Қазақстанда Жастар жылы басталды

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынып, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын. Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Қаңтардың 23-і күні елімізде Жастар жылы басталған күн болып тарихқа енді.

Мемлекет басшысы Астанада «ЭКСПО-2017» көрме кешеніндегі «Нұр Әлем» павильонында өткен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында: «Ең негізгі жетістік – сендерді, жас буын қазақстандықтарды тәрбиелеп шықтық», – деді. Президент өз сөзінде осы жүзеге асырылған шаралардың ең негізгісі – жаңа буын екенін атап өтті. «Мен көріп отырған қазақстандықтардың жаңа буыны – Қазақстанның ең орасан жетістігі, Мемлекет басшысы ретіндегі менің жұмысымның нәтижесі. Сіздермен кездесіп отырғаным үшін өте бақыттымын. Мен Қазақстанда Жастар жылының басталуымен құттықтаймын», – деді Елбасы. Президент бүгінгі таңда өмірдің барлық саласы, білім де, жұмыс та, өзара қарым-қатынас та өзгеріп келе жатқанын атап өтті. «Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Менің буыным мектеп оқып жүргенде, әсіресе, ауылда теледидар да жоқ еді. Радио енді ғана шыға бастаған еді. 100 жыл тарих үшін тым қысқа уақыт. Қазір бәрінің 10 жылдың ішінде қалай өзгеріп жатқанын көре беріңіз. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы өз сөзінде сол себепті жастар бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы екенін тілге тиек етті. «Аллаға шүкір, біз әлемнің дамыған елу елінің қатарына ендік. Бірақ, бұл әлі де аз. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында бәсеке қыза түсті. Креативті буыны бар мемлекет жеңімпаз болып шығады. Мен бұл жігерді Сіздерден көріп отырмын», – деді Елбасы.
Жастар жылының ашылуына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келген. Шара барысында Елбасы ауылға жұмыспен барған жастардың жәрдемақысын көбейтіп, жас ғалымдардың гранттарын арттырып, «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуді жүктеді. Еліміздің ірі қалаларында жастар үшін жылына бір мың пәтер салынатыны да айтылды. Сондай-ақ, Президент жастардың бастамаларын қолдайтын арнайы қор құру қажет деді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий