Қазақтың Мақтайы

Көкшетауда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Мақтай Сағдиевтің туғанына 90 жыл толуына арналған қоғамдық жұртшылық өкілдерінің жиыны өтті. «Ел ардағы, ер саңлағы – Мақтай Сағдиев» деген тақырыппен ұйымдастырылған қоғамдық жиынға еліміздің белді азаматтары, қызметтес әріптестері, достары жиналып, Мақтай Рамазанұлының зор қайраткерлік тұлғасы, адамдық және азаматтық тұрғыдағы жарқын бейнесін еске алды, елге сіңірген еңбегін тілге тиек етті.

1929 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында туған Мақтай Сағдиев жаста-йынан қара жұмысқа араласып, кейіннен көптеген басшылық қызметте болды. Атап айтсақ, Соколов және Жамбыл аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Торғай облысы атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Қазақ КСР Балық шаруашылық министрі, Қостанай облысы атқару комитетінің төрағасы, Көкшетау облысы партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, Қазақ КСР-і Президенттік кеңесінің мүшесі және Қазақ КСР-і Президенті жанындағы Азаматтық жөніндегі комиссияның төрағасы қызметтерін атқарды. 1991 жылдан Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы орталық кеңесін басқарды. Ал, 1999-2004 жылдар аралығында Парламент Мәжілісінің депутаты болды.

Айтулы жиынды Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев ашып, жүргізіп отырды. Көпшілік назарына ұсынылған абзал аға туралы қос бейнефильм де өздерінің мазмұн-дылығымен әр жүректі өшпес әсерге бөлей түсті. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова жиналғандарға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың жылы лебізін жеткізіп, Мақтай ағамыздың ғибратты ғұмыры жазылған құттықтау хатты біртуар тұлғаның қызы Ғалия Мақтайқызына тапсырды. «Мақтай Сағдиев облыстың бірінші басшысы болып тұрған кезінде өңірді өркендету орайында ерен еңбек атқарды. Рес-публика басшылығында, Қазақстанның ардагерлер ұйымын басқарған жылдарда игі ісімен, ізгілігімен елге кеңінен танылды, абырой арқалады. Халқымыздың ардақты перзенттерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Мақтай Рамазанұлы Сағдиев осы мамырда көзі тірі болса тоқсанның төріне шығар еді. Ол жаратылысынан адал, әділ, рухани тазалықты, қоғамға, елге адалдықты, әр адамның жеке басын сыйлауды ұстанған пейілі ақ, жүрегі сезімтал, бүкіл болмысы, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, кішіпейілдігі көз алдымызда биіктеп тұратын», – деген жерлес жазушы,
ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қорғанбек Аманжол өз баяндамасын Мақтай ердің азаматтық қасиетін, бейбіт күндегі бір батырлығын толғаған «Мақтай-маршал» өлең-балладасымен түйіндеді. Жазушы Мақтай ағаның соңғы 20 жыл ғұмырының бедерінде ол кісінің сыйлас, сырлас бір жақын бауы-
рына айналып, «Ғибраты мол ғұмыр» сериясымен деректі кітап жазды.

Мақтай Рамазанұлы 1985-1989 жылдары Көкшетау облысын басқарды. Яғни, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Бұл кездері Көкшетау өңірінің экономикасы нығайды, өнеркәсібі мен мал шаруашылығы қарыштап алға басты, деп еске алады шараға қатысушылар. Мақтай Сағдиев білікті басшы, тамаша ұйымдастырушы ретінде аграрлы өңірді Қазақстандағы алдыңғы орындардың біріне шығарды.  «Қазақтың белгілі ақыны Ғафу Қайырбеков “атақты атығайдың жолбарысы” деп жырға қосатын Мақтай Рамазанұлын елге танытқан, халқының сүйіспеншілігіне бөлеген де оның жоғары орын-дардағы ұзақ жылдар бойғы қызметі, лауазымы емес, осындай биік азаматтық тұғыры, заман ағымында көмескіленбей әрдайым тот баспайтын саф алтындай жарқырап көрінетін адамгершілік қасиеті болса керек. Әйтпесе, ел құрметіне билікте жүргендіктен бөленді дейтіндей Мақтай Рамазанұлы өмірінде мансап қуған, лауазымды орынға қызыққан адам емес қой. Ел басқарып, ірі қызметтерді атқаруды, халыққа қамқор болып, әділ де шыншыл басшы болуды оған тағдырдың өзі жазыпты. Мұндай ауыр жүкті абыроймен сүрінбей арқалап, ұсақ-түйек қызыққа, мансапқа елікпей, тура жолдан таймай өту текті адамдардың қолынан ғана келеді», – деп тебіренді көкшелік қаламгер Айдос Әбутәліпов.

Шарада әр жылдары бірге қоян-қолтық еңбек еткен үзеңгілес достары мен шәкірттері – Еңбек және партия ардагері Айдархан Темірбаев, Қазақстан Рес-публикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрғын Сыздықов, «Евразия» телеарнасының басшысы Светлана Жалмағамбетова, еңбек ардагері Болат Жанәділов, өлкетанушы Ғалым Мұсатай, еңбек ардагерлері Қымбат Мұстафина, Әнуарбек Сағитов Мақтай Сағдиевтің еңбек жолы, азаматтық болмысы, біліктілігі мен іскерлігі, ой-өресі мен парасаты жайында кеңінен баяндай келе, басқа да қызықты оқиғалар мен жайттар туралы тартымды әңгімелердің тиегін ағытты. «Сынаптай сырғып өтіп жатқан уақыт басымыздан кешкен небір оқиғаларды, өмір сүрлеуінде кездескен талай адамдардың есімдерін електен өткізгендей екшелеп, саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған тұлғаларды ғана қалдырып, қалғандарын жадымыздан өшіріп тастайды ғой. Тіпті, кейде ұзақ жылдар бойы қызметтес болған жандардың өзін есімізде сақтай бермейтініміз де содан болар. Халқымыздың “Тау алыстаған сайын биіктей түседі” деп тегін айтпағанын осындайда түсінесіз. Осындай кесек тұлғалардың бірі де бірегейі, көзі тірісінде есімі дүйім елге танылған мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Мақтай Рамазанұлы Сағдиев деуімізге әбден қақымыз бар. Мұндай адамдар фәни дүниеден өтсе де, бейнесі жарық жұлдыз болып бүгінгілердің көңіліне нұр құйып тұрады екен», – деп толғанды Еңбек және партия ардагері Айдархан Темірбаев. Сондай-ақ, осы рәсімде сөз алған Мақтай Рамазанұлының қызы Ғалия да әкесі жайында естелік айтты.

Шара соңында қаты-сушыларға Мақтай Сағдиев туралы фильм-дер көрсетіліп, естеліктер топтастырылған жинақтар мен жазушылардың кітаптары таратылды. Ерен тұлғаның 90 жылдығына орай тағы екі кітап жарыққа шықты.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий