Қазағымның жыры сенсің, домбыра!

Елбасының Жарлығына сәйкес еліміздің түкпір-түкпірінде мерекеленген Ұлттық домбыра күнін кең көлемде көкшетаулықтар да атап өтті. Алаңда қазақтың киелі аспабында өнерпаздар халыққа кең танымал «Көңіл ашар», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Адай» күйлерін орындап, көпшіліктің көңілін бір серпілтті. Біржан сал атындағы музыкалық колледжі мен Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің оқытушылары мен студенттері концерттік бағдарламасын ұсынды. «Шеберлер ауылының» тұрғындары түрлі заттан жасалған қолөнер бұйымдарын ұсынып, мастер-класс өткізді. Алаңда орналасқан қазақтың киіз үйі мен оның жабдықтары, музыкалық аспаптары бейнеленген фотосалондарда тұрғындар суретке түсуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, қаладағы бірнеше автобус бағыттарында домбыра ұжымдары жолаушыларға күмбірлеген күй мен әсем әндерін тарту етті. 

Мерекелік шара Арқаның сал-серілері Ақан сері мен Біржан сал ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, осы өңірді әсем ән мен күйдің құндақ бесігінде тербеген тұлғалардың рухына тағзым етуден басталды. Көкше десе – Ақан сері, Көкше десе – сал Біржан, Көкше десе – Үкілі Ыбырай аты аталады. Білектілер мен жүректілер десе – Балуан Шолақ пен Қажымұқан аталады. Сал-серілердің сегіз қырлы, бір сырлы болғаны рас. Олар домбырасын қолынан тастамай, ауыл-ауылды аралап, ән салып жүрген. Жай әндер емес, өздері шығарған әндерін. Оны өнер сүйер қауым бірден жаттап алып ауыздан ауызға таратқан. Үнтаспа жоқ кезде де өнер десе ішкен асын жерге қоятын халық жыр тыңдап, ән айтудан бойын аулақ салған емес. Сол игі дәстүр ғасырларды көктей өтіп, әлі күнге дейін өзінің өміршеңдігін жойған жоқ. Ал, Елбасының жақында ғана қабылдаған Жарлығы сал-серілердің сенімді серігіне айналған қасиетті домбыраны құрмет тұтуға жол ашты.  Көкшетауда бұл күні қаланың әр түкпірінде бас-аяғы 500-ден астам өнерпаз көпшілік алдында елге етене таныс күйлерді орындады. Бұдан бөлек, қоғамдық көліктер мен теміржол вокзалында да ұлттық аспап күмбірледі. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, бұл күні көкшеліктердің көңіл-күйі көтеріңкі болды. Орталықтағы Абылайхан және Тәуелсіздік алаңдарында таңнан бері күй ойнап, рухты асқақтатын туындылар орындалып жатты. Мұнда келген халық алдымен «Ғасырлар пернесі» домбыралар көрмесін тамашалады. Бұл жерден ұлттық аспаптың түр-түрін көруге болады. Арасында, тіпті бір ғасырлық тарихы бар  ұлттық аспаптар да жетерлік. Әсіресе, танымал тұлғалардың домбыраларына деген қызығушылық зор. Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Абзал Балтабаев: – Бұл жерде тұрған әр домбыраның өзінің сан түрлі тарихы бар. Мысалы, мына домбыраны Мәлік Ғабдуллиннің немере ағасы Дәлден өз қолымен жасаған. Бұл аспаптың бір ғасырлық тарихы бар. Екінші тұрған домбыраны Мәлік Ғабдуллинге белгілі композитор ағамыз Бақытжан Байқадамов өзі сыйға тартқан. Ал, бұл домбыра кезіндегі халық ақыны, айтыс өнерінің майталманы Көкен Шәкеевке тиесілі, ол осы Көкшетау өңірінің тумасы. Қазіргі бар қазақтың ақындарына үлгі, өнеге болып жүрген, мектеп болып жүрген Көкен Шәкеев атамыздың домбырасы. Мына қолымда тұрған домбыра сол Ақан серілердің соңғы серісі Сәкен сері Жүнісов атамыздың домбырасы. Қасиетті аспап. Бұл домбыраны да біз мақтан етеміз» – дейді әр аспаптың тарихына тоқталып. Тәуелсіздік алаңындағы домбырашылардың қатысуымен өткен салтанатты мерекелік іс-шара көкшетаулықтарды еріксіз тәнті етті. Онда бір мезетте 100 күйші атақты күйлерді орындады. Бұл күні, сондай-ақ, теміржол вокзалы, сауда ойын-сауық орталықтары, дем-алу алаңқайлары секілді қаланың қоғамдық орындарында да домбырашылар флэшмобы өткізілді. Тіпті, автобустарда да күй ойналды. Мерекелік шаралар тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да күні бойы өткізілді. Ал Көкшетауда кешкісін жастар домбыра-пати шарасына жиналып, күй шертіп, ән шырқаудан сайысқа түсті.

Г.БӘЙІШЕВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий