Қазақы мінез Көкшетау!

…Әлі де қала мен қала халқының қазақылығына көңілі толмайтындар баршылық. Дегенмен, сонау қазағы он бес-жиырма пайызды ғана құраған жетпісінші, сексенінші жылдарғы Көкшетаумен салыстырғанда көш ілгері екеніміз рас. Ол кезде қоғамдық көлікте, көпшілік орындарда қазақ тілін құлағың шалмайтын. Көшеде ұлттық болмысыңды селт еткізер нышан некен-саяқ болатын.

Қазір ше? Шоқандай шынарыңның, Абылай, Қанай би, Кенесары, Наурызбай сынды біртуар шешен-би, батыр-бағландарыңның атында көшелер бар. Ұлы Абайыңның, Ахмет, Әлихан, Мағжан, Сәкен сияқты саңлақтарыңның, Ақан, Біржан, Үкілі сияқты сал-серілеріңнің атындағы көшелер алдыңнан шығып, еңсең көтеріледі. Алаңыңда Абылай отыр, оған таяу кешегі өткен Мәлігің мен Талғатың тас тұғырда тұр. Бұрын бой көтерген, қазір жақсы күтімдегі Ақан, Біржан, Шоқан ескерткіштері сол қалпында. Қарсы жолыққанның дені қаракөз, тілі – өзіңнің ана тілің. Баған басындағы радиодан, қоғамдық көліктердегі хабарламалардан алдымен мемлекеттік тілде мәлімет біліп, марқаясың.
Мәдениеттің маңызды бір ошағы Қазақ драма театры қия шетте емес, қақ ортада. Дәстүрлі әншілері әуелетіп ән салып, ұлттық оркестр күмбірлетіп күй төгер облыстық филармония залы көрерменсіз емес. Жазба ақындары жүлдені алып, айтыс ақындары аламанға түсіп жатады. Жақында ғана облыс әкімінің қолдауымен алты бірдей ақынның кітабы жарық көрді. Атшабарында сәйгүліктер желмен жарысады. Ондайда, есіңе Құлагер түседі! Ең үлкен мәдениет сарайы да өзге атаудан құтылып, «Көкшетау» атанған. Одан үлкен, өскелең ұрпаққа бүгінгі талапқа сай қызмет көрсетер жаңа ғимарат – «Болашақ сарайы» бүгін-ертең ашылмақ. Жаңадан салынған, жолы сайрап жатқан көркем де келісті шағын аудан «Сарыарқа» деп аталады. Көк тіреген көркем үйлер үстінде «Інжу», «Сыр сұлуы», «Гауһар» деген атаулар көз сүйсінтеді емес пе? Драма театрының алдына қойылған домбыра ескерткіші ше?! Бойыңдағы қазақы қаныңды қыздырып тұрған жоқ па!
Қамданып, Ресей мен Қазақстан президенттері қатысуымен өтетін 17-ші өңіраралық форумға дайындалып, қонақ күткен Көкшетау соңғы жарты жылда күрт жаңарды! Астана мен Көкшетаудың арасын жалғаған күрежол-автобан, оның бойындағы Балуан Шолақ, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Кенесарыға қойылған ескерткіштерді көріп көңілі өскен жолаушы, Көкшетаудың кеш түссе самаладай жарық, кең қақпасына келіп кірмек! Қала күтімі, сән-салтанаты сол тұстан-ақ аңғарылады. Ал, кейінгі айлардағы екпінді жүрген құрылыс Көкшетауды, тіпті күрт өзгертті. Жолдардың бәрі жөнделіп, жиек-маңайы жарқырап тұр. Шаһардың етегін шайып, іргеде жатқан Қопа көлін жағалай орналасқан, бұдан жүз жыл бұрын салынған көне үйлер сүріліп тасталып, орнына жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Көлді жағалай жаяу жүргінші мен велосипедшілерге, автокөлікке жол, амфитеатрлар салынды. Қалқып келіп қайық тоқтар пирстер, жайлы жағалаулар жасақталды. Футбол, баскетбол, скейтборд алаңдары, небір гимнастикалық снарядтар қойылды.
Мұның бәрі Көкшенің қонақ қабылдар қазақылығының белгісі, достықты, татулықты қадірлеген қазақылықтың нышаны. Форум өтіп, қонақ кеткен соң да салынған нысандар қызығын қала халқы көрері сөзсіз ғой. Ал, көл жағасындағы спорттық снарядтардың, әсіресе, үлкендер үшін пайдасы мол болмақ. Ақы төлеп, артынып-тартынып белгілі бір уақытқа байланып баратын емес, ашық аспан астында, таза ауада, Қопаның ақ көбікті толқындары шуына құлақ түре жаттыққан бір ғанибет емес пе?! Бұл да Көкшенің үлкенін сыйлаған қазақы мінезінің көрінісі дер едім.
Айтпағым, қол жеткен табыс, нәтиже жетерлік. Ендігі мақсат – сол табысымызды одан әрі жетілдіре түсу. Арқаның айтулы ән мектебін, алымды айтысын алқындырмай, көркем табиғатына қамқор болып, қазақы салт-дәстүрін дамыта түсуге күш салуымыз керек. Кемшіліктер жоқ емес, тірнектеп, тізбелесек, ол да табылар. Бірақ, «жоқ та, жоқ» деп аузымызды қу шөппен сүрте бергеніміз жөн болмас. Барымызды баянды қылып, жетіле түсуге жұмылғанымыз дұрыс қой. Бұған үлкен-кішіміз түгел үлес қосуымыз керек.
Ал, сіз ше? Үлкен іске тамшыдай болса да үлес қосып жүрсіз бе?

 

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий