«Қазанаттағы» этноауыл кешені

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде көпшіліктің көңілін табудың бір жолы – мәдени демалысты сәтті ұйымдастыру. Осыған орай қазақтың қонақжайлығы мен өнерін таныту үшін үш айда қандай қызықтар болмақ? Опера, балет, көрме, спектакль, мюзикл, концерт, фестиваль, спорттық іс-шаралар… Бір сөзбен айтқанда, көрме кезінде бас-аяғы 3500-ге жуық мәдени шара ұйымдастырылмақ екен.

Шетелдік қонақтар мен елордалықтар аумағы 2500 шаршы метр жерді алып жатқан «Қазанат» ипподромынан еліміздің ұлттық дәстүрін ұлықтайтын «Этноауыл» этно-мәдени кешенін тамашалайды. Көшпелілер өркениетінің ордасы келушілерді таңдай қақтырары сөзсіз. Бұрын Астананың туған күні қарсаңында ұйымдастырылса, бұл жолы сәні мен салтанаты бөлектеу болады. Өткенге саяхат жасап, нағыз көшпелілердің өмірін көрсету үшін 24 киіз үй тігіледі. Сол дәуірдің рухы мен тұрмыстық сипатын 11 сектордан тұратын бірегей этникалық кешен шынайы жеткізбек. Әр адам сол киіз үйдің біріне тоқтап, нағыз көшпелі халықтың тұрмысын сезіне алады. Сонымен «Этноауыл» аясында еліміздің сәндік қолданбалы өнерін паш ететін 10 киіз үй құрылады. Ол «Қолөнершілер» ауылы деп аталады. Шеберлер киіз басып, кілем тоқиды. Кесте тігіп, зергерлік пен ағаш өнерін ортаға салып, терінің қалай өңделетінін таныстырады. Келушілерге қыш және қару-жарақ түрлері ұсынылады. Қонақтар киіз үйдің айналасынан нағыз қазақ өнерін сезіне алады. Кәдесый ұсынатын шебер қазақтың қолөнер бұйымдарының жасалу жолын үйретіп, шеберлік сабағын өткізеді.
Ал, «Ұлттық салт-дәстүр» секторында ғажайып үйлесім тап-қан қазақ халқының салт-дәстүрі көрсетіледі. Яғни, баланың дүниеге келуі, шілдехана, тұсау кесу, қыз ұзату, бала тәрбиесі, қазақтың қонақ қабылдау ерекшелігі, ұлттық мерекелер және тағы басқа тұрмысымызға енген маңызды сәттер кеңінен таныс-
тырылады. Сол сияқты, шығыс базары аталатын «Жібек жолы» ауылында қазақ даласы арқылы дамыған сауда-саттыққа маңыз берілмек. Кезінде Жібек жолы арқылы батысқа, Еуропаға жібек, қару-жарақ, дәрі-дәрмек саудасы кеңінен таралған. Мыңдаған керуен жолға шығып, айырбас сауданың іргесі қаланғанын білеміз. Көрме кезінде сол саудагерлердің бейнесін бүгінгі саудагерлер басады. Оларға сауда жасайтын арнайы орындар бөлініп, дүңгіршектер қойылып, қайнаған нағыз шығыс базарын көрсету көзделіп отыр. Қазақ үшін аң атып, саят құрудың сайраны бөлек десек, «Ұлттық аңшылық түрлері» секторында қазақ жігіттерінің батырлығы мен біліктілігі, жауынгерлік өнері мен шабандоздығы шыңдалады. Көрмеге келген қонақтар «Бес қарудың» әдісін меңгеріп, «Жекпе-жек», «Аударыспақ» сынды қазақтың қоян-қолтық ұрысын, садақ ату, қылыштасу түрлерін іс жүзінде көреді. Киіз үй жанында аң аулағанда аңшының серігіне айналған тазы, төбет, бүркіт, сұңқар секілді ит-құстың тәлімбағы болады. Сонымен қатар «Дәстүрлі қазақ асүйі мейрамханасы», «Демалыс аллеясы, «Концерттік аймақ» және «Цирк аймағы» секторларында да қызыққа толы бағдарламалар ұсынылып, ипподром аумағы дүбірлі тойдың думанына айналмақ.

«Астана Балет ЕХРО GALA» бірегей бағдарламасы

23 маусым күні «Астана Балет» театры «Астана Балет ЕХРО GALA» атты ерекше бағдарлама ұсынады. Бұл бағдарламаға отандық және шетелдік хореографтардың үздік қойылымдарынан үзінділер енгізілген.
Дәлірек айтқанда, концерттің бірінші бөлімінде Э.Пиаф, Ч.Дюмонт және Ж.Брельдің музыкасына бельгиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» атты бір актілі балеті көрсетіледі. Екінші бөлімде көрерменге «Ұлы дала мұрасы» атты бағдарлама ұсынылады. Ол хореографиялық миниатюра сипатында құрылған. Онда Ұлы даланың бойында болған оқиғалар баяндалады. Ал, үшінші бөлімде Хекель Таварестің музыкасына қойылған бір актілі «Gaia» балеті көрсетіледі. Оның қоюшы-хореографы, жарық пен костюм суретшісі – Рикардо Амаранте. Айта кетейік, Gaia – заманауи хореография тілімен баяндалған жер шары туралы жан тебірентер оқиға. Сонымен қатар бағдарлама аясында «Кармен», «A Fuego Lento/Баяу жалын» атты бір актілі балеттер мен ұлттық стильде қойылған «Арулар», «Әсем қоңыр» хореографиялық миниатюралары көрсетіледі.

Дайындаған Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс