Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы

Қазіргі таңда елімізде Қазақстан Республикасының Педагог мәртебесі туралы Заңы қабылданғаннан бері Педагогтерге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы тағайындалып,Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар ұлағатты ұстаздар еліміздің білім беру саласына сіңірген ерен еңбегі үшін мемлекеттік наградамен марапатталды. Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент- мүшесі Ахат Нұртас Ахатұлына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.

Ұлағатты ұстаз, көреген басшы Нұртас Ахатұлы өзінің ғұмырнамалық тарихында ғибраттық мәнді қолтаңбасын қалдыруды мақсат тұтқан жан. Өз өмірімен шәкірттеріне шамшырақ бола білген ұстаздың жүріп өткен жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі. Білім саласындағы еткен қызметінің абырой биігінен көрініп келе жатқан Нұртас Ахатұлы өз ұстаздық жолын 1987 жылдан Ақмола облысы, Зеренді ауданының Ақан орта мектебінде қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бас-тайды. Кейіннен сол мектепте директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. 1990 жылы жаңадан ашылған Көкшетау қазақ педагогика училищесіне ауысып, тәрбие ісінің меңгерушісі, 1992-1993 жылдары директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. 1993 жылдың қазанында педагогикалық колледждің директоры қызметіне тағайындалып, аталған қызметті абыроймен атқарып келеді. Нұртас Ахатұлының шебер ұйымдастырушылық талғамы, тиімді шешімдер қабылдай білу ерекшелігі, еліміздің мамандар даярлау ісіне қомақты қосып келе жатқан үлесін өзіне лайықты құрметпен атап өтуге болады. Білім ордасының осы 30 жылда республикамыздың техникалық және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының арасынан оза шығып, көш басынан көріне білуі оған айғақ. Атап айтсақ, Н.Ахатұлының идеясымен ұлттың ұлылығын танытатын «АР» формуласы рух, намыс, сана, тіл, сенім категорияларынан тұратын рухани ұлтжандылыққа толы «АР-НАМЫС» руханият клубы, «Айбын» әскери-патриоттық клубы, «Томирис» рухани-патриоттық қыздар клубы, «Кербез» мәдени-интеллектуалды қыздар мектебі ашылып жетістіктерін көрсетуде. 2018, 2019, 2020 жылдары, қатарынан үш жыл оқу орнымыз техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін, сапалы мамандар даярлау деңгейін анықтау мақсатында Қазақстан Рес-публикасы Білім және ғылым министрлігінің «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ өткізген рейтинг нәтижесінде оқу орны гуманитарлық-экономикалық бағытта мамандар даярлайтын колледждер арасында (29 колледж) жоғары ұпайды көрсетіп, І орынды иеленіп келеді. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық бизнес орталығының ранжирлеуі нәтижесінде білім ордасы «Жыл лидері» атанды. Нұртас Ахатұлының стратегиялық жоспарлау қабілеті мен басқарушылық дарындылығының арқасында бүгінде колледж облыс қана емес, республика көлемінде алдыңғы қатарлы озық техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны ретінде танылып отыр.
Сұңғыла басшы, сарабдал азаматтың қалыптасу жолының өзі ғибратқа толы. 2004 жылы сәуір айында «Орынбай Бертағыұлының шығармашылығы» атты кандидаттық диссертация жұмысын Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің диссертациялық кеңесінде қорғап, филология ғылымдарының кандидаты атағын алады. 2014 жылдан Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі.
«Шығармашылық жұмыс – ізденімпаздықтың кілті» демекші, түрлі деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, ғылым жаңалықтарымен бөлісіп отырады, бірқатар еңбектердің авторы. Атап айтсақ, Нұртас Ахатұлының авторлығымен 1996 жылы «Тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық педагогика мәселелері», 2001 жылы «Орынбай ақынның әдеби мұрасы», 2008 жылы «Алаштың Алмас ақыны» монографиясы, 2010 жылы «Қос арна», 2014 жылы «Қазақтың ары – честь казаха», 2016 жылы «Сөз және сурет» еңбектері жарыққа шықты. Сонымен қатар, көптеген облыстық, республикалық, халықаралық марапат иегері.
Кемел ойлы кемеңгер бола білген ұстаз бойындағы нағыз қазақ азаматына тән ыстық қайрат, нұрлы жүрек кез-келген жанға үлгі боларлықтай қасиет деп білеміз. Елі үшін жасап келе жатқан елеулі еңбегі мемлекет тарапынан еленіп келе жатқанын нұр үстіне нұр деп түсінген абзал. Ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтап, жас ұрпаққа қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде насихаттап келе жатқан білікті басшы Нұртас Ахатұлына Отанымыз – Қазақстан Республикасының гүлденуі жолындағы және білім саласында атқарып жатқан қызметінің биігінен көрінуінде табыс тілейміз. «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҰСТАЗЫ» құрметті атағының иегері атануымен шын көңілден құттықтаймыз! Аталған марапат иесін тапты деп білеміз!

Данагүл Ілияс,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасары.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий