Қазақстандық ұлттық жобаға ақмолалықтар да атсалысуда

Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінде электр қуатын өндірудің балама жолдары: күн, су, жел, ауа арқылы энергия алу қарастырылған. Бұл, біріншіден, әлемдегі және өз еліміздегі электр қуаты тапшылығын жою жолындағы ізденіс болса, екінші жағынан бұл – ауаның лас-тануына тосқауыл қою, экология қорын сақтау. Сол себепті Астана көрмесіне әлем елдерінің ықыласы зор. Қазірдің өзінде 100-ден аса мемлекет пен 10 халықаралық ұйым өтініш білдіріпті.

ЕРЕЙМЕНТАУ ВЕТРОВАЯ

Жоспар бойынша көрме құрылысы биылғы жылдың қыркүйегінде толығымен аяқталуға тиіс. Содан кейін көрме нысандарын мазмұндық тұрғыдан толықтыру ісі басталады. Құрылысқа барлығы 7421 адам және 444 бірлік техника тартылған. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең қызған шағы. Келесі жылдың басында көрмеге қатысушы мемлекеттер өз павильондарын жасау мен монтаждау жұмыстарын бастайды. Көрме құрылысына еліміздің 300-ге жуық кәсіпорны, 10 мыңнан аса жұмысшы тартылған. Қазіргі күні аймақтармен келісім жасалып, сол өңірлерде өндіріліп жатқан құрылыс тауарлары алынуда. Айталық, Ақмола облысынан «ЭКСПО-2017» құрылысына 16 кәсіпорын қатысуда. Өңірдегі кәсіпорындардың бәсекелестікке қабілеттілігі жоғары және көрмеге қатысуға мүмкіндіктері зор. Осы орайда, облыс әкімдігі мен «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясы және аймақтағы кәсіпкерлер мен көрменің бас мердігерлері бірлесіп меморандумға қол қойды. Жергілікті кәсіпорындар құм, кірпіш, қазан, құбыр, металл құрылымдары, өрт сөндіру құралдары, жылу жүйелері, өлшеу аспаптары, темір-бетон, ағаш, гранит, травертин бұйымдары, геотоқыма, тіпті кәдесыйлық сызғыш сияқты экспозицияда қажетті материалдардың барлық сегменттерін ұсынып отыр. «АБК Кұрылыс-1» компаниясы автоклавты газды бетоннан блоктар шығаратын «Жаңа Сервис-2014», қаптауыш керамикалық кірпіш шығаратын «ENKI» және темір-бетон бұйымдар өндіретін «РегионСтрой» серіктестіктері бірігіп, үшжақты шарт жасасты. АФФ «Mabco construction s.a.» және құрылыс материалдарын шығаратын облыстың ең ірі бес кәсіпорны қатарына кіретін Көкшетаудағы «Тыныс» акционерлік қоғамы, «Тұрмыстық химия зауыты» және «Интергранитстрой» серіктестіктері де көрме үшін жұмыс істеуге дайындығын білдірді. «Сембол Иншаат» акционерлік қоғамы ақмолалық күйдірілген кірпіш өндіретін «Бошан», металл құрылымдарын өндіретін «ЦентрПласт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен және электр қуатын есептейтін құрылғылар шығаратын «Көкше» акционерлік қоғамымен меморандум жасасты. «Бұл көрме – елдегі құрылыс және өңдеу материалдарын өндіру ісін ілгерілетіп, жаңа технологияларды игеруге, туризм саласын дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір тауар өндіруші аталмыш шараға қатысуға мейлінше ынталы. Бүкіләлемдік көрмені өткізу бірінші кезекте қаланың сәулет-құрылыс өнеркәсібін көкке көтереді, қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындары ашылады, қонақжайлылық қасиет қанатын жаяды. Ең бастысы, «ЭКСПО-ның» арқасында қазақстандық нарыққа алдыңғы қатарлы құрылыс технологиясы келеді, отандастар энерготиімділікке, экологияға көңіл бөле бастайды, жақсы өмір сүруге бұрынғыдан да гөрі талпына түседі. Маңыздысы, «ЭКСПО» үшін жасалған инфрақұрылым көрмеден кейін де пайдаланылып, табыс әкеліп, инвестицияны қайтаруға қызмет етеді.
Сол себепті де көрме аумағын келешекте халықаралық қаржы орталығы ретінде пайдалану да осы мақсаттан туындап отыр, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров.
Дүниежүзілік көрменің Ақмола өңіріне тигізер басты пайдасы туризмді дамытуға да даңғыл жол ашатындығында. – Өйткені, көрмеге келетін қонақтар тек Астана қаласымен шектелмей, Бурабай курортты аймағына да атбасын бұратын болады. Осыған орай туристік салада қонақүйлер мен демалыс үйлерді көбейту үшін 42 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың кешенді бағдарламасына сай, табиғаттың осы бір інжу-маржанында үлкен жұмыстар атқарылып, «Қазақстан Швейцариясының» шет жерлерге танылар күні де сәтімен таяп келеді. Мемлекет басшысының өзі зор сенім білдіріп, бұрнағы жылы ашылған «Ріxos-Бурабай» қонақ үйі – сол ертеңгі баянды істердің алғашқы қарлығаштарының бірі. Бұл қонақүй жыл сайын 500 мың қонақ қабылдай алады. Көрме аясында Бурабай курортындағы су қоймалары тазартылып, туристер тұратын қалашықтар үшін қонақүй кешендері тұрғызылуда. Өңірімізде 100 үйді қамтитын «Этноауыл» мәдени-туристік кешенінің құрылысына экологиялық «Болашақ энергиясы» тақырыбына сай таза материалдар пайдаланылуда. «ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстанның экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына үлкен серпін берері сөзсіз. Сол себепті біз «ЭКСПО-2017» көрмесінде шетелдік меймандарға өзіміздің туристік орындарымызды көрсетуге ынталылық танытудамыз. Целиноград, Аршалы, Қорғалжын аудандарында этноауылдар құру жөніндегі инвестициялық жобалар жүзеге аспақ. Астана-Ерейментау аралығындағы жол құрылысы қарқынды жүргізіліп, Щучинск-Зеренді, Астана-Қорғалжын автожолдары жөндеуден өткізіледі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде ағылшын тілін жақсы меңгерген туристік агенттер даярлануда», – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов.
Жалпы, әлем елдері бұл көрмеге қатысуға ерекше құлшыныс білдіруде. Сырттан қаржы тартудың арқасында Астана маңындағы қалалардың инфрақұрылымы жетілдіріліп, көрме нысандарын салу кезінде он мыңдаған жұмыс орындары ашылады. Қоғамдық тамақтану, бөлшек сауда, электронды коммерция, қонақүй және туристік бизнестің бәріне отандық өндірісшілер мен компаниялар тартылып отыр. Түйіндей келе айтарымыз, «ЭКСПО-2017» көрмесі қазақ елінің мүмкіндігін әлемге әйгілеп, мемлекетіміздің беделін өсіретін халықаралық деңгейдегі маңызды шара болмақ.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс