыл болсын», – деді өңір басшысы ауызашарда сөйлеген сөзінде. Одан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы, Науан Хазірет атындағы орталық мешіттің бас имамы Қанат Қыдырмин облыс әкіміне ризашылығын айтты, оның ел игілігі үшін атқарып жатқан істеріне береке тіледі. Ауызашар аяқталғаннан кейін өңір басшысы Сергей Кулагин орталық мешітке барып, онда жиналған қауымды Қадір түнімен құттықтап, ізгі тілектер айтты. Жалпы ораза тұтқан, тілек тілеген жұртқа дастарқан жайып, киіз үйлер тігіп, тағы басқа қолайлы жағдайларға қол ұшын созған кәсіпкерлерге, жанашыр азаматтарға мың да бір алғыс. Олардың бәрі де бұл жақсылықтарын Алла ризашылығы үшін істеп, өз аты-жөндерін атамауды өтініпті. Ендеше, оларға Алла разы болсын, ал барша қауымға, әрине, қасиетті Қадір түні тілеген тілектеріңіз қабыл болғай, демекпіз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс