Қазақ дейтін қасқа айғырдың құлыны ем…

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, халықаралық, республикалық айтыстар мен мүшәйралардың жеңімпазы Дәулеткерей Кәпұлы өлеңсүйер қауыммен кездесті. Кештің «Қазақ дейтін қасқа айғырдың құлыны ем…» деп аталуының бір мәні бар. Монғолияның Баян Өлгей аймағында дүниеге келіп, аттың жалына жармасып өскен қазақтың қара баласы жастайынан көкпар тартып, желмен жарысқан жүйріктердің құлағында ойнағандықтан болар, ауыздығымен алысқан арғымақты ерттеп мініп, еркін далада көсіле шапқанды жақсы көреді. Сөздің қасиетіне ерекше мән береді. Сөзде арың, ұятың, азаматтығың, кішілігің мен кісілігің жатыр дейді. Қазақтың төл дыбысы «ң» әрпін айта алмайтын балалардың көбейгеніне қынжылады. Өзін қос мекендімін деп санайды, онысы суырыпсалма және жазба ақынмын дегені. Жергілікті ақын Алмас Темірбай бұл атауға үшіншісін – ғалымдығын қосақтап, үш мекенді деген айдар тақты. Өйткені, Дәулеткерей айтыстан қол үзгелі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жатыр екен.

DSC_1990Кездесуге қазақтың қара өлеңінің құдіретін түсінетін жастар жиналыпты. Алдымен
суырыпсалма өнеріне машықтанып жүрген оқушыларға шеберлік сабағын жүргізген Дәулеткерей сахна мәдениеті, сөз саптаудағы байқампаздық, қарсыласының жеке басын сыйлау сияқты қасиеттер адамның бойында болуы тиіс деді. Ақын ең алдымен көрерменнің бар екенін естен шығармауы керек. Кездесудің жүргізушісі, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Мерген Тоқсанбай бірден тізгінді Дәулеткерейдің өзіне беріп еді, сабырлы да салмақты қалыптан таймайтын жігіт, ақыл-парасатын ортаға сала, әсерлі әңгімесін бастады. Жүрегі «қазақ» деп соғатын азаматтың елдің ертеңіне елеңдейтін елгезек, тілінің тамыры тереңдеуіне тілекші, сөзінің сұйылмауына себепші, жалындаған жастарына жүрегі жақындығына куә болдық. Өлеңдерінде еркін даланың дауылпаз үні, жылқы мінезді қазақтың қажыр-қайраты, ерік-жігері жатыр. Кездесуге келген «Талант» жас ақындар клубының мүшелері ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Бір таң қалдырғаны, өзінің өлеңдері де, өзіне арналған өзге ақынның өлеңдері де Дәулеткерейдің жадында жатталғаны. Жыр оқыған жастардың кідіріп қалған жерлерінде демеу білдіріп, сүйемелдеп жіберіп отырғанының өзі олардың сүрінбеуіне тілекші болғаны деп түсіндік. Айтысуға бейімделіп, жыр жазуға машықтанып жүрген көкшетаулық жастар мен мектеп оқушыларына бағыт-бағдар сілтеуге келген Дәулеткерей Кәпұлына айтыстың аламанында сыналған Мұхамед Қоңқаев арнауын айтса, тәуелсіз «Бұқпа» газетінің директоры Қайыргелді Әкімбеков ағалық ақ тілегін жеткізіп, иығына шапан жапты. Өнердегі қолдаушысы Құдайберлі Мырзабек ақынның текті ұрпақтың өкілі екеніне тоқталып, отбасындағы дұрыс тәрбиенің бастау-бұлағынан сусындаған адамның жақсы азамат болып қалыптасуына негіз бар деді. Ең бастысы, қазақтың коды – сөз екенін ұмытпауға тиіспіз. Кеш соңында ақынға Мағжан Жұмабаев кітапханасының «Құрметті оқырманы» сертификаты табыс етілді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий