Қажыр мен қайраттың үлгісі

Аға ұрпақ өкілі өмірдің талай соқтықпалы, соқпақты жолынан өтіп, қиындықтар мен кедергілерді кідірмей еңсерді. Аштық пен жалаңаштықты, өмір мен өлім арпалысқан соғысты, жоқшылық пен тоқшылықты көрді. Замана желі қалай соқса да, ағысы қай жаққа бұрса да қарсы аға білді. Олар басына қиындық түскен сайын ширықты, шынықты, шымырлана түсті. Қуана да білді, күйіне де білді. Бойында бар қасиеті – еліне адалдығы, халқын шексіз сүюі, сенімге селкеу түсірмеуі. Осыдан 30 жыл бұрын елімізде соғыс және еңбек ардагерлері ұйымы құрылды. Осы жылдар ішінде ұйым республикадағы ең ірі қоғамдық бірлестікке айналды. Қазір оның құрамында 1 миллион 845 адам бар. Ұйым еліміздегі зейнеткерлердің мүддесін қорғайды. Ардагерлер ұйымының мерейтойы Көкшетауда да кең көлемде атап өтілді.

Облысымыздың қалалары мен аудандарынан келген ардагерлер делегациясы және мәртебелі меймандар Көкшетаудағы Абылай хан алаңына жиналып, үш жүздің басын қосқан ұлы тұлға ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиналғандар одан кейін ақырын аяңдап, аллея бойымен «Көкшетау» мәдениет сарайына қарай беттеді. Облыстық орыс драма театрында өткен салтанатты жиында көптеген маңызды мәліметтер айтылды. Ардагерлер ұйымының 30 жылдығымен және Жеңістің 72 жылдығымен құттықтаған облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғосман Төлеғұл қарт майдангерлердің саны 459-дан 115-ке дейін, тыл ардагерлерінің саны 12027-ден 6439-ға дейін азайғанын айтып, өмірден озғандарды бір минут үнсіздікпен еске алуға шақырды. Республикалық ардагерлер кеңесінің тұңғыш төрағасы болып соғыс ардагері Шәңгерей Жәнібеков сайланған екен. Осы жауапты қызмет одан кейін Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовке, қоғам қайраткерлері Мақтай Сағдиевке, Қайырбек Сүлейменовке, Өмірзақ Озғанбаевқа сеніп тапсырылыпты. Ал, қазір «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігіне мемлекет қайраткері Бақытқожа Ізмұхамбетов жетекшілік етіп келеді. Әр басшы осы ұйымның дамуына, елдегі соғыс және еңбек ардагерлерінің құқығын қорғауға, елді мекендердегі жұмысының жандануына сүбелі үлесін қосты. Осындай қозғалыстардың алдыңғы қатарында Ақмола облыстық ардагерлер ұйымы саналады. Қазір оның құрамында 110 029 мың зейнеткер бар. Олар 887 ұйымға мүше 17 аудандық және 2 қалалық ардагерлер кеңесі қанатының астында.
Көкшетаудағы облыстық ардагерлер кеңесі 1987 жылы құрылып, оған майдангер, Социалистік Еңбек Ері Николай Нижников жетекшілік еткен еді. Сондай-ақ, осы абыройлы қызметті талай жыл басқарғандардың қатарында Мұзафар Жұмағожин, Иван Шендрик, Мағауия Исмағанбетова, Чапай Әбутәліпов те бар. Бұл ұйым қашанда қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып, өңірге басшылық еткен билік басындағы азаматтарға ақылшы болып, жас буынды отансүйгіштік пен елін қастерлеуге үйретіп келеді. Қай салада болмасын ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіледі. Қазіргі күн тәртібіндегі мәселе – мемлекеттің болашағын айқындайтын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мән-мағынасын халықтың санасына жеткізу. Біздің бас-ты мақсатымыз аға ұрпақ өкілдерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың өмір жолында жиған білімдері мен тәжірибесінің пайдасын ескеріп, жастарға адамгершілік және патриоттық тәрбие беруде кәдеге жарату, – деді өз сөзінде Ғосман Төлеғұл.
Биыл 1568 шара ұйымдас-тырылып, оған 24334 адам қатысқан. 29 Пленум, 127 президиум және 45 актив отырысы өткен. 2016 жылы 9015 ардагердің өмір сүру деңгейі анықталып, 1201 зейнеткерге шипажайларға жолдама берілген. Ардагерлер түрлі спорттық, мәдени шараларға, акцияларға қатысады. Сондықтан олардың белсенділігі қашанда бағалануы тиіс делінді жиында.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Мәлік Мырзалин 7 аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасына Алғыс хаттар табыс етті. Бұл күні, сондай-ақ, «Ардагерлер қозғалысына белсенді қатысқаны үшін» Құрмет белгісімен «Ардагер» қорының бас директоры Марат Жұмабеков, еңбек ардагері Тельман Мұқышев марапатталды. Орталық Кеңестің құрмет грамотасы, дипломы, алғыс хаты бірнеше ардагерге табыс етілді. Мерекелік медальмен бастауыш ұйым, кеңес мүшелері, барлығы 18 адам марапатталды. Облыстық кеңестің құрмет грамотасы және алғыс хаты белсенді зейнеткерлерге табыс етілді.
Ардагерлердің салтанатты шарасына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов қатысты. Кеш патриоттық ән-дерден құралған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс