Қазақтың қайталанбас бір ғажабы!..

4 шілде – КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақ ССР-і Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың туғанына 90 жыл

Иә, Ермек Серкебаев қазақ ән өнеріндегі, бәлкім әлемдегі қайталанбас ғажап әнші еді. Оның үні ешқашан ұмытылмайды, құлақтан кетпейді, көңілден өшпейді. Ол ешқашан тат баспас асылымыз, өнер көгіндегі өшпес жұлдызымыз.

Бүгінгі оның тоқсан жылдығы тұсындағы шағын мақаламызда оның өмірбаянын тізбелеуді артық көріп отырмыз. Өз сүйікті әртісінің өмір жолын жұрт онсыз да жатқа біледі емес пе?
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген рас-ау. Ол құлашын кеңге жайып, қолтығындағы шағын республикаларға мұрынын шүйірген Кеңестер Одағының халық әртісі, Кеңестер Одағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, сол күрделі мемлекеттің Алтын Жұлдызды, Социалистік Еңбек Ері болды. Олар қанша шалқайып, қанша шіренсе де Серкебаевтай саңлақ алдында дәрменсіздік танытқандай. Ол алмаған атақ, жетпеген дәреже жоқ. Өйткені, оның талантына тосқауыл қою немесе оны бағаламау мүмкін емес еді. Оны тек Кеңестер Одағының ғана емес, әлемнің талғамды тыңдаушысы да, арнайы мамандары, небір танымал тұлғалары да талассыз мойындап, таңдай қаққан емес пе?! Мойындамасқа шара бар ма еді?! Небір тас жүректі жібітпес пе еді, оның ғажайып дауысы?! Сөйткен ағамызды, сөйткен ерекше қабілетті ағамызды көзі тірісінде, тұшынып тыңдап, рахат пен ләззат шуағына кенеліп тыңдадық па? Әрине, тыңдадық. Дегенмен, енді, ол жоқта дауысына бұрынғыдан да ерекше сезіммен, елең етіп құлақ түре қалатынымыз шын. Не деген ғажайып дауыс!.. Лирикалық баритон!.. Кеңдігі қандай! Мүмкіндігі қандай, мынау жазира даланы елестетер жаратылысы бөлек дауыстың!.. Қазақтың өрлігі, батырлығы, биіктігіне қоса кең пейіл мейірбандығы, сезімталдығы, не бір асыл қасиеті тұнып тұрған жоқ па, осы дауыста! Қазақтың ақ қар жамылған биік-биік шыңдарын, адуынды асау өзендерін, гүлзар бақтары мен мөлдіреген айна көлдері мен сылдырлап аққан сұлу бұлақтарын көргендей болмайсыз ба, оны тыңдай отырып. Ағалық қамқорлығын, әкелік мейірімін сезінбейсіз бе, қазақтың?! Қайта-қайта тыңдап, өз халқыңның таланты мен қасиетіне тәнті боп, жаның жадырамас па?!
Америка Құрама Штаттарына гастрольдік сапармен барған бір жолы оны бір миллионер концертінен кейін үйіне қонаққа шақырыпты. Әбден риза болып, сол ризашылығын оған құрмет жасап, білдірмек ниетте. Қонақтықтың бір сәтінде қолқалаумен Ермек ағамыз фортепиано «құлағына» отырады. Тамылжытып, бір ән орындайды. «Мұны жазған пәленбайыншы ғасырда өмір сүрген пәленбай деген кісі». Тағы бір әннен кейін: «Мұны шығарған пәленбайыншы ғасырда ғұмыр кешкен пәлен деген атамыз», одан кейін бір ән шырқап «Бұл қазақтың халық әні» деп таныстырады. Әлгі жерге жиналған америкалық зиялы қауым өкілдері Ерекеңнің ерекше дауы-
сына бір таң қалса, қазақ халқының өнерпаздығы мен биік талғамына тағы бір таң қалады. Сөйтіп, талантты ұл мұхиттың арғы жағындағы жұртқа өз халқын жарқыратып тұрып таныстырып қайтады. Ойды, өрені көрмейсіз бе?!
Әкесі Бекмұхамед әдебиет пәнінің мұғалімі, ұлы Мағжанмен дос-жар, тілектес, білімдар адам болыпты. Табиғи дарынына шаңырақта көрген тәрбие игі әсер еткені сөзсіз. 1941 жылы П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінің скрипка класына оқуға түсіп, музыкалық аспаптардың ішіндегі ең бір қиын түрін игеріп, нәзік иірімдерін меңгерсе, кейін Қазақ радиосында диктор болып, ғажайып дауысының бояу-бедерін эфир арқылы тыңдарманға жеткізудің шеберіне айналады. Осындай жолдармен дами, өсе келе атақты музыкант Мұқан Төлебаевтың ықпалымен Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының ән бөліміне түседі. Содан кейін өмір бойы осы ән жолындағы ізденістерден ауытқымайды. Тұңғыш орындаған партиясы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы Абай. Мамандардың айтуынша бұл партияға Абайдың серігі болып жанында жүретін Көкбайдың партиясын орындаумен келген көрінеді. Ал, мамандар тағы да Көкбай рөлі ұлы Абай әлеміне енетін дайындық сатысы екендігін айтады. Ол сол дайындық алаңына маңдай терін сіңіріп өткен. Оған дейін Абайды әйгілі әнші Р.Абдуллин ойнаған. Оны аяқастынан алмастыру керек болғанда Ерекең орнын жоқтатпай шығып, айтып жүре береді. Сөйтсе, алдындағы үлкен асу, биік белеске ол іштей дайындалып, жинақталып жүреді екен ғой!.. Бұл жерден сол үйдегі өнегенің, мықты тәрбиенің, тәртіптің ізін көреміз. Ұстаз-әке тәрбиесі оның болашаққа соқпақ салуына ізгі ықпал еткендей. Табиғи талантты ол зор еңбекпен жетілдіруден бір талмаған. Мұндай мінез де екінің біріне бұйырмас қасиет.
– Осы Көкшетаудың базарынан бала күнімде шешем гармон алып берген, –деген бірде Көкше сахнасында тұрып. Көрермен дүр сілкініп, дүркірете қол соққан. Ұлы әншінің осы өңірдің де суын ішіп, ауасын жұтқаны, өздерінің жерлестері екендігі әр көңілде мақтаныш, қуаныш сезімін оятқан.
«Өмірің өз қолыңда,
Өмірің өз қолыңда…» деп, созған сұлу да сазды, мақпалдай жұмсақ, жаз түніндей жылы даусы құлақта. Ән мәтіні, тіпті ән де әмсе, өзінің көкірегінен әрқайсымызға құйылған ағалық нұры, айтқан ақылы, қамқорлығы іспетті. Ойға бөгесің, сенесің. Сөйтесің де ақылгөй аға, қайталанбас әншіні іздейсің, үнінің әр қалтарысына ден қоясың. Шынында да, жақсы болу да, жаман болу да, бай болу, немесе, кедей болу да, ауру не сау болу да әрқайсымыздың өз қолымызда емес пе? Оның өзі де тек қана талантына сенген жоқ, маңдай теріне де сенді емес пе? Ол туралы айтар сөз сарқылар ма? Шіркін, Ермек ағамыз шын мәнісінде қазақтың маңдайына біткен жұлдызы, қайталанбас бір ғажабы еді ғой!..

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс