Қазақтың ұлттық буын биі

Алмат Құмаржанов – кәсіби хореограф. Жасының нешеде екенін айтпайды. Аппақ тістерін көрсете, әдемі күледі де қояды. Қимылы ширақ. Үнемі қимыл-қозғалыста жүргендіктен, дененің құрысуы мен тырысуы дегенді түсінбейді. Қартаймайтыны да содан. Сахнаға шыққанда бәрін ұмытып, тек шығармашылық шабытта жүреді. Өзі Алматы қаласында тұрады. Бір күнде бірнеше оқу орнына барып, сабақ береді екен. Бірақ әр білім ошағының бағыты мен тәрбие алып жатқан балаларының ерекшеліктерін ескереді. Мінезі жұмсақ, кісіге жақын, әңгімешіл. Би өнері туралы айтудан жалықпайды. Тәртіппен жүреді. Талап қойғыш. Кешігіп қалу дегенмен қаны қас. Көкшетау қаласына бұдан бұрын да жолы түсіп, Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған «Ақмола жұлдыздары» байқауының гала-концертінің сахналық қойылымын жасаған. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған прологты дайындауға арнайы шақырылыпты. «Дос-тар» мәдениет сарайында шеберлік сабағын берген Алмат Құмаржанов биші топтарды бір-бірімен сабақтастырып, мазмұн жалғасын тауып отыруына қол жеткізуді көздейді.

DSC_1274

«Көкшетау» газеті: Алмат Мүшелбайұлы, өзіңізді би өнеріне алып келген ұстаздарыңыз жайлы айтып кетсеңіз.
Алмат Құмаржанов: Би өнеріне мені Болат Аюханов, Дәурен Әбіров, Зауыр Райбаев, Жанат Байдыралин баулыды. Мен ол кісілерді өзімнің тікелей ұстаздарым санаймын. Биді бүге-шігесіне дейін білетін мамандардан алғаным көп. Өнер академиясында оқығанда маған сабақ берген Меңтай Тілеубаевтың орны бөлек. Кезінде ол кісі де Көкшетауға келіп біраз жұмыс істеген. Өкінішке орай, өмірден озды. Сол ұстаздарымның ізін жалғастырып жүрген жайым бар.
«Көкшетау» газеті: Сіздің негізгі бағытыңыз ұлттық билерді үйрету ғой. Ендеше қазіргі уақытта қазақтың биі еркін дами алмауының себебі неде?
Алмат Құмаржанов: Өзім Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің білім және хореография кафедрасында сахналық, классикалық және қазақ биінің теориясы мен әдістемесінен сабақ беремін. Біз ол жерде көркемөнер үйірмесінің жетекшілерін даярлаймыз. Дәрістерді бере жүріп, мен қазақ биіне көп көңіл бөлемін. Бізде тұратын ұлттар өзінің биін ерекше насихаттайды. Ал, біз олардан әлі кенже қалып жатырмыз. Мені осы өкіндіреді. Өкінішке орай, қазақтың қара домбырасының әуеніне салынған билерді жас өскінге үйрете алмай келеміз.
«Көкшетау» газеті: Біз ес білгелі «Қамажайды» билеп өстік. Ал, ұлдарға арналған билерді мүлдем білген емеспіз.
Алмат Құмаржанов: Ашығын айтқанда, жетпіс жыл бойы біз қазақта би өнері дамымаған деген пікірмен жүрдік. Қазақ халқында ұлдарға арналған бидің болғанын шеттен көшіп келген қандастарымыз дәлелдеді. Олар өздерімен бірге буын биін алып келді. Оны «Қара жорға» деп атап жүр. Қазақ халқы көшпелі өмір сүргені бәрімізге белгілі. Олардың тәулік бойы аттан түспей жүретін кездері де болған. Сондықтан аттан түскен кезде дененің әр мүшесін буын биі арқылы қалпына келтіріп отырған. Олар аюдың, қасқырдың, жыланның, түлкінің, тіпті құстардың, оның ішінде бүркіттің қимылдарын көрсете білген. Тіпті, тасқа басылған көне таңбаларда да бар. Өкінішке орай, қыздардың биі де жақсы дамымаған. Егер бұрынғы одақтас республика халқын алсаңыз, олар негізінен өздерінің биін ғана насихаттап келді. Бұл – үлкен саясат. Оның негізі отбасында қаланады. Би үйірмесінің жетекшілері осы қағиданы мықтап ұстауы керек.
«Көкшетау» газеті: Осы ретте көкшетаулық би ұжымдарына нені үйретіп жатқаныңызды білсек деп едім. Нақты мақсатыңыз қандай?
Алмат Құмаржанов: Менің Көкшетауға келуімдегі мақсат – Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған үлкен мерекелік шараның би бөлігін әрлеу. Сондықтан «Арай» мен «Іңкәр» би ұжымдарының басын біріктіріп, қазақтың дәстүрлі билерін үйретіп жатырмын. Онда халықтар достығы да насихатталады.
«Көкшетау» газеті: Соңғы жылдары би өнері қаншалықты жетілген? Жаңалықтар енгізіліп жатыр ма?
Алмат Құмаржанов: Әрине, бұдан бұрын да әр өңірде аты дүркіреп тұрған би ұжымдары болды. Мысалы, бір ғана «Көкшетау» ансамблін алсақ, кезінде шетелде де өнер көрсеткен ұжым. Қазір әр мәдени ошақта өзінің би ұжымы бар. Үйірмелер жұмыс істеп жатыр. Мектеп бағдарламасына ырғақ сабағы енгізіліп жатыр. Ол 1 мен 4 сынып аралығында жүреді. Сонымен қатар флэш-моб деген шығып жатыр, ол да ұжымдасып, би қимылдарын бірге атқаруға негіз салады.
«Көкшетау» газеті: Шәкірттеріңізден нені талап етесіз?
Алмат Құмаржанов: Ең алдымен, ұстаз өзінің шәкірттерімен тез тіл табысып кетуі тиіс. Олармен залға кіргеннен бастап, сабақ аяқталғанға дейін қарым-қатынаста болу шарт. Кіші топ пен орта топтағы балалардың жас айырмашылығына сәйкес қандай би қимылдарын үйрету қажеттілігі түсіндіріледі. Қазақтың биі болсын, классикалық биі болсын, әрбірінің шығу тарихын, оның нені бейнелеп тұрғанын, қандай мақсат көздейтіндігін балаға айту керек. Тіпті, костюмді дұрыс кие білуі де маңызды. Би үйірмесіне келіп жүрген бала сахнаға шыққан кезде ол шәкірт емес, әртіс екендігін сезінуі керек. Үстіне киген киімі жып-жинақы болуы тиіс. Мысалы, қазақтың бүрмелі немесе етікпен киетін етегі қысқа көйлегін айтамын. Сондықтан ашық-шашық емес, халық алдына шыққаннан кейін жауапкершілікті білген жөн.
«Көкшетау» газеті: Бишілердің жеке концерттері неге өтпейді? Жастар эстрада жұлдыздарын жақсы таниды, бірақ бишілердің есімдерін мүлдем білмейді деуге болады. Осының басты себебі неде?
Алмат Құмаржанов: Эстрада әншілерін дәріптейтін негізгі арна – теледидар. Өкінішке орай, ең қымбат уақыт: 17.00-ден 21.00-сағат арасы десек, дәл осы кезде түрік пен үндінің телехикаялары ұсынылады. Көрермендер соған әбден үйреніп алған. Неге сол уақытта өзіміздің бишілерімізді дәріптемеске? Дәл осы үрдісті көкшетаулық арна да енгізе алады.
«Көкшетау» газеті: Соңғы кездері әншілердің артында билеп тұратын бишілер көбейіп кетті. Олар не үшін қажет? Осы көрініс арқылы бидің құны түсіп кеткен жоқ па?
Алмат Құмаржанов: Оныңыз шындық. Біз бұл жағынан ресейлік әншілерден үйренуіміз керек. Мысалы, Валерий Леонтьевті немесе Лайма Вайкулені алайық, олар жанындағы бишілерімен бір композиция құрап, бірге билейді. Көрерменге бұл үлкен әсер етеді. Ал, сыртында билеп тұрған бишілермен әншінің байланысы болмаса олардың не қажеті бер. Мүлдем түсініксіз. Осы жағынан, әрине, кемшіліктер көп. Дегенмен мұның бәрі уақыт өте келе түзеледі деп ойлаймын. Мен қазақ биінің болашағына сенемін. Өзгелерді де сендіргім келеді.
«Көкшетау» газеті: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс