Қажырлы еңбегімен ілтипатқа бөленгендер

Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қадамы мақаласында атап көрсетілгеніндей, қажырлы істерімен ел дәулетін еселеп, ортақ іске сүбелі үлестерін қосып жүрген адамдарды мадақтап, құрмет көрсету – басты парыз. Жерлестерінің ыстық ілтипатына бөленіп жүрген красноярлық Кеңес Көкішев пен Александр Ежов нақ осындай сыйлы жандар.

«Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі», – дейді халық даналығы. Ал, «Еңбекпен еккен бәйтерек, тер тамса солмайды» деген бабалар сөзі бізді алға жетелейді. Заман көшінің алға басуына, ел дамуына, ұйытқы болатын нар тұлғалы азаматтар аз емес. Осы қағиданы ұстана отырып, ардагерлер қозғалысының 30 жылдығы аясында Краснояр қалалық кітапханасы мен ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен 19 сәуірде Красный Яр селосының байырғы тұрғындары Кеңес Задыкенұлы Көкішев пен Александр Александрович Ежовқа арналған кеш өткізілді. Саналы ғұмырын құқық саласына арнаған заң қызметкері Кеңес Задыкенұлы 1937 жылы Көкшетау қаласында, ал, Александр Александрович Ежов болса, 1952 жылғы 10 шілдеде Көкшетау ауданы, Еленовка селосында дүниеге келген. Инженер мамандығы бойынша Александр Александрович әр салада лауазымды қызмет атқарып, елінің қошеметіне бөленді. Ол әлі де еңбектен қол үзген жоқ. Шараға қатысқан №3 Краснояр орта мектебінің жоғары сынып оқушылары мен №3 агротехникалық колледждің студенттері өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып тұшымды жауап алды. Краснояр селолық округі әкімінің орынбасары Ардақ Таскынбайұлы мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Бабаназар Мұқашев өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, кеш қонақтарына сыйлықтар тарту етті. «Көкше» мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Шолпан Мұхамеджанова,
Краснояр қалалық кітапханасының кітапханашысы.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс